428
Алдыңа мақсат қойған соң...
Алдыңа мақсат қойған соң...
Биыл Қазақстан жастары конгресіне 15 жыл. Осыған орай Атырауда еліміздің әр өңірінен жастар ұйымдарының көшбасшылары мен өкілдері, депутаттар, спортшылар, блогерлер, сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер бас қосты. Шараның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан жастар конгресі кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева, Олимпиада жүлдегері Василий Левит және тележүргізуші Сәнді Сұлтан болды.
Үш күндік шарада жастарды толғандыратын сауалдар талқыға түсіп, түрлі тренингтер мен шеберлік сыныптары, көше субмәдениеті фестивалі, түнгі алау жанындағы бейресми кездесу, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесу, пікірталас, «Жаңа дем» экологиялық акциясы сынды шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан жастар конгресі кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева мен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пленарлық мәжіліске қатысып, еліміздің әр түкпірінен келген жастармен ашық диалог құрды.
Слеттің ашылу салтанатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы алғысөз алып, слетке қатысушыларды Қазақстан жастар конгресінің 15 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Қазақтың зиялылары айтқандай, қоғамның белсенді мүшесі – жастар. Халық жастарға сенеді, Президент жастарға сенеді. Сіздер өз тараптарыңыздан сол сенімді абыройлы атқарып келе жатырсыздар. Алдағы уақытта да солай болатынына сенімдімін. Елбасының ішкі және сыртқы саясатта жүргізіп отырған басты ұстанымдары жастарға, қазақстандықтарға жаһандану процесінде бәсекелестікке төтеп бере алатындай жағдай қалыптастыру. Сондықтан мемлекеттің көрсеткен қолдауын толыққанды пайдалана отырып, алдыңғы буын аға-апаларымыздың берген тәжірибесін, солардың ұстанымын жоғары көтеріп алдағы уақытта белсенділікті күшейтіп, белсенді жастардың санын көбейтіп, білімге, мәдениетке, спортқа құштар жастар алдағы уақытта да еліміздің дамуына үлкен үлес қосады деп сенім білдіремін, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Қазақстан жастар конгресі кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева қала тұрғындары мен қонақтарын Атырау қаласының туған күнімен құттықтады.
«Атырау – еліміздің байлығы. Біздің еліміздің ең әдемі, қасиетті жері, әрқашанда өркендеп, халқы бай болсын деп тілегім келеді. Бүгін жастардың жеткен жетістіктерімен бірге ұтымды жоспарларды, мәселелері айтатын жақсы әңгімесі болады деп үміттенемін», ‒ деді ол.
2002 жылы Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан жастар конгресі бүгінде «Жасыл ел» бірыңғай еңбек жастары ұйымы, «Жас Ұлан» жасөспірімдер ұйымы, «Студенттер альянсы» сынды ұйымдарды біріктіреді. Конгрестің атқарушы директоры Айдын Сәбитовтің айтуынша, биыл әскери-патриоттық бағыт айрықша назарға алынған. Жуырда «Жас қару» патриоттық ұйымы жұмысын бастапты.
Емен-жарқын жүздесуге негізделген жиында жастар қол жеткізген жетістіктері мен толғандырып жүрген мәселелерін ашық айтты.
Мәселен, атыраулық жас кәсіпкер Нұрлан Азаматов мектеп оқулығына «Экономика» пәнінің қайта енгізу туралы ұсынысын айтты. Оның айтуынша, өзі мектепте оқыған жылдары «Экономика» пәніне деген қызығушылығы, бүгінгі күні оны бизнес саласында өз мүмкіндігін сынап көруге, тәуелділікке барудан қорықпауға, жаны қалаған табысты жұмысты істеуге стимул бергенін айтты.
Сонымен қатар, өте өзекті тақырыпты қозғауға себеп болған жас кәсіпкер, «Жастарды қолдау орталығы» ҚБ-нің жетекшісі Әнуар Жұмабайдың сауалы көпке ой салғандай. Оның айтуынша, еліміздегі жас ғалымдар туралы көпшілік білмейді, олардың ғылыми жобаларын насихаттау, халыққа жеткізуде қолдау жоқ. Соның салдарынан жас ғалымдар, өздерінің оқу орындарында, зертханаларында жетекшілерімен бірге жеке қалып отыр. Негізінде еліміз жан-жақты дамысын десек, алдымен ғылым мен бизнесті байланыстырып, қатар дамыта қадам басса нәтижелі болмақ. Бүгінде жас ғалымдарымыздың елге қажетті көптеген пайдалы жобалары жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалып отырғаны жас кәсіпкерлерді толғандырып жүргені ашық айтылды.
