393
Бухарест қазақ режиссерлеріне құрмет көрсетті
Бухарест қазақ режиссерлеріне құрмет көрсетті
Бухарест қаласында 23-25 қазанда Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанының 25-жылдығына арналған қазақ киносының 3-і фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ сайты.
Іс-шара Қазақстанның Румыниядағы Елшілігімен, «КМГ Интернешнл» компаниясының қолдауымен, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, Румынияның мәдениет институты және Бухарест қаласындағы Француз мәдениет институтының жәрдемімен ұйымдастырылды.
Үш күн ішінде әйгілі Қазақстан кинорежиссерлерінің 5 шығармасы көрсетілді: Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы: Алмас қылыш», Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Сәбит Кұрманбековтың «Оралман», Ермек Тұрсыновтың «Жат» және Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақ тал».
Фестивалдың салтанатты ашылуында Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашев, қазақ кинематографымен танысудың арқасында румын көрермендерінің Қазақстан халықтарының тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін жақынырақ тануға мүмкіндік болатындығын, бұл арқылы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық алмасуды дамытуға қомақты үлес қосылатындығын айтты.
Румын қауымымен болған жылы кездесудің барысында фестивальдің құрметті қонақтары - Іңкәр Әбдіраш («Қазақ хандығы: алмас қылыш) және Алтынай Нөгербек (Анаға апарар жол) кино жұлдыздары фильмдердің түсірілімі туралы әңгімеледі. Фестиваль қонақтары - саяси және мәдени қайраткерлер, сондай-ақ тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері фильмдердің бостандық пен тәуелсіздік үшін күреске толыққан мемлекеттілігінің ұқсас тарихын қоса алғанда, Қазақстан мен Румыния халықтарының ортақ қасиеттері мол екендігін көрсететіндігін атап өтті.
Ағымдағы жылдың қараша айында Румынияның ірі қалаларында - Констанца мен Клуж-Напокада Қазақ киносының тұнғыш фестивальдері ұйымдастырылуы жоспарлануда. Айта кеткен жөн, Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған қазақ киносының тұнғыш фестивалы 2015 жылдың қарашасында Бухарест қаласында өтті. Ал 2016 жылдың 29 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында осы қалада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қазақ киносының екінші фестивалі ұйымдастырылған болатын.