Айдарынан жел ескен әлеуметтік желі

Айдарынан жел ескен әлеуметтік желі

Айдарынан жел ескен әлеуметтік желі
ашық дереккөзі
1289
Қазір әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұр. Көзін ұйқыдан тырнап аша салып, әуелі әлеуметтік желідегі жұрттың амандығын білмесе, таңы арайлап атпайтындай көрінеді кейбіреуге. Қалт етіп қолы босай қалса, телефонға телміреді. Түнде желіні «жастанған» күйі кірпігі ілінеді. Желідегі парақшасын жеке меншігім деп білетін жастар арасында оны қалай қолдансам да еріктімін деген ой үстем. Салдарынан соңғы уақытта ғаламтор жалған ақпараттың, лепірме сөз бен былапыт пікірлердің ұйығына айналып кеткендей. Желінің де жүгені болатынын, әр жазба, әр суреттің артында жауапкершілік бар екенін ескермейтіндер неге көп? Салдарынан соңғы уақытта ғаламтор жалған ақпараттың, лепірме сөз бен былапыт пікірлердің ұйығына айналып кеткендей. Желінің де жүгені болатынын, әр жазба, әр суреттің артында жауапкершілік бар екенін ескермейтіндер неге көп? Желідегі аңдамай жасаған әрекеті үшін сот алдында жауап бергендердің бірі – Артем Полюх есімді қолданушы. «Семейде үй құлады» деп жалған ақпарат таратқан жігіт әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазбасы үшін екі жыл алты айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Артем биылғы жылдың мамыр айында елді дүрліктірген бейнежазбаны (Семейде емес, Ресейде болған төтенше жағдай) WhatsApp арқылы достары жібергенін, достары жіберген ақпаратқа күмәнданбағанын айтып ақталды. «Ютубта жеке парақшам бар болатын. Онда ең қызықты деген бейнежазбаларды салып жүрген едім. Сондықтан осы видеоны бірден сонда жүктеп жібердім. Үстіне «Семей қаласында үй құлады» деп жазғаным рас. Жалған екенін білмедім. Эксклюзив болсын деген ғана ойым болды», – дейді сотталушы. Артемнің ақпараттың жалған екенін білмегені оны жауапкершіліктен құтқара алмады. Судья жігіттің 2-ші топтағы мүгедек және кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар екенін ескергендіктен ғана шартты жазаға кесті. Әлеуметтік желіге жүктелген арандатушы сурет, адастырушы видео үшін ғана емес, қисық сөз, қыңыр пікірдің авторы да жаза арқалайды. Мәселен маусым айында «Вконтакте» әлеуметтік желісінде полицейлерді балағаттаған әйел қамауға алынды. Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, аталмыш желідегі «Типичный Павлодар» қауымдастығында пайдаланушылардың бірі құқық қорғау органдарының өкілдеріне тіл тигізген. Бұл қылығы үшін қаланың 26 жастағы тұрғыны қамауға алынып, өз кінәсін мойындады. Аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тағайындалған болатын. Бірақ айыпталушының қандай жазаға тартылғаны жарияланған жоқ. Бізге белгілісі, 378-бапта 300 АЕК-ге дейін айыппұл төлеу түрінде жауапкершілік, сондай-ақ, 240 сағаттық мерзімге дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 75 тәулікке дейін қамауға алу жазалары қаралған. Айыппұлмен құтылды дегеннің өзінде полицейлердің ар-намысына тиетін сөз жазғаны үшін желі қолданушысы жарты миллион теңге төлеуі мүмкін.

«Адамдар БАҚ-тан гөрі «Фэйсбукқа» көбірек сенеді»

