337
Байыпты бәсекеге бастайтын қадам
Байыпты бәсекеге бастайтын қадам
Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің студенттері қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі төңірегінде ой бөлісті.
Кездесуге колледж басшылығы, профессорлық-ағартушылық ұжым, белгілі сарапшылар, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, студенттер қатысты. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Түрксіб ауданының бірінші орынбасары Нұрлан Әжібаев қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне жөнінде пікірін ортаға салды. Оның айтуынша латын әліпбиіне көшу Қазақстанның дамыған 30 ел қатарына кіруіне үлген септігін тигізеді.
‒ Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Біз ақпараттық-насихаттық топпен бірлесе отырып, тұрғындарға қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуы қандай мүмкіндіктер әкелетінін түсіндірудеміз. Бүгін осы тақырыпта ой алмасу үшін жиналып отырмыз. Жаңа графиканың енгізілуі білімнің әлемдік деңгейге жетуіне, технологияның дамуына және де жастар арасында бәсекелестіктің өрбуіне ықпал етеді, ‒ деді Нұрлан Әжібаев.
Сонымен қатар, студенттер жаңа әліпбиді қабылдауға дайын екендерін, жаңа мүмкіндіктердің ашылатынын, латын әліпбиінің қолданысқа енгізілуін қолдайтындарын айтты. Кездесу барысында студенттерге арнайы тақтайшада өз есімдерін латынша жазу мүмкіндігі берілді.
Өз кезегінде Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің директоры Сейілбек Сүлейменов латын әліпбиіне көшу, жастардың ой-өрістерінің дамуына үлкен жол ашатынын атап өтті. Кездесу соңында Нұрлан Әжібаев партия атынан барлық қатысушылар мен ақпараттық-насихаттық топқа кездесу өткізгендері үшін алғысын айтты.