Кәсіби мамандар ауылға аттануда

Кәсіби мамандар ауылға аттануда

Кәсіби мамандар ауылға аттануда
ашық дереккөзі
286
Қазақ ұрпағының қаймағы бұзылмаған ауылдан қоныс аударуын тоқтатып, қалада жоғары білім алған мамандарды ауылдың әлеуетін арттыру үшін жіберу үрдісінің қолға алынғанына да біраз уақыт болды. Елімізде қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша біраз жас маман ауылға ат басын бұрған. ҚР Президенті Н.Назарбаев бір сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет»,  – деген болатын.   Бүгінде Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы сәтті жүзеге асып келеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының басты мақсаты – құты қашқан ауылдың мәні мен сәнін кіргізу. Ауылдағы кадр тапшылығын жоюды да осы бағдарлама өз міндетіне алған еді. Қазір бағдарлама өз миссиясын орындауда. Елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асқан жеті жылдың ішінде мыңдаған жас маман ауылдық жерлерде жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Ауылға аттанған мамандарға берілетін бір реттік көтерме жәрдем­ақы мен тұрғын үй үшін қаралатын несие көлемі де өсіп келеді. Мұның бәрі елімізде жастарды қолдап-қуаттаумен қатар оларға жан-жақты мүмкіндіктердің жасалып жатқандығының белгісі. Биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 80 маман баспаналы болып, 315 жас маман жұмысқа орналастырылған. Ал Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылы ауылдық жерлерге 307 маман жұмысқа орналасқан. Ауылға барған жастардың көпшілігі – білім саласының мамандары.  Елді мекендердегі денсаулық сақтау саласы да жас мамандармен толыға түскен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар – біздің болашағымыз» деп, елдің жалынды жастарына зор сеніммен қарайды. Ал «Жол картасы», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» сынды көптеген игі бастамалар осы тұрғыда жасалып жатқан істердің айғағы.  Мемлекет тарапынан мамандардың ауылда тұрақтануы үшін бар жағдай жасалып жатыр. Жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдем­ақы төленіп, баспана алуына жеңілдетілген несие беріледі. Оны алу үшін маманның жас ерекшелігі ескерілмейді. Бастысы, ауылда кем дегенде 5 жыл қызмет етуі тиіс. Ғылым қарыштап дамыған шақта, жаңаша көзқараспен жұмыс істейтін  кәсіби мамандар ауылға ауадай қажет. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін мамандарға сұраныс жоғары. Осы ретте, облыс әкімдіктері ауыл шаруашылығы мамандарын жұмысқа тартып, жас мамандардың әлеуетін ауылды жерлерге пайдалануды қолға алған. Ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандар үшін ауылды жерлердің үлкен өндірістік алаң болары анық. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-мен байланыс орнатып, қажетті мамандар даярлау бойынша ұсыныс әзірлеуде. Университетте жылдан жылға студенттер саны көбейіп, даярлайтын мамандық түрі сегізге жеткен. Қазіргі таңда факультетте 1250 студент бар, 300 түлек биыл бітіреді. Қуанарлық бір жағдай, оқу орнында ауылға барып, алған білімін ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсағысы келетіндер көп. Оларға барлық жағдай да жасалған. Сондықтан жыл сайын ауыл шаруашылығындағы жас мамандар қатары артып келеді. Аталмыш оқу орнының ауыл шаруашылығы саласының мамандарын дярлауға ерекше мән беріп отырғанын ескерсек, ауылдық жерлердегі ахуалдың жақсарары сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары