345
Ақтөбеде картоп қат
Ақтөбеде картоп қат
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев картоп бағасын бақылауды тапсырды. Қазіргі уақытта өңірдегі тұрақтандыру қорына 370 тонна картоп сақтауға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бүгін 9 айды қорытындылады. Тұрақтандыру қорына азық-түлік сақтау, әлеуметтік дүкендер ашу жұмысын қолға алған корпорация қазір көкөніс сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Еліміздің оңтүстігінен көкөніс тасымалдағандар қорға 370 тонна картоп, 45 тонна пияз жеткізген.
Жергілікті шаруалар да өз өнімдерін тапсырып жатыр. Барлығы 32 миллион теңгеге көкөніс сатып алынды. Қазіргі уақытта көкөністер «Табыс» коммуналдық базарында және 22 әлеуметтік дүкенде сатылып жатыр. «Картоп мәселесі туындады. Таяу уақытта картоп бағасы еттен қымбат болуы мүмкін. Біз өзімізді 100 пайыз картоппен қамтамасыз ете аламыз, бірақ бізде баға жоғары.
Жыл өткен сайын көкөніс өсіру аумағы кеңейіп келеді, бірақ тапшылық әлі болып отыр. Жиі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу керек. Жақын арада бәрі қалпына келуі тиіс»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жиын кезінде картоп тапшылығының негізгі себебі айтылды. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің айтуынша, Өзбекстан еліміздің оңтүстігі мен Ресейдің картобын өзіне тасымалдап жатыр. Ал Өзбекстанның көкөнісін өзге ел сатып алуда. «Олар бұрын көкөністі шекара асыруға шектеу қойған болатын. Қазір бұл шектеу жоқ. Сондықтан картоптың бәрі сол жаққа кетіп жатыр»,- деді М.Абдуллин. Есеп бойынша, қазір тұрақтандыру қорындағы картоп әлеуметтік дүкенде келісі 60-90 теңгеден сатылып жатыр.