297
Мемлекеттік органдар 6 миллиард теңгеге қымбат көліктер сатып алған
Мемлекеттік органдар 6 миллиард теңгеге қымбат көліктер сатып алған
Мемлекеттік органдар биылғы 9 айда 500-ден аса шетелдік қымбат көлік сатып алған. Оның құны 6 миллиард теңгені құраған. Бұл былтырғыдан 7,5 пайызға артық, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Өткен жылдың 9 айында 67 көлікті сатып алуға 22 миллион теңге жұмсалған екен. «Шенеуніктердің шетелдік көліктерге тапсырыс беруі отандық көліктердің нарықты жаулауына айтырлықтай кедергі тигізіп отыр», - дейді «Қазавтоөндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының» басқарма төрағасы Олег Алферов.
Оның сөзінше, қымбат импорт көліктерге қызығушылықтың күрт артуына - биыл мемлекеттік сатып алуда отандық көліктерге берілген басымдықтың алынып тасталуы себеп.
Олег Алферов, «Қазавтоөндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының» басқарма төрағасы:
- Отандық көліктерге деген басымдықтың алынуына себеп ДСҰ мүшелікке ену болды. Алайда көршілес Ресей өз көліктеріне деген басымдықты сақтап қалды. Бізде де осындай мүмкіндік бар. Әйтпесе, құны ерекше қымбат көліктерді импорттау биыл 7,5 есеге артса, келер жылы 14 есеге арта береді. Нақты мысал ретінде Астана қаласының әкімдігіне қарасты автошаруашылық серіктестігі 55 млн теңгеге S-класты Mercedes Benz көлігін сатып алды. Құны 22 млн теңгеден жоғары тұратын Toyota Land Cruiser көлігін алғандардың ішінде Алматы, Ақмола, Қостанай, СҚО әкімдіктері, бірсыпыра аудан әкімдіктері мен тіпті дене тәрбиесі және тілдерді дамыту сынды басқармалар да бар.
Бірақ халықтың отандық көліктерге сұранысы жаман емес. Өткен жылмен салыстырғанда сауда 3 есеге өсіп, 64 пайыз құраған. Осылайша биыл құны 101,4 млрд теңгеге 13 312 автокөлік құралы жасап шығарылыпты. Қазақстанда құрастырылған көліктердің сұранысқа ие бестігін Lada, Hyundai, KIA, Chevrolet, JAC көліктері құрап отыр. Ал, экспорттың 82 пайызы ҚХР тиесілі, 18 пайызы Ресей, Беларусь, Тәжікстанға тасымалданып жатыр. Сондай-ақ Өзбекстанға да көлік экспорттау көзделіп отырған көрінеді.