293
Елімізде базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі
Елімізде базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі
Елімізде келесі жылдан бастап базалық зейнетақы азаматтардың жинақтау жүйесіне қатысу өтіліне қарай беріледі. Бұл әдістің нәтижесінде 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнайды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова.
Вице-министрің атап өтуінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр.
"Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай берілетіні көзделуде. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынатыны болжануда", — деп түсіндірді Светлана Жақыпова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Айтуынша, мұндай әдіс 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнатады. 1998 жылға дейін және одан кейін де 33 жылдан асатын еңбек өтілі бар адамдарға базалық зейнетақы қазіргі мөлшермен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыны қоса алғанда 28 мың теңге алады. Әр жыл сайын базалық зейнетақы 2 пайызға өспек. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын құраса, 30 жылда 94%-ды межелемек. Заңда айқындалғандай, 33 жылды еңсерген өтіл белесінде базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің толық 100% көлемін қамтымақ. Светлана Жақыпованың айтуынша, үкіметтің әлеуметтік сала бойынша жүргізіп жатқан жұмысы мемлекет көмегін алушы барлық тараптар үшін міндеттер ауқымын жүзеге асыруда кешенді әрі жүйелі көзқарасты қажет етеді. "Мәселен, бүгінде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерді. Нәтижесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 466 теңгені, ең төменгі зейнетақы 31 245 теңгені құрады. Келесі жылы ынтымақты зейнетақыны болжамды инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары көтеру жоспарлануда", — деп атап өтті ол. "Сонымен бірге, ең төменгі күнкөріс деңгейі құрылымын қайта қарастыру мен оны келесі жылы 16 пайызға өсірумен қатар, мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша да жәрдемақы мөлшері көбейтілетін болады. Бұл аталған жәрдемақы түрлерін алушы 570 мың адамға қатысты дүние", — деп түйіндеді вице-министр.