Түйірлеп дәрі ішкендер

Түйірлеп дәрі ішкендер

Түйірлеп  дәрі ішкендер
ашық дереккөзі
233
  Бірінші байлық денсаулық болғандықтан, фармацевтика саласының қуатын арттыру да басты міндет болуы тиіс.Алайда елімізде дәрі-дәрмек өндірушілерге, фармацевтика саласына  қатысты шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Әсіресе, дәріхана сөресіндегі дәрілік заттардың бағасын ретке  келтіру күрделі мәселеге айналып отыр. Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасын реттеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі арнайы заң жобасын әзірледі. Бұл туралы таяуда Астана қаласында өткен конференция кезінде белгілі болды. Егер бұл құжат қолдау тапса,  дәріханаларда бағаны реттеу үшін ведомство өкілдері дәріні өндірушіден бастап, әр барар нүктеге жеткенге дейінгі бағасын тіркеп отырмақ. «Дәрінің өз тіркелген бағасы бақылауда болады. Онда әр өндірушінің жеткізіп берудегі шығыны есептелген бағаға қосымшасы да көрсетіледі. Бұл дегеніңіз кедендік, логистика және сапа қауіпсіздігінің қосымша бағасы бірге есептеледі деген сөз», – деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің маманы Арнұр Нұртаев. Естеріңізде болса, көктемде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмек бағасын бұрмалау мәселесін дәрілік заттарды өндірушіден сатып алушыға дейін қадағалау жүйесін енгізу арқылы шешуді ұсынған болатын. Бердібек Машбекұлының сөзінше, дәрілік өнімдер өндірушіден сатып алушыға дейін бірнеше делдал арқылы өтеді. Сондықтан мұның бәрін қадағалап, соған сәйкес дәріні қымбаттатуға қарсы тиімді шаралар қолдану қажет. Сол кезде Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың еуропалық жүйесі енгізілетіндігін мәлімдеген еді. «Дәрі-дәрмек айналымын бақылау және нарыққа контрафактілі өнімдердің еніп кетпеуі үшін еуропалық елдер тауардың әр қорабына 2D-кодтарды енгізу бойынша қарар қабылдаған. Осындай жүйенің Қазақстанда енгізілуі дәрі-дәрмек айналымын бақылап, есептеп отыруға жол ашады», – деп атап өткен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Бірақ одан бері де бірнеше ай өткенімен, жағдай әлі де түзеле қойған жоқ. Ал бірыңғай дистрибьютор СҚ-Фармацияға қарасты қосымша 7 пайыздық баға үстемесі қалай есептелетіні жөнінде мемлекеттік мекеме нақты мәлімдеме жасады. Айта кетейік, «СК-Фармацияға» көрсеткен қызметі үшін 7 пайыз төленеді. Олай болса, дәрі-дәрмектердің бағасы неліктен сонша қымбат? Бұл препараттар тегін медициналық көмек көрсету бағдарламасы аясында бюджет ақшасына сатып алынады. Ал алыпсатарлар оның үстінен 25 пайыз пайда көреді. Бір қызығы, препарат бағасы өзгеруі мүмкін деген желеумен белгілі бір уақытқа тіркеледі. Алайда басқа мемлекеттерде дәрі-дәрмек бағасының тіркелуі ұзақ жылға жалғасады екен. Және онда мемлекет дәрі-дәрмекке қарапайым халықтан гөрі ақшаны көбірек жұмсайтын көрінеді. Статистикаға жүгінсек, Еуропаның дамыған елдері арасында үкімет өз тарапынан қаржының 0,8 пайызын ғана жұмсайды, ал халық – тек 0,6 пайыз. Ал бізде, керісінше, халық 0,5 пайыз жұмсайды, ал үкімет – 0,2. Қазіргі уақытта Қазақстандағы орташа есеппен алғандағы дәрі-дәрмек бағасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегіден әлдеқайда жоғары. «Көпшілік «Қазақстан Еуропадан алшақ орналасқан, логистикалық байланыс қымбат» дейді. Алайда Еуропадан орналасу қашықтығы Қазақстанмен сәйкес келетін мемлекеттерде баға көлемі арзан болып келеді», – дейді Арнұр Нұртаев. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олардың нарығында бағаны қалыптастырудың нақты әдістері бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң бақыланады. Өнімге қойылатын талапта тауар құны әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгереді. Кей мемлекеттерде дәрі-дәрмек бағасы үнемі бақылауда. Мысалы, Түркияда дәрілік заттар құны қатаң қадағаланатындықтан, баға мүлдем төмен. Нәтижесінде, кейбір әлемдік фармакомпаниялар Түркияға дәрі-дәрмектерін жөнелтуден мүлдем бас тартқан. Ал Қазақстанда мемлекеттік тапсырыстан тыс сатып алынатын дәрі-дәрмектердің бағасына қандай да бір реттеудің болмауы салдарынан тұтынушылар зардап шегіп отыр. Сатушы қандай бағаны қаласа, сол бағаны қояды.  «Мысалы, дәріханалар өздерінің кіріс көлемін еш бақылаусыз, еш шектеусіз орнату құқығына ие. Әлдекімдердің айтуынша, бұл нарықтық қатынас, экономика заңдылығы болуы да мүмкін. Біз онымен толығымен келісеміз. Дегенмен кейбір дәріханалар нарықтық қатынастарға қарамастан, кей жағдайда 200 және 300 пайыз көлемдегі үстеме баға қосады», – деп түсіндірді жағдайды Арнұр Нұртаев. Сарапшы мамандардың деректеріне сүйенсек, өткен жылы фармацевтика нарығында 458 миллиард теңге айналымда болған. Оның 60 пайызы – тұрғындардың қалтасынан шыққан қаражат. Бұл сандар – соңғы уақытта дәрі-дәрмек бағасының қаншалықты қымбаттағанының дәлелі. Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылы фармацевтикалық өнімдердің бағасы 33 пайызға қымбаттаған. Антибиотиктер 34,4 пайызға, витаминдік өнімдер 27,3 пайызға, жөтелге қарсы шәрбаттар 46,6 пайызға артыпты. Ал 2017 жылдың алғашқы бес айында фармацевтикалық өнімдер 9,8 пайызға, антибиотиктер 8,1 пайызға, витаминдік өнімдер 4,9 пайызға, жөтелге қарсы шәрбаттар 12,4 пайызға қымбаттаған. Ресми деректер елімізде 7 мың түрлі дәрілік зат бар екендігін айтады. Дәрілік заттардың көпшілігі Германия, Франция, Ресей елдерінен тасымалданады. Ал өзімізде өндірілетін медициналық өнімдердің үлесі тым аз. Қазақстан дәрі-дәрмекті көп тұтыну жағынан ТМД елдері бойынша алғашқы үштіктің қатарында. Яғни, қымбат болса да халықтың дәріге деген сұранысы бар. Алайда еліміз сол сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, қарапайым халықты қолжетімді бағадағы дәрімен қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан денсаулығы үшін түйірлеп дәрі ішіп, уыстап теңге жұмсап жүргендер еліміздің қай түкпірінде болса да, дәрі-дәрмектің бағасы ең ащы дәріден де удай екенін үнемі айтады. Соның бәрі айдай ақиқат.    

Серіктес жаңалықтары