Жаңа маусымда Жапонияға бармақ

Жаңа маусымда Жапонияға бармақ

Жаңа маусымда Жапонияға бармақ
ашық дереккөзі
387
Қазақ өнерінің қара шаңырағы, киелі өнер ордасы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 92-маусымын ашты. Араға 3 ай салып көрерменімен қайта қауышқан театр жаңа маусымға тыңғылықты дайындалыпты. БАҚ өкілдерімен басқосуда ұжым басшылығы өнер ошағының алдағы жоспарларымен бөлісті. Маусымашарға орай өткізілген баспасөз-мәслихатына театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директорының кеңесшісі Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халық­аралық «Алаш» сыйлығының лауреаты  Әлия Бөпежанова және «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды. Өнер ұжымы жуырда біраз жылдан бері үзіліп қалған гастрольдік сапарларын қайта жалғап, Атырау облысын аралап, шалғайдағы ағайынды өнерімен сүйсінтіп қайтқан болатын. Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған ауқымды фестиваль кезінде театрдың келуін асыға күткен көрерменнің көңілін жыққысы келмеген ұжым бір күнде төрт спектакль қоюды да ауырсынбады. Атырау сапарынан келе сала театр Шекспир еліне аттанды. Жазушы-драматург Дулат Исабековтің 75 жылдық мерейтойына орай Лондон төрінде ұйымдастырылған фестивальға қатысып, режиссер Е.Обаев қойған «Жаужүрек» спектаклімен ағылшын жұртшылығын тамсандырды. Өткен маусымда 6 қойылымның тұсауын кескен ұжымның  жаңа маусымға әзірлеген жаңалығы да аз емес.  «Биылғы 92-маусымның алғашқы ерекшеліктерінің бірі – Әуезов театрының шаңырағында Алматыдағы сегіз театрдың тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып отыр. Ал екінші ерекшелігі осы жылдың соңына дейін, яғни Жаңа жылға дейін бізде екі жаңа қойылым жарық көреді», ‒ деді театр директоры Ерлан Біләл. Сондай-ақ, ұжым басшысының айтуынша, биыл желтоқсан айында театр гастрольдік сапармен Жапонияға баруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Жапонияның сыртқы істер министрлігімен келіссөз жүргізіліп жатыр екен. Баспасөз мәслихатынан соң Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында  «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру»  атты Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан көрменің ашылуы болды. Көрменің ашылу салтанатында Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов құттықтау лебізін жеткізді. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының орынбасары Қанат Қаражанов сөз сөйлеп, көрменің мән-маңызына тоқталды. Көрменің мақсаты –  өскелең ұрпаққа, театр өнеріне  қызығатын ізденушілерге, жалпы өнерсүйгіш қауымға қазақ өнерінің қарашаңырағы, 92 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының құрылған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі өнер шежіресінен сыр шертіп және Алматы қаласында орналасқан мәдени ордалардың басын қосу арқылы олардың тарихын бір арнада тоғыстырып, театр музейінің тыныс-тіршілігінен хабар бере отырып, мол мұра, құнды жәдігерлері туралы  мағлұмат беру. Көрмеге қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық неміс драма театры, Мемлекеттік Республикалық корей музыкалық комедия театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры және  М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының құнды жәдігерлері қойылған. 8 театр музейінің басын қосқан көрме – қазақ театр өнерінің шежіресінен сыр шертетін қазына, құны қымбат жауһар.

Серіктес жаңалықтары