Осы күні жеке бастарының араздығын ғаламтор арқылы көптің алдына ақтарып, қарсыласын түрлі сөздермен «тоқпақтайтындар» да көбейді. Былайша айтқанда, қазақтың «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп келетін мәтелін ұмытып, сөз мәдениетін естен шығарған жерде әңгіменің соңы адамның намысын қорлауға, жеке басына тиісумен аяқталып жатады. Ұлтқа тән сөз мәдениеті өз алдына, қазіргідей құқықтық мемлекет құруға талпынған уақытта заңға қайшы әр істің соңында құқықтық жауапкершілік бар. Осы тұрғыдан алғанда ғаламтор беттерінде, әлеуметтік желілердегі жазбаға, пікірге белгілі бір деңгейде бақылау орнату құптарлық іс. Желіде жел сөз қуғандарды сөйлеу, жазу, көзқарасын білдіру мәдениетіне тәрбиелеу тетікке тәуелді қоғам қажеттілігінен туып отыр. Сондықтан желіге тағылған жүгенді сөз бостандығын шектеу, пікір алуандығына тосқауыл қою деп сан-саққа жүгіртушілердің уәжі негізсіз. Ұқтыруға тиіспіз. Маусым айында Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, желідегі жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірген Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми өкілі Альбина Атен ғаламторда бақылау күшейгенін біле тұра білмегенсіп жүргендерге мұның арты жақсылыққа апармайтынын түсіндірген еді. – ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес интернет-ресурстар БАҚ-қа тіркелген. Онда жарияланған ақпараттар БАҚ өнімі болым табылады. Сол себепті әлеуметтік желіде жарияланған, интернет-ресурсында орналастырылған ақпарат сенімділігі талаптарға сәйкес келуі тиіс және жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн сақтауға міндетті, – деді ол. Альбина Атен ақпарат кеңістігінде көбінесе Қылмыстық кодекстің 130-бабына сәйкес келетін жағдайлар көп кездесетінін атап өтті. Яғни, жалған ақпарат тарату, басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін мәлімет тарату. Желідегі мұндай әрекет үшін қолданушыға екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі. Ескерілуі тиіс тағы бір мәселе – бүгінде әлеуметтік желінің ақпарат көзіне айналғаны. Мәлімет алу үшін есік қағып, табалдырық тоздырып, табаннан таусыла бермейтін халге жеттік. Бұл, әсіресе, сайттарға қатысты. Сенсация қуған сайттар шоу-бизнес өкілдерінің «Инстаграм» желісіндегі жылт еткен жаңалығын айғайлаған тақырыппен жариялап, рейтинг жинауға әуес. Кейде желідегі анық-қанығы белгісіз ақпараттардан да «жаңалық» жасап, шикі өнімді оқырманның алдына қоюға асығады. Сондықтан желі жауапкершілігі туралы мәселе сөз болғанда, журналистерді айналып өте алмаймыз. Мұны «Esquire Қазақстан» журналына берген сұхбатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та сөз етті: «Шындығында, журналистердің тексерместен, нақтыланбаған ақпаратты алатыны туралы фактілер бар. Әсіресе, әлеуметтік желінің қатардағы қарапайым пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпарат алып, оны өздерінің ресурстарында жариялайды. Кейде кейбір БАҚ журналистері ақпараттың нақтылығын тексеруге еш мән бермейтіндей көрінеді. Бұл, әсіресе, аудитория тарту, берілетін ақпаратты коммерцияландыру үшін жасалатын секілді. Әрине, жалпылама алғанда, мұндай қадамға қарсы емеспін, бүкіл әлемдегі бизнестің сипаты осы, алайда, әр нәрсенің өз шегі бар. Біз ақпарат тұтынушылардың – қарапайым азаматтардың мүддесіне жұмыс істеуге тиіспіз», – дейді министр. Ведомство басшысы тұтастай ғаламторды реттеу мүмкін еместігін мойындаған, бірақ сонда да қандай да бір ойын ережелері болуы керектігін айтқан. Министр қандай ережелерді меңзегені белгісіз. Белгілісі, жақсылы-жаманды әлеуметтік желінің белсенділігі артты. Мұны бір сөзінде «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының басшысы Тамара Қалеева да қаперге салған еді: «Бүгінде адамдар ақпарат құралдарына қарағанда, «Фэйсбукқа» көбірек сенеді». «Фэйсбуктағы» бір жазбаның астында жүздеген, тіпті мыңдаған пікір жазып, болу немесе бордай тозу мәселесін шеше алмай қырық-пышақ болып жататындардың әбігеріне қарап Қалеева ханымның бұл сөзін жоққа шығару қиын.