Сондай-ақ, слетте өзге өңірден келген жастар ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жобалар жүзеге асып, нәтиже беріп отырғанын айтты. Жастардың ауыл шаруашылығына көңіл бөліп, оны табыстың көзіне айналдыру арқылы елдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына, халықтың құнарлы азық-түлікпен қамтылуына жағдай жасап отырғаны көңіл қуантады. Десе де, тасада қалған тақырыптар да бар. Бұл туралы Қазақстан жастар конгресі кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева тілге тиек етті.
– Алдымызда нақты мақсат болуы керек. Қазір жастардың жағдайларын жақсартатын мемлекеттік бағдарламалар бар. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы», «Жастардың кадрлық резерві», «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Білім мен ғылымды дамыту», «Үш тілде білім беруді дамытудың бағдарламалары», «Серпін», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға», жастар корпусын дамытуға арналған дүниежүзілік грант жобалары жарқын болашаққа жетелейді. Ауыл жастарын оқытуға 7 млрд теңге бөлініп отыр. Жастарды алғашқы мамандыққа оқыту бағдарламасы бар. Мыңдаған жас азаматқа жол ашқан «Болашақ» бағдарламасын айрықша атауға болады. Мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау жеткілікті дәрежеде. Олар қалай жүзеге асырылып жатыр, нәтижелері қандай? Конгресс осы сауалдарға жауап іздеп, бағдарламалардың тиімділігін, жетістігін бақылап отыруы тиіс. Бақылау болмаса, сұрақ болмаса, жұмыс жүрмейді, ‒ деп Конгрес төрайымы негізгі мақсат-міндеттерді белгілеп берді.
Бұған қоса, Дариға Назарбаева еліміздегі туризм саласын дамыту жолдары жайлы сөз қозғады.
‒ Туризмді дамытуға жастар атсалысу керек. Туризм – өнімділігі ең динамикалық түрде дамып жатқан бизнес түрі. Әсіресе, шағын, орта бизнеске. Туризммен қатар қазіргі таңда жастар туризмін дамыту – өте өзекті мәселе. Өз еліміздің, жеріміздің жастары еліміздің аймақтарына туристік сапармен барып көрді ме? Меніңше, өте жақсы бағамен турлар жа-сауға болады. Алыс-жақын жерлерден туристерді тартуға жастар жұмыла жұмыс атқаруы керек. Киелі де, қасиетті әрі мақтанып көрсететін жерлеріміз аз емес. Егер оны туризм бизнесіне айналдыратын болсақ, одан танымдық және қаржылай пайда мол болады. Жұмыс істейтін жастар табылса, көмектеспейтін тарап болмайды. Биылғы жылдың соңында «Нұрлы жол» жобасы салынып болады. «Нұрлы жол» – Жібек жолының бойында салынған жол. Ол – тарихи жер. Келесі жылы жазғы демалыс уақытында аймақ-аймақтың жастарын қосып, біріктіріп, сол «Нұрлы жолға» сапар жасасақ, жақсы болар еді. «Нұрлы жол» арқылы біздің еліміздің бюджетіне бірталай қаражат түседі деп Елбасымыз сенім артып отыр. Бәріміз де сенеміз. Әлеуметтік сұрақтарға қатысты тәрбиелік жұмыстарға да жастардың араласуы маңызды. Елімізде балалар үйінің, қарттар үйінің болғаны біз үшін ұят. Қазақ халқына жат. Бұл да жастардың деңгейінде жүргізілетін жұмыстар, – деп Дариға Нұрсұлтанқызы жастарды белсенділікке шақырды.
Мұнымен қоса, Дариға Назарбаева Атырауға сапарында Ұлттық гвардияның №51051 әскери бөлімшесіне барып, «Батыс» өңірлік қолбасшылығында қорғаныс пен қауіпсіздік бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қорғаныс пен қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет алып, жауынгерлік көліктер паркіндегі әскери техника мен қару-жарақтың түрлері, штаб мұражайын аралады.
Биыл «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери техниканың 90 пайызын жаңартқан. Олардың дені өзіміздің отандық, яғни қазақстандық әскери зауыттарда күрделі жөндеуден өткен. Жаңа техниканың қатарында «Кобра» мен «Арлан» сауытты көліктерін ерекше айтып кетуге болады. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Рүстем Игісіновтің айтуынша, биыл – жауынгерлік даярлық жылы. Осы ретте, әскери штаб барлық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын айтпай кету мүмкін емес. Бұл нәтиже – жауынгерлік даярлықтың қарқындылығы және жоғары сапалы қызметтің жемісі.
Анар ЛЕПЕСОВА