436
Шетел елшілері Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыс етті
Шетел елшілері Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын табыс етті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші болып тағайындалған бірқатар шетелдің дипломатынан сенім грамотасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Эстония Республикасының Елшісі Хэйти Мяемеэс, Ауғанстан Ислам Республикасының Елшісі Кадам Шах Шахим, Польша Республикасының Елшісі Селим Хазбиевич, Канада Елшісі Николя Бруссо, Финляндия Республикасының Елшісі Микко Кивикоски, Бельгия Корольдігінің Елшісі Алекси де Кромбрюгхе де Пикендаель, Франция Республикасының Елшісі Филипп Мартинэ сенім грамотасын тапсырды.
«Бүгін сіздер үшін еңбек жолдарыңыздың жаңа кезеңі басталып отыр. Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыз табысты болады деп сенемін. Сіздер біздің ел тарихындағы жаңа дәуірге куә боласыздар. Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыруға кірістік. «Рухани жаңғыру» атты ауқымды бағдарлама әр азаматымыз үшін ерекше мәнге ие болады», - деді сенім грамотасын қабылдағаннан кейін Елшілерге сөз арнаған Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы таяуда елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аяқталғанын, оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысқанын, сөйтіп, мамандандырылған көрмелер арасында қатысушылар саны бойынша рекорд жасалғанын атап өтті.
«Астана саммитінде ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістан қосылды. Сол арқылы ұйымның тарихында жаңа кезеңге жол ашылды. Енді оның қызметі аясы 3 миллардтан астам тұрғыны бар аумақты қамтитын болады. Біз ИЫҰ-ның ғылым, технологиялар жөніндегі бірінші саммитін өткіздік. Онда тың идеялар айтылып, маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні біздің тағы бір бастамамыз жүзеге асты. Ол - МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі ғимаратының ашылуы. Астана процесі зорлық-зомбылықты тоқтатуға, Сирияның тағдырын шешуге негіз қалады», - деп атап өтті Елбасы.