Әлем қауіпсіздігіне қосылған сүбелі үлес

Әлем қауіпсіздігіне қосылған сүбелі үлес

Әлем қауіпсіздігіне  қосылған сүбелі үлес
ашық дереккөзі
252
Еліміздің бас қаласы – Астанада ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша 62-ші Пагуош конференциясы өтті. Келелі кеңестің күн тәртібіне ядролық қауіп-қатер мәселесі арқау болған. Қатысушылар қатарында БҰҰ бас хатшысының көмекшісі Исуми Накамицу мен еліміздегі дипломатиялық корпус өкілдері, саясаткерлер және сарапшылар бар.  Пагуош конференциясы «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбында өтті. Конференция жұмысына әлемнің 46 елінен барлығы 200-ден астам делегат келді. Конференцияны Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып,  өз сөзінде адамзат баласының кемел келешегі жолындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамаларына тоқталды. Жалпы, бұл алқалы жиынның қазақ жерінде өтуі тегін емес. Екі жылда бір мәрте ұйымдастырылатын конференцияда ғаламдық проблемалар реттеліп, ғалымдар пікірі сарапқа салынатынын айта кеткен жөн. Оның үстіне бұл жолғы кеңес ядролық қауіп-қатерді сейілтуге бағытталып отыр. Конференция 4 күнге жалғасты. Жиында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Баршамызды ядролық соғыс пен техногендік апаттың қатері болмайтын әлем құру деген ұмтылысымыз біріктіріп отыр. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен өзіне алған халықаралық міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлесін қосып келеді. Сондықтан әлемдік қоғамдастық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп таниды. Қазақстан Республикасының іргесін қалаған Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл адамзаттың бейбіт өмір сүруі жолындағы аса көрнекті үлесінің тарихи маңызы зор», – деп атап өтті. Биылғы кездесуде Пагуош ғалымдар қозғалысының қатысушылары, БҰҰ өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қауіпсіздік саласындағы саяси қайраткерлер мен халықаралық сарапшылар  жаңа ядролық қатерлерге қарсы тұру жөнінде сөз қозғады. «Бір кездері Қазақстан ядролық қарудың аса ауыр зардабын шегіп еді. Бұл мемлекет ядролық сынақтарды тоқтатудың маңызды элементі болып қала береді. Біз ядролық қарудың ешбір елде болмағанын қалаймыз және бүгін ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау мәселелерін талқыға саламыз. Қазіргі уақытта 15-16 мың дана көлемінде ядролық қару бар, сондықтан ядролық қауіп-қатерлер мәселесін тасада қалдыра алмаймыз. Пікірлер сан алуан болғанымен,  түйін – біреу. Ядролық қаруды түбегейлі жоюды талқылайтын боламыз», – деді Пагуош ғалымдар қозғалысының Бас хатшысы Паоло Котта Рамусино шараның ашылу салтанатында. Айта кетейік, 1957 жылы әлемде ядролық соғыстың қауіп-қатерлерін талқылаған ғалымдардың бірінші халықаралық кездесуі Канаданың Пагуош қаласында өткен. Қаланың құрметіне аталған ұйым халықаралық статусқа ие. Ол қарусыздану,  қауіпсіздік және ғылыми ынтымақтастық, бейбітшілік үшін ғалымдарды, саяси және қоғам қайраткерлерін біріктіретін халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ұйым қарусыздану және қауіпсіздік саласындағы көптарапты негізгі келісімдерді: Ядролық қаруды атмосферада, ғарыш кеңістігінде және су астында сынауға тыйым салу туралы шарт; Ядролық қаруды таратпау туралы шарт; Зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін шектеу туралы шарт; Биологиялық және химиялық қару түрлеріне тыйым салу туралы конвенция; Еуропадағы кәдімгі қарулар туралы шарт және басқа құжаттарды әзірлеу және қабылдауда маңызды рөл атқарды. Конференцияға қатысушылардың пікірінше, Қазақстан – ғалымдардың  2017 жылы мерейтойлық кездесуін өткізу үшін ең лайықты орын. Өйткені Қазақстан халқы ядролық сынақ зардаптарын өз басынан өткерді, ал қазіргі кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен мемлекет ядролық қарусыздану мәселелері бойынша жетекші ел болып мойындалды. Пагуош конференциясының жабылу салтанатында Қасым-Жомарт Тоқаев конференция ашылған сәттен бастап өзінің ғылыми