213
"АрселорМитталдағы" 6 адам зардап шеккен төтенше жағдайды арнайы комиссия тексереді
"АрселорМитталдағы" 6 адам зардап шеккен төтенше жағдайды арнайы комиссия тексереді
"АрселорМиттал Теміртау" комбинатындағы алты қызметкер зардап шеккен төтенше жағдайды арнайы комиссия тексереді. Істің қорытындысын полицияның тергеу органдарына тапсырады, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Комиссия металлургиялық комбинатта орын алған оқиғаның себебін анықтайды. ТЖ металлургиялық комбинаттың коксхимиялық өндірісіндегі №1 газ құбырында болған. Бұл кокс батарейіне жеткізетін аралас газдың құбыры. Жұмысшылар бітеуіш орнатып жатқан кезде газдың тұтануы орын алады.
"Ол жерде төрт жұмысшы, газ құтқарушысы және кокс цехының шебері болған. Жұмысшылардың барлығы газдан қорғайтын құрылғыға қосылған болатын. Жұмыстарын одан ары жалғастыру үшін бітеуішті орнатып жатқан. Бәрі күтпеген жағдайда болып, жұмысшыларды шетке лақтырып жібереді. Ешқандай жарылыс, бұзылу болмаған. Зардап шеккендер бір сәтке ес-түсінен айырылып қалады. Себебі, газдың концентрациясы өте жоғары болған", — деп түсіндірді арнайы брифинг кезінде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Андрей Маркин.
Жұмыс берушілердің айтуынша, зардап шеккендерді оқиға орнынан бес минут ішінде алып шыққанмен, оның салдарын болдырмау мүмкін болмады. Зардап шеккендердің беті, қолдарын түрлі дәрежедегі күйік шалған. Екі қызметкер газбен уланып, Теміртаудағы ауруханада ауыр хәлде жатыр. Қалғандары Х.Ж.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығында ем қабылдауда. Олардың өміріне төнген қауіп жоқ.
"АрселорМттал Теміртау" компаниясы басшылығының берген мәліметі бойынша, ағымдағы жылы өндіріс орнында 14 қайғылы оқиға орын алған. Олардың бірінде адамдар қайтыс болды. Газ құбырында болған жағдайдың себебін ашып айту мүмкін емес. Оған байланысты құрылған комиссия нақты шешім айтады.