Арандатушының жазасы ауыр

Елімізде әлеуметтік желідегі әрекеті үшін жазаға тарту оқиғаларының арасында алауыздық тудыру және лаңкестікті насихаттау деректері жиі кездеседі. Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін терроризмге қарсы күрес күшейтілгелі бері желідегі жат пиғылды жазбалар мен күдікті фото, видеолар жіті тексеріледі. Тексеру соңы сотпен аяқталған жағдайлар аз емес. Мәселен, жыл басында Ақтөбеде желідегі жұртты жиһадқа шақырған жазбаларды таратқаны үшін ер адам сотталды. Тергеу анықтаған деректерге сүйенсек, сотталушы Стас Задорнов деген жалған атпен тіркеліп, жұбайының ВКонтакте желісіндегі парақшасында экстремистік аудиожазбалар жариялаған. Сотталушының айтуынша, ол өзге қолданушылардың аудиожазбаларын (жүзге тарта) іздеу жүйесі арқылы тауып алып, желідегі парақшасына «жеке қолдану үшін» сақтап қойған. «Бұл заңға қайшы екенін білмедім, қорқып, парақшамды ашқаннан кейін екі ай өткен соң өшіріп тастадым», – деп ақталды сот алдында. Ақтөбеде осыған ұқсас оқиға тағы да тіркелді. 19 жастағы студент терроризмді насихаттағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол да әлеуметтік желідегі парақшасына діни әндерді жариялаған. Прокурорлар ол зорлық-зомбылықты насихаттайтын аудиожазбаларды қасақана ортаға салды және қарулы жиһад жасамақ болды деп есептейді. Соттағы соңғы сөзінде студент өз әрекетінің заңбұзушылық екенін білмегенін және істегеніне өкінетінін айтты. Заңды білмеу заңға қайшы әрекеттерді ақтап ала алмайды. Қылмыстың өтемі – жаза. ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабында: «1. Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату – мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал осы заңның 174-бабында: «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Соңғы уақытта Қазақстанда осы бап бойынша жауапқа тартылғандар көбейді. Ең атышулы іс – Татьяна Шевцова-Валованың ісі. Алматы қаласының Алатау аудандық соты оны ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін айыпты деп тауып, 3 жыл сынақ мерзімімен 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Еліміздің 11 азаматы Шевцова-Валова сепаратизмді үндейді деп көрсетілген арызбен полицияға жүгінген. Оның екі жазбасы көпшіліктің наразылығын тудырды. Біреуінде ол Қазақстан азаматтарын «чурки» деп атаса, ал екіншісінде: «Қазақстанда тіл жөнінде немесе жергілікті ұлттарыңды ұлықтау үшін әлдене жасайтын болсаңдар, Қырымға туған күн сендердің де басыңа келеді – Қазақстанның солтүстік бөлігі, тіпті басқалары да Ресей қарамағына өтіп кетеді. Және сендер әр бұрышта шырылдап жүргендеріңдей аннексия жолымен емес, Қырымдағы сияқты референдум арқылы, яғни, РФ құрамына өз еріктеріңмен қосыласыңдар» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Шевцова-Валова өзі айыбын ақырына дейін мойындамады, үкіммен келіспеді. Өз айтуынша, оған қарсы іс қолдан жасалған: әлдекімдер аккаунтын бұзып, жазбаларынан арандатушы сөздер құрастырған-мыс. Осындай қылмысы үшін 2016 жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны да жауапқа тартылды. Ол әлеуметтік желіде ұлтаралық шиелініс тудырды деген айыппен 3 жылға сотталды. Осы облыстың тағы бір тұрғыны «Қазақстанды Ресейге қайта қосу керек» деген жазбасы үшін 5,5 жылға сотталды. Осы орайда, әлеуметтік желідегі заңға қайшы жазбалар мен пікірлер үшін қылмыстық істі кім бастайды деген сауал туындайды. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, жала жабу және қорлау – жеке айыптау істері. Оларға прокурор қатыспайды. Жәбірленуші өзіне жала жапқан не өзін қорлаған адамның айыбын өзі дәлелдеуі керек. Яғни, полицияға шағым түсіретін немесе сотқа жүгінетін бастамашы болуы тиіс. Ал көрінеу жалған ақпарат тарату, алауыздықты қоздыру және терроризмге шақыру туралы айтар болсақ, бұлар – бұқаралық айыптау баптары. Бұл баптар бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу бастауына болады. Ол үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді немесе мүдделі азаматтар қылмыс туралы мәлімдеуіне болады (мысалы, Татьяна Шевцова-Валованың ісінде процесті бастауға 11 адам бастамашы болды). Желідегі заңға қайшы жазба өшірілсе, оның авторы жазадан құтылып кете алады деген пікір бар. Алайда жазба үшін шағым түсіп, құқық қорғау органдарының назарына іліксе, оны өшіріп тастау жауапкершіліктен құтылуға көмектеспейді. Әрине, істі дәлелдеу қиындап кетуі ықтимал, алайда әдетте тергеушілер скриншот жасайды. Оның үстіне, заңгерлердің айтуынша, мұндай істерде полицияның тығырыққа тірелуі некен-саяқ – көбінесе азаматтар ондай жазбалардың не пікірлердің авторы өзі екенін мойындайды. Алайда іс шын мәнінде қолдан жасалған болса, яғни, аккаунт бұзылып, пікірлерді өзге адам жазған, ал скриншоттар қолдан жасалған болса, айыпталушы оның бәрін өзі дәлелдеуіне тура келеді. Әлеуметтік желі қолданысын қалай қауіпсіз етуге болады? Ең алдымен, интернетте не жариялауға не болатынын, ал нені жариялауға болмайтынын зерттеп алған жөн. Әлеуметтік желі қолданушыларына жиі таңылатын заң баптарымен танысыңыз. Екіншіден, қолдан жасалған қастандықтың құрбаны болып кетпеу үшін аккаунтарыңыздың қауіпсіздігін қадағалаңыз (күрделі құпиясөз орнатыңыз, бөтен компьютерден желіге кірген кезде абай болыңыз). Үшіншіден, әр сөзіңізге сақ болған жөн: кімге не жазып отырғаныңызды, нені талқылап отырғаныңызды қадағалап, әр сілтемені бөліспес алдында тексеріп алыңыз. Сонда желідегі қауіпсіздігіңіз қамтамасыз етіледі.

Серіктес жаңалықтары