Атамбаев: Назарбаевтың айналасындағылар өз бастарын ғана ойлайды

Атамбаев: Назарбаевтың айналасындағылар өз бастарын ғана ойлайды

Атамбаев: Назарбаевтың айналасындағылар өз бастарын ғана ойлайды
ашық дереккөзі
223
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев өзінің қазақстандық әріптесі Назарбаев туралы айтқан кезде эмоцияға беріліп кеткенін мойындады. Бұл туралы Sputnik Кыргызстан хабарлайды. Ол қазақ-қырғыз шекарасындағы күшейтілген бақылауды – Қырғызстанды Ресейден алшақтатуға жасалып отырған әрекет деп бағалап, мұны істеп отырған Назарбаевтың айналасындағы адамдар деді. “Назарбаев бұл туралы күмәнданбайды да деп ойлаймын. Ол өзге президенттер секілді айналасындағы олигарх, миллиардерлерге сенеді. Бірақ, олар Назарбаевты да, Қазақстанды да ойламайды, тек өз бастарын ғана ойлайды. Олардың есепшоттары батыс банктерінде тұр”, – деді Атамбаев студенттерге президенттік шәкіртақыны табыстау кезінде. “Назарбаев туралы айтқан кезде менікі дұрыс болмады. Эмоцияға салынып кеттім. Ол да мен секілді сенгіш адам және шаруасы да шаш етектен. Бірақ, олигархтардың көздегені басқа”, – деді Атамбаев. “Бұл Қазақстан әскерилері мен АҚШ-тың Ресеймен шекарада жасап отырған біріккен оқу-жаттығуы. Соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстан Евразиялық экономикалық одақтың құлдырауы үшін әрекет етіп келе жатқанын көріп отырмыз”, – деді ол. Атамбаев 80-жылдары Алматыда Мәскеуден тағайындалған басшы үшін наразылықтар болғанын да айтып өтті. “Қазақстанның қазіргі басшылығы әр халықтың өз жолы, өз тәуелсіздігі бар екенін ұмытып кетті. Көптеген халықтар егемендік үшін күресіп жатыр. Құдайға шүкір, бізде ондай қауіп жоқ. Бірақ, біз тәуелсіздіктен шетел әскерінің күшімен ғана емес, Қазақстанмен араласу арқылы айырылып қалуымыз мүмкін екенін сезіп отырмыз”, – деді Қырғыз басшысы. Ол сондай-ақ, Қазақстан басшыларының Қырғызстанның барлық сауда және транспорт жолы Қазақстан арқылы өтіп жатыр дегені де өтірік деді. “Қырғызстанның басқа да көршілері бар. Каримовтың кезінде біз жарты жылға газ бен жарықты өшіріп тастадық. Бірақ, қазір бізде Өзбекстанмен қарым-қатынасымыз басқаша. Қытай мен Тәжікстанмен де керемет араласамыз. Бізге өз тауарларымызды саудалау үшін басқа жол, басқа нарық іздеу керек”, – деді Атамбаев. Бұл Атамбаевтың Қазақстан туралы айтып отырған бірінші мәлімдемесі емес. Бұған дейін ол Қырғызстандағы сайлауға араласты деп Қазақстан басшылығын айыптаған еді. Кейінірек қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды да қазақ билігінің жеке амбициясымен байланыстен байланыстырған. Одан соң “Қырғыз еліне қылыш ұстап келгендер басын қалдырып кетеді” деп те айтып салды.

Серіктес жаңалықтары