Қытай қағаз ақшадан түбегейлі бас тартуы мүмкін

Қытай қағаз ақшадан түбегейлі бас тартуы мүмкін

Қытай қағаз ақшадан түбегейлі бас тартуы мүмкін
ашық дереккөзі
338
Қытай алдағы 10 жылда қағаз ақшадан мүлде бас тартуы мүмкін, деп хабарлайды 24.kz. Жұрттың көбі электронды төлем түріне көшкен. Мәселен, былтыр тұрғындар телефон қосымшасы арқылы 5,5 млрд доллардың қаржылық операциясын жүргізген. Осылайша қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшкен тұтынушылар саны 500 млн-ға жеткен. Қазір көрші елдегі ірі қалалардың кез келген тұрғыны төлемді өз смартфоны арқылы жүзеге асырады. Әлемде алғаш рет қағаз ақшаны қолданысқа енгізген қытайлықтар. Енді жаһанда сол қағаз ақшадан бірінші болып бас тартатын да осы ел болуы мүмкін. Қазір мұнда жұрт жаппай электронды төлем жүйесін пайдаланады. Бейжіңдегі бұл супермаркетке қалтаңызға ақша салып келмей-ақ сауда-саттық жасай аласыз. Ол үшін кассаның қызметі арқылы QR кодпен төлем жасап жүре бересіз. Қазір үлкен қаланың тұрғындары супермаркет пен базарда сауда жасау үшін әмиянның орнына смарфондарын алып шығады. Өйткені барлық жерде телефонмен төлем жасауға болады. Бұл сатушылар үшін де өте ыңғайлы. Алаяқтыққа, ұрлыққа жол берілмейді. Клиентке қайтарым жасаудың да қажеті жоқ. Бейжің тұрғыны Сяо Ми айлығын банкоматтан шешіп алмайды. Жалақы картасы электронды әмиянына байланған, сондықтан кез келген жерде телефонмен төлем жасайды. Бұл жүйе тиімді, үнемі жеңілдік жасайды. Сяо Ми, Бейжің қаласының тұрғыны: - Электронды төлем шынымен өмірімізге көп ыңғайлы. Оны жалпыластыру үшін шағын дүкендердің өзі жеңілдік жасайды. Кезек болмайды. Ақшамды жоғалтып алудан да қорықпаймын, барлығы смартфонымның ішінде. Қытай алдағы уақытта электронды төлемге 100% көшкен әлемдегі алғашқы ел болуы мүмкін. Мұнда тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасайтын ең танымал телефон қосымшасы – WeChat. Онымен хабарлама алмасумен қатар оп-оңай есеп айырысуға да болады. Ақшадан қысылған жақыныңа да қажетті соманы жібере аласыз. iResearch консалтингтік фирмасы жүргізген зерттеуге сәйкес, 2016 жылы Қытайдың бұл саладағы көрсеткіші АҚШ-тан 50 есе артып кеткен. Суй Чжэн, Бейжің теxнология және бизнес университетінің профессоры: - Былтыр Қытай тұрғындары телефон арқылы 5,5 млрд доллар төлемін жасады. Оның басты артықшылығы – қауіпсіз. Соның арқасында көлеңкелі бизнес азайды. Ең бастысы, өте ыңғайлы. Жұмысбасты жұрт үшін электронды төлем көптеген мүмкіндіктер ашты. Саусақтың ұшымен-ақ қыруар шаруаны тындыратын болдық. Қытайдың қағаз бен монета ақшадан біртіндеп қол үзуі жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мейрамханада даяшы клиенттен бірінші кезекте WeChat немесе Alipay төлем жүйесін сұрайды. Ал мұндай мүмкіндік болмаса, қолма-қол есеп айырысуға жүгінеді. Бұл үрдіс қоғамға бар-жоғы 3 жылдың ішінде оп-оңай сіңісіп кетті.

Серіктес жаңалықтары