идеяларымен, ядролық қарудан азат әлем құру мәселелері жөніндегі аса маңызды мазмұнды пікірсайыстарымен белгілі екенін атап айтты. Сенат төрағасы түрлі мемлекеттердегі жастардың арасында қарусыздану идеяларын кеңінен таратуда Пагуош қозғалысының рөлін жоғары бағалады. Оның сөзінде ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысқа Қазақстанның жаңа серпін бергені атап өтілді. Сенат төрағасы: «26 жыл бұрын дәл осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығына сәйкес Семей ядролық полигоны жабылған болатын, ол қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы жаһандық күш-жігерде басты рөл атқарады», – деді. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін Пагуош қозғалысымен нәтижелі байланыстарды жалғастыра беретіндігіне сенім білдірді. Айта кетейік, 1989 жылы елімізде «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Бұл бастаманы бүкіл әлем қолдады. Антиядролық қозғалыс мүшелері Семей ядролық полигонын жабу, әлемдегі бес полигондағы сынақтарды тоқтату және кейін оларды жабуды мақсат етті. Нұрсұлтан Назарбаев бұл қозғалысқа әу бастан қолдау көрсетті. Мемлекет басшысы жекелеген қозғалыстарды біріктіріп, Мәскеуді Семей полигонындағы ядролық сынақтар жарылысын тоқтатуға мәжбүрледі. 1989 жылы 30 мамырда ҚазақКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Назарбаев КСРО халық депутаттары съезінде ядролық сынақтар туралы өз пікірін білдірді. Бұған дейін мұндай дәрежедегі бірде-бір басшы жұрт алдында полигон туралы тіс жармаған еді. Осыдан кейін 1989 жылы 9 маусымда КОКП ОК-нің Саяси Бюросы «Семей полигонындағы жерасты ядролық жарылыстарына байланысты ҚазақКСР-нің жағдайы туралы» мәселені қарады. Сөйтіп, 1990 жылдың 13 сәуірінде КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары И.Белоусов Н.Назарбаевқа Семей полигонындағы сынақтардың 1993 жылдан бастап қана тоқтататындығы туралы қаулы жобасын жібереді. Соған қарамастан Н.Назарбаев ядролық сынақтарды тоқтату туралы жұмыстарын жалғастырып, 1990 жылы 22 мамырда өткен ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының 1-ші сессиясында КСРО басшыларынан тез арада сынақтарды тоқтатуды талап етеді. «Біздің полигонды жабу және жарылыстарды тоқтату туралы ұстанымымыз – бұрынғыдай өзгеріссіз қалады», –  деген Мемлекет басшысы 1991 жылы сынақ полигонында болып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында ядролық полигон жабылатынын және бұған қатысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алатындығын мәлімдеді. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Семей ядролық полигоны жабылды.  Қазақстан сол кезде әлемде қуаттылығы жөнінен төртінші орынға ие атом арсеналынан өз еркімен бас тартты. Тіпті, оны жоюды көздеп, бүкіл әлемді ядролық қарудан бас тартуға шақырды. 1992 жылы Мемлекет басшысы Лиссабон хаттамасына қол қойып, Қазақстан Беларусь, Украинамен бірге ядролық қаруға ие болудан бас тартып, өзінің ядролық қару таратпау туралы міндеттемесін белгіледі. Қазақстан көшбасшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-ші сессиясында Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын әзірлеу туралы ұсыныс білдірген болатын. Бүгінде бүкіл әлем барлық мемлекеттердің ядросыз әлемге қадам басуын күтуде. Ядросыз әлем үшін күресте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа әлем көшбасшылары жоғары баға берген. 2012 жылы Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммитте Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды жалпыға бірдей таратпау және жою туралы әмбебап шартты қабылдау, жалпыға бірдей Ядросыз әлем декларациясын жасау жөніндегі бастамаларын ұсынды. 29 тамыз – халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні. Бұл күн Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ ұйғарымымен бекітілген болатын. Мұндай шешім 2009 жылы БҰҰ-ның 64-сессиясында қабылданды. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойып, егемен елдің ертеңі үшін үлкен тәуекел жасаған еді.

Серіктес жаңалықтары