264
Сыр диқандары ұнатқан «Таром Хошими»
Сыр диқандары ұнатқан «Таром Хошими»
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасына барды. Сырбойылық кәсіпкерлер Гүлістан және Мазандаран провинцияларындағы ауыл шаруашылығы өндіріс орындарын аралап көріп, Иранның бизнес қауымдастығына ортақ жобаларды таныстырды.
Сыр өңірінің делегациясы Гүлістан провинциясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы саласындағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, провинцияның губернаторы Сейид Маноф Хашемимен бірлескен жұмыстар туралы талқылады.
Мұнан бөлек, «Қызылорда облысы мен Гүлістан провинциясы арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыс» тақырыбында бизнес-форум болып өтті. Форум аясында нақты жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.
‒ Елбасының ИИР президенті Руханимен саяси келісімдерінің арқасында осындай аймақтық қарым-қатынастарға негіз қаланған. Болашақта бұл елмен бірге сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытуға мүмкіндік бар. Өйткені Қазақстанның, Түркіменстанның және Иранның бірігіп салған «Жаңаөзен ‒ Қызылқия ‒ Берекет ‒ Этрек ‒ Горган» темір жолы бар. Ақтау теңіз портының мүмкіндіктері де кеңейіп келе жатыр. Сондықтан біз осыны дұрыс пайдаланып, экономикамызға қажетті жобаларды іске асыруға мүмкіндік алып отырмыз. Біз өткен жылы Иран күрішінің сортын 70 гектар жерге егіп, жақсы өнім алдық. Қазір Иран республикасы жылына 3 миллион тонна күрішті экспорттайды. Ал оның бағасы біздің күріштің бағасынан 10 есе қымбат. Сондықтан бұл бізге өте тиімді. Қазір Иранға Қызылордадан күріш жеткізу туралы келісімге келдік, Иран тарапы бізбен жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін көрсетіп, тиісті келісімдерге қол қойылды, ‒ деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ирандық кәсіпкерлермен келіссөзден соң.
Мұнан басқа, делегация Горган қаласының ескі шаҺарын аралап, «Аққала» индустриялық аймағының жұмысымен танысып, Гүлістанда тұратын қазақ диаспорасымен кездесу өткізді.
Мазандаран провинциясында сырбойылық делегация губернатор Рабие Фаллах Джелоудорының қабылдауында болып, «Гаре Бурун» кооперативінің бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және уылдырық шығару жұмыстарын көріп, сүт өнімдерін шығаратын «Kale Dairy Company» компаниясының жұмысымен танысты. Мазандаран провинциясында да бизнес-форум ұйымдастырылып, ортақ жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Қараша айында ирандық кәсіпкерлер «Байқоңыр» инвестициялық форумына қатысу үшін және қол қойылған меморандумдар бойынша жұмысты бастауға арнайы Қызылорда облысына келеді.
Айта кетерлік тағы бір жайт, биыл Иран Ислам Республикасына «Таром Хошими» сортынан 60 тонна күріш экспорттау жоспарлануда. 2020 жылға қарай ирандық күріш алқаптарын 5 мың гектарға дейін ұлғайтып, экспорт көлемін 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Осындай жұмыстар жүгері егіп, өңдеуге қатысты да жүргізілетін болады.
Сыр диқандары үшін биылғы жыл олжалы жыл болды. Өңір шаруалары күріш алқабынан мол өнім жинады. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мәліметінше, аймақта 90 882 гектар күріш алқабы орылып, 502 525 тонна өнім жиналған.
– Биыл күн райына байланысты егіс жұмыстары да, соған сәйкес күзгі науқан да жылдағыдан кештеу басталды. Соған қарамастан өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жинап алдық. Бүгінде облыс диқандары жарты миллион тоннадан астам өнімді қамбаға құйып алды. Бұл былтырғы жыл көрсеткішінен 20 пайыздай артық, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.
Қармақшыдағы «Ақтөбе и К» серіктестігі – егін науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтаған еңбек ұжымы. Осыдан екі апта бұрын алқаптағы жұмыстарды тиянақтаған ұжым биыл 1875 гектарға күріш еккен. Сонымен қатар, 100 гектарға ирандық Таром Хошими сұрпын тәжірибе ретінде отырғызыпты.
– Бізде осы өңірде жиі егілетін Лидер сұрпының өнімі гектарына 70 центнерден айналды. Ал ирандық сұрыпты тәжірибе ретінде ектік. Шығымы жаман емес, алда да жалғастыратын ойымыз бар. Таром Хошимидің негізгі тұтынушысы – Иран елі. Ай соңында осы елге 60 тонна өнім жібереміз, ‒ дейді «Ақтөбе и К» ЖШС басшысы Нұрлан Іздібаев. Серіктестік 300 миллион теңгеге Оңтүстік Кореядан шыққан күріш өңдеу зауытын да сатып алған. Оның 15 пайызын өздері төлесе, қалғанын «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржысының есебінен өтеді.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасы мамандары аймақ бойынша күріштің әр гектарынан 70 центнерден өнім жиналғанын айтады. Ал «Достық-жер-МК» ЖШС, «Жаңажол» шаруашылығы диқандары 80-82 гектардан өнім алды.
– Ауылшаруашылық құрылымдарын мемлекет қолдауы арқасында соңғы жылдары өңірде шаруашылықтардың техникалық паркі жаңара түсті. Жер өңдеу жұмыстары да жолға қойылып, шаруалар өнімді сұрыптарға ден қоя бастады, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жаханов. Соның нәтижесінде Сыр диқандары республиканың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға да зор үлес қосуда.