399
Қылмыстық істерді қарау мерзімі қысқармақ
Қылмыстық істерді қарау мерзімі қысқармақ
Қылмыстық істерді қарауда «Бұйрық өндірісі» деген жаңа институт енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Енгізіліп жатқан тағы бір жаңалыққа тоқталсақ, «Бұйрық өндірісі» деген жаңа институт енгізіп жатырмыз. Теріс қылық және аса ауыр емес қылмыстарды қарау мерзімін қысқартуды ұйғардық. Адам кінәсін мойындап тұрса және дәлелдер жеткілікті болса, айыппұлға келіссе, сондай-ақ ешкім дау көтермесе, ондай жағдайда «Бұйрық өндірісі» қолданылады», - деді М. Ахметжанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Оның сөзіне қарағанда, осы орайда ұзақ тергеу мен сот процесін жүргізудің қажет жоқ. «Қылмыстық теріс қылықтар бойынша сот үкімін қоса алғанда, мерзімі - 6 тәулікке дейін болады. Ал ауыр емес қылмыстар бойынша негіз пайда болған кезден бастап тергеу 5 күнде аяқталады. Бұл жерде де біз прокурордың және соттың мерзімін қысқарттық. Енді істі прокурордың тексеру уақыты 3 тәуліктен 1 күнге, сотта істі қарау - 15 күннен 3 тәулікке дейін қысқарады. Сонымен қатар қылмыстық теріс қылықтарға тоқталсақ, олардың құқықтық табиғаты қылмыстан басқа болып саналады. Бұлар бұрын әкімшілік құқық бұзу болған. Оларды қылмыстық істер сияқты тергеп-тексеру жасаудың ондай қажеті жоқ. Ондай істерді сол жерде хаттама жасап, сотқа бірден жолдаған дұрыс. Прокурор сотқа қатысады, сонда өз қорытындысын береді. Онша ауыр емес қылмыстар болса, сотқа тек қана прокурор арқылы барады», - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.