588
Анкарада қазақ суретшілердің көрмесі ашылды
Анкарада қазақ суретшілердің көрмесі ашылды
Анкарада Қазақстан мәдениеті күндері аясында қазақстандық суретшілер Гүлмарал Тәттібаева мен Наталья Баженованың FriendShip атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмеге қойылған түрлі жанрлардағы шығармалардың тақырыбы ортақ. Көшпенділер өркениетінің символы ретінде алынған саяхат кемесі мұндағы туындылардың ішкі бірлігін ұйытып отыр. Көркем экспозиция авторларының бірі Наталья Баженованың айтуынша, көрме атауына FriendShip сөзінің алынуында рәміздік мағына бар.
«Көрмеміз кеме идеясынан туындайды. Кеме алдынан шыққан кедергілерге мойымастан, қозғалысын тоқтатпайды, алға қарай жүзе береді. Оның бұл қасиетін көшпенділер өмірімен де сабақтастыруға болады, өйткені ұшы-қиыры жоқ Ұлы даланы бесік еткен халықтың да өмірі үнемі қозғалыста», - дейді ол.
«Тақырыптық шығармалардан тыс, көрмеге туған өлкенің табиғат бояулары сіңдірілген натюрморттар да қойылды. Түркиядағы осы көрме үшін қыруар жұмыс атқарылды, оны жүзеге асыруға қолғабыс еткен министрлік пен Түркиядағы Елшілікке ерекше алғысымызды білдіреміз».
Қазақстанның мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, көрмеге ұсынылған туындылар Қазақстан мәдениетінің бір көрінісі. «Суретші қыздарымыздың екеуі де көпперзентті ана болуына қарамастан ұлттық мәдениетімізді насихаттауда талмай еңбек етіп келеді. Олардың шығармаларынан қазіргі заманның жаңғырған өнер элементтерінің қазақтың дәстүрлі тігіншілік және тоқыма өнерімен үндестігі айқын аңғарылады», - деді Ақтоты Райымқұлова.