Ел  тұрғындарының  денсаулығы  маңызды

Ел  тұрғындарының  денсаулығы  маңызды

Ел  тұрғындарының  денсаулығы  маңызды
ашық дереккөзі
355
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу және ҰБТ мен қабылдау емтихандары мәселесіне арналды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Өз сөзінде министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударудың 1 шілдеден бастау алғандығын айта келе, қазір қорға жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жұмыс берушілердің жарналары түсіп жатқанына тоқталды. Жоспар бойынша, 2017 жылы қорға 23 млрд теңге міндетті сақтандыру жарнасы түсуі тиіс. Оның 95 пайызы жұмыс берушілердің аударымдары, ал қалған 5 пайызы жарналарға тиесілі. Айта кетейік, реформа іске қосылған бір ай уақыт ішінде қорға түскен қаржы көлемі 800 млн теңгеге жуықтаған. Денсаулық сақтау министрі жиын барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің тәуекелдерін басқару бойынша жүзеге асырылатын шаралардың кешенді жоспары бекітілгендігін айтты. Министрдің айтуынша, кешенді жоспар 4 бөлімнен тұрады: мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер және оларды ықпалдастыру, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу. «Әрбір тәуекел бойынша оларды жоюға қажетті іс-шаралар анықталған. Сондай-ақ, қазір МӘМС-тің негізгі нормативтік-құқықтық актілері келісуден өтіп жатыр: бұлар – көрсетілетін қызметтердің пакетін кеңейтуді көздейтін «Тегін медициналық кепілдендірілген көмек тізімін бекіту туралы» және «МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек тізімін бекіту туралы» Үкімет қаулылары», – деді министр. Денсаулық сақтау министрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін құру мақсатында мемлекеттік органдар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесе жұмыс жүргізіп жатқандығын тілге тиек етті. Ал мемлекет салым төлейтін тұлғаларды есепке алу, «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» автоматтандырылған жүйесі негізінде 14 санат бойынша жүргізіледі. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 5 ақпарат жүйесінің мәліметтері мен Ішкі істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері базаларының мәліметтері ықпалдастырылмақ. «Нәтижесінде, барлық ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген халық тіркелімі» (Регистр прикрепленного населения) жүйесіне жүктеледі және азаматтардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесін анықтау үшін барлық медициналық ұйымдарға қолжетімді болады», – деп атап өтті Елжан Біртанов. Елжан Біртановтың сөзінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің алғашқы кезеңінде Денсаулық сақтау министрлігі, мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері түрлі мақсатты топтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы ретте медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Е.Бахмутова, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин және Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Лұқпанов та баяндама жасап, өңірлердегі жағдай туралы ақпарат берді. Үкімет отрысында талқыланған бірінші мәселе бойынша қорытынды жасаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев елімізде міндетті әлеуметтік медиициналық сақтандыруды енгізуді жалғастыру бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Премьер-министр табыстары төмен немесе мүлдем жоқ азаматтарға баса назар аударуды тапсырды. Оған бейресми сектор жұмысшылары, тіркелмеген жұмыссыздар, мәртебесі жоқ тұлғалар жатады. Бұл азаматтар МӘМС жүйесінен тыс қалмауы үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдерімен тізе қоса отырып, бірқатар жұмыстарды атқаруға міндеттелді. Атап айтқанда, Т.Дүйсенова басқаратын ведомство осындай тұлғаларды олардың жеке мәліметтерін (ЖСН, мекенжайы, телефоны және басқасын) көрсете отырып, тіркеуге алу тетігін пысықтайтын болады. Сондай-ақ, МӘМС-ке жарна аудара алу үшін министрлік пен әкімдіктер ол азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету шараларын қолға алуға тиіс. Үкімет басшысы жұмыс берушілер, кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жарналарын төлеу бойынша апта сайын мониторинг жүргізу міндеттелді. Осыдан кейін Үкімет мүшелері күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылауға кірісті. Биылғы жылы жаңа форматта өткен ҰБТ қорытындылары жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндама жасады. Министр өз сөзінде ҰБТ-ның жаңа форматы Жапония, Израиль және АҚШ елдерінің халықаралық тәжірибесін талдау нәтижесінде әзірленгенін атап өтті. «ҰБТ-ның мазмұндық бөлімінде логикалық ойлау деңгейін, базалық құзырлылықты және әрі қарай оқуға деген қабілеттілікті, яғни функциялық сауаттылықты анықтауға бағдарланған тестілер болды. Бұдан өзге, биыл алғаш рет тестілеудің онлайн-таратылымы іске қосылды. Бұл барлық ниет білдіргендерге Қазақстанның кез келген жерінен тестілеу үдерісін бақылауға мүмкіндік берді, сәйкесінше ереже бұзушылықтардың санын төмендетті», – деді Ерлан Сағадиев. Министрдің келтірген дерегіне сүйенсек, ҰБТ-ға 88 595 адам қатысқан. Тестілеу қорытындысына сәйкес, республика бойынша орташа балл 80,5-ті құрады. 50 балдық межеден асқандардың саны – 74 517. Бұл – ҰБТ-ға қатысқан оқушылардың 84 пайызы. Ал ең жоғарғы 140 балды ешбір талапкер жинай алмады. ҰБТ аяқталғаннан кейін 17-23 шілде аралығында еліміздегі жоғары оқу орындарының 48 пунктінде кешендік тестілеу өтті. Кешендік тестілеуге қатысуға өтінім берген 54 649 талапкердің 50 416-сы ғана тестілеуге қатысқан. Мұнда 50 балдық шекті деңгейден 21 078 адам, яғни түлектердің 42 пайызынан астамы өтті. Айта кетейік, межелік деңгейден аса алмағандар қайтадан тест тапсыра алады. Екінші рет тест тапсыруға ниетті талапкердер 1-8 тамыз аралығында құжаттарын тапсыруына болады. Ал тестілеу 19-24 тамыз аралығында өтеді. Межелік деңгейден екінші тестілеу кезінде де өтпей қалған талапкерлердің жоғары оқу орнына шартты түрде түсуге, яғни бір семестрге ақылы негізде оқуға қабылдануына мүмкіндік бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешендік тестілеуді тапсырған талапкерлер арасында 10 тамызға дейін білім гранттарын беру бойынша конкурс өткізіледі. Министрдің айтуынша, биылғы жылы жергілікті атқарушы органдар да гранттар бөле алады.    

Серіктес жаңалықтары