503
Маңыздысы - достыққа негізделген қарым-қатынас
Маңыздысы - достыққа негізделген қарым-қатынас
Ақпарат құралдарында Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаевтың мәлімдемесі туралы сан түрлі пікірлер айтылуда. Көпшілік оның айтқандарын елдегі президенттік сайлаумен байланыстыра қарауда. Әрине, бір елдің ең жоғарғы лауазым иесінің мәлімдемесінде Қазақстан жайлы айтылған жағдаяттар мені, білім және ғылым саласының өкілі ретінде толғандырмай қоймады.
Қырғыз-қазақ байланысының тамыры тереңде екені бесенеден белгілі. Мақсатымыз оны талдап, зерттеп-зерделеу емес, біздің айтпағымыз – достыққа, өзара түсінушілікке негізделген сол тарихи байланысымызға көлеңке түсірмей, одан әрі нығайта түсу.
Рас, Қазақстанның достыққа негізделген қарым-қатынастың арқасында қырғыз еліне экономикалық және гуманитарлық салада қомақты көмек көрсетіліп келе жатқанын жұртшылық жақсы біледі.
Сондай-ақ білім мен ғылым саласында атқарылып жатқан бірлескен жобалардың жасалуы өз алдына бір әңгіме. Академиялық студенттер алмасу бағдарламасымен екі елдің көптеген жастары жоғары білім алу жолында дәріс алып, профессор-оқытушы құрамы білім алмасып, әлемдік озық тәжірибелерімен бөлісуде. Жоғары оқу орындарында білікті мамандар мен ғылыми кадрлар даярлауда екі елдің бірлесіп, атқарған еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Бірлескен диссертациялық кеңестерде ғылыми дәрежесін қорғаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары бүгінгі күні қос елдің әлеуметтік-экономикалық даму жолында аянбай еңбек етуде. Осынау қажырлы еңбектің арқасында әр саладан ғылыми мектептер қалыптасып, мемлекеттер әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосуда.
Халықаралық білім кеңістігіне еркін ену мақсатында қырғыз елінің ғалымдарымен бірлесіп халықаралық конференция, симпозиумдер өткізу тұрақты дәстүрге айналған. Екі ел арасында ғалымдардың орныққан жиі кездесулері, олардың жаһандану заманындағы күтілетін тәуекелдерді өзара талқылауы, пікір алмасуы, зиялы қауымның дүниеде болып жатқан өзгерістерге өзіндік үн қосуы қалыпты жағдайға айналған. Сайып келгенде, мұның бәрі екі ел ғалымдарының отандық білім мен ғылымды дамытудағы көзқарастарын айқындайды.
Жоғарыда айтылған мәлімдемедегі мәселелерге ерекше мән берудің қажеттілігі шамалы екендігін ғалымдар жақсы түсінеді. Онда айтылған сөздер ғылыми қауымдастық өкілдерінің келешекте бірлесіп атқарар жұмыстарына әсер етпесіне сенімдіміз. Сайлау да өтер, жаңа президент те сайланар. Тек, жалпы жұртшылық екі ел арасындағы байланыстың беріктігіне, тарихи тамырының тереңдігіне, достыққа адалдығына күмән келтірмесі анық. Маңыздысы – осы!
Кәрімбек Құрманәлиев,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор