Қазақтың мақтанышы – ұлпа мақта

Қазақтың мақтанышы – ұлпа мақта

Қазақтың мақтанышы – ұлпа мақта
ашық дереккөзі
3026
Еліміздегі ақ алтынның отаны – Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы өткен аптадан бастап мақта теруге кірісті.  «Ақкеруен-2017» мақта терімінің ашылу салтанатында ақ алтын бағасы қойылып, мақтаны қабылдау бекеттері алғашқы өнімді тоннасын 165 мың теңгеден қабылдай бастады. Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді тәсілін қолданудың нәтижесінде Мақтаралдағы 95 мың гектар жерге себілген шитті мақтадан орташа есеппен гектарына 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Аудан шаруалары өткен жылы 218 мың тонна өнім жинаса, биыл да мол өнім алуға ниетті. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 15 мың тоннадан астам мақта келіп түскен, диқандар терім біткенше 200 мың тонна мақта жинап алуды жоспарлауда. Биылғы мақта келісінің бағасы – 165 теңге. Бәсекелестік ортада мақтаның бағасы 200 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар. Жалпы биыл Оңтүстік Қазақстанда 134,6 мың гектар жерге мақта шиті себілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық. 2016 жылы шаруалар әр гектарына орташа есеппен 26,2 центнерден өнім алып, барлығы 286,4 мың тонна ақ ұлпа жинаған болатын. Биыл егіс көлемінің артуына байланысты өңірде 300 мың тоннадан астам мақта жиналады деп жоспарлануда. Оңтүстік Қазақстан облысы – республикамыздағы мақта өндіретін жалғыз өңір. Облыс бойынша мақта дақылы 9 ауданда егіледі. Алғаш болып жиын-терім жұмыстары Мақтарал, Шардара, Сарыағаш аудандарында басталды. Ең соңғы болып ақ алтынды түркістандық шаруалар жинайды.  Ақ алтынға ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сұраныс жоғары болғандықтан, жергілікті шаруалар тынымсыз еңбек етуде. Бүгінгі таңда өңірде 22 мақта тазалайтын зауыт, 264 мақта қабылдайтын пункт жұмыс істейді. Облыста жылына 270 мың тоннадан астам ақ мақта жиналса, алынған шикізатты 16 мақта зауыты өңдейді. Олардың арасында 50 жылдан бері ақ алтын өңдеумен айналысып келе жатқан «Ақ-Алтын» зауытының шоқтығы биік. Өндіріс орны Мақтарал, Киров, Жетісай аудандары бірікпей тұрғанда, Киров мақта тазарту зауыты болып аталды, кейін «Ақ-Алтын» мақта тазалайтын зауыт корпорациясы» АҚ болып қайта құрылып, жекешелендірілді. «Ақ-Алтын» еліміздің, жалпы облыстың, соның ішінде Мақтарал ауданының әлеуметтік-экономикасының дамуына мол үлесін қосуда. Тарихы 1967 жылдан бастау алған зауыт 50 жылда ел шаруаларынан 1млн 600 мың тонна шитті ақ мақта қабылдап, оны өңдеп, ел игілігіне ұсынды. Мақта зауыттарының ішінде жалғыз «Ақ-Алтын» АҚ ғана мақтаны өңдеудегі қалдықсыз жаңа технологияны пайдаланатын Қазақстандағы бірінші зауыт екенін айтуға тиіспіз. Мақта өңдейтін зауыттардың көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, бір тонна мақтадан шамамен 330-340 келі таза талшық, сонымен қатар шит, линт, улюк алынады. Мақта талшығы өнеркәсіптік, стратегиялық, шетелдік валюта әкелетін бірден-бір шикізат екені белгілі. Мақта шаруашылығын өркендету жайында Халықаралық мақта кеңестік комитетінің мәліметіне сүйенсек, дүниежүзіндегі 70-тен астам мақта шикізатын өндіруші мемлекеттің арасынан тоғыз мемлекет қана мақта өсіретін диқандарға көмек көрсетеді екен. Олар: Қазақстан, Қытай, Түркия, АҚШ, Австралия, Үндістан, Мексика, Бразилия және Болгария. Елімізде ақ алтын өндірісін ілгерілету ісі тұқым өндіруді қолдау, тыңайтқыштардың бағасын төмендету, су шаруашылығын қолдау, жанар-жағармайды субсидиялау, мақта шикізатын сатып алу, мақта шикізатын және мақта талшығына сараптама жасау секілді кешенді шаралардан тұрады. Үкімет мақта өндірісін дамытуға 2005 жылы – 3,5 млрд, 2010 жылы – 5,5 млрд, 2015 жылы 7 млрд теңге бөлді. Сапа жағына келсек, мақтаның сұрыптары орта талшықтыларының ішінде жоғары көрсеткіштерге жетіп, талшықтың орташа шығымы – 38,7-39,3 пайыз, үзілу ұзындығы – 26,1 км, беріктігі – 4,9 гк, микронейрі – 4,5, талшықтың ұзындығы – 34,1 мм құрады. Бұл көрсеткіштер көрші елдердегі мақта сұрыптарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қазіргі таңда 110 мың гектар жерге аудандастырылған бес отандық мақта сұрпы егіледі. Бұл еліміздегі жалпы мақта егістігінің 80 пайызынан асады. Ақ алтын өндірісін жандандыру бағытында қолға алынған тағы бір кәделі іс – Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ашылуы. III типті жіңішке талшықты мақта шығаруды мақсат еткен институт елімізді шетел шикізатына тәуелділіктен арылтуды көздейді. «Бізде IV-V типті орта талшықты мақта өндіріледі. Мақтаның талшығы сапасына қарай I-II-III-IV-V болып бөлінеді. Әлемде мақта қозасы 34 млн гектар алқапқа егілсе, осы өндірілетін мақтаның 85 пайызы – орта талшықты IV типті мақта талшығы. Оңтүстік Қазақстан  облысында тек IV және V типті орта талшықты мақта өндіріледі. Сондықтан III типті жіңішке талшықты мақтаны шеттен сатып алуға мәжбүрміз. Ғылыми-зерттеу институтының бірінші кезектегі мақсаты – үшінші типті мақта шығару. Оның сапасы да жоғары болуы тиіс», –  дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ғалым-агроном Ибадулла Үмбетаев. Ғалымның осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқанына он жылдың шамасы болыпты. Еңбегі нәтижелі болса, алдағы жылдарда Түркіменстандағыдай жібек мақтаның бір сұрыпын шығаруға болады. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақ мақта шаруашылығының ғылыми-зерттеу институты базасында «Мақтарал» білім беру  орталығы жұмыс жасауда. Орталықтың мақсаты –  мақта өндіру саласындағы көкейкесті түйткілдердің бірі – ғылыми негізделген инновациялық технологияларды дұрыс пайдалана алмау мәселесін шешу. Егіншілік мәдениетінің төмендігі, жаңалықтарды өндіріске енгізудің баяу жүруі өнімнің төмендеуіне әкеліп соқтыратыны белгілі. Жаңа технологияларды өндiрiске енгiзу фермерлердiң арнайы бiлiмi жеткiлiктi болғанда ғана оң нәтиже бередi. Өкiнiшке қарай, бүгінде әрбiр 100 фермердiң 13-iнде ғана арнайы орта және жоғары бiлiмi бар. Бұл түйткілдің түйінін тарқату мақсатында білім беру орталығы Қазақ ұлттық аграрлық университетiмен тығыз байланыста жұмыс жүргiзуде. Саланы бес саусағындай білетін мамандармен бiрлесiп атқарған жұмыс көп ұзамай жемісін береді деп сенеміз. Шикізат өндіріп қана қоймай, одан дайын өнім жасап шығару, нарықта отандық тауардың үлесін арттыру – ел экономикасының негізгі мақсаттарының бірі. Бұл іске Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Azala Cotton» ЖШС де өз үлесін қосып, тоқыма өндірісін дамыту бағытында қарқынды еңбек етуде. Фабрика басшылығының айтуынша, серіктестік өнімдері бүгіннің өзінде Түркия мен өзбекстандық тауарлармен бәсекеге түсе алады. «Фабрика биыл қаңтарда «Azala Cotton» ЖШС болып қайта жұмысын бастады. Мамыр айында біз «БРК лизинг» АҚ арқылы қомақты қаржы алып, фабриканы толықтай сатып алдық. Жабдықтарды Австрия, Германия, Швейцария секілді Еуропа елдерінен алып келдік. Қазіргі таңда толықтай қуаттылық бойынша жұмыс істеп, жылына 6 мың тонна жіп шығаруға қауқарлымыз. Бұл бір жылда 7-7,5 мың тонна мақтадан жіп иіріп шығарамыз деген сөз», – деді фабрика директоры Дархан Оңланбеков. Фабрика өз қызметкерлерінің білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап отыруына жіті көңіл бөледі. Цех жұмысшыларының орташа жалақысы 60-70 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, өндіріс орны қаланың шеткі аумағында орналасқандықтан, басшылық арнайы көлік қарастырып, қызметкерлердің жұмысқа қиындықсыз келіп-кетуіне жағдай жасаған. Сондай-ақ, цех жұмысшылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Өндіріс басшысының айтуынша, дайын өнімді өткізуде әзірге қиындық туып жатқан жоқ. «Елімізде «Жасампаз» деген консорциум бар. Оған жеңіл өнеркәсіппен айналысатын серіктестіктер мүшелікке кірген. Біз де соның құрамындамыз. Бұл ұйым 100 пайыз таза қазақстандық өнім шығаруға ұмтылып отыр.Ұйым құрамындағы өндіріс орындары бір-бірімен келісімшартқа отырған. Тауар өткізуде ешқандай қиындық жоқ. Мәселен, біздің өнімді дәл осы арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Azala Textile» мен «Әлем БТ» өндіріс орындары пайдалануда. Жақында Қытай, Ресей, Түркия мен Белорусь елдерімен келісімшартқа отырдық. Біз өнім бойынша көршілес жатқан Өзбекстан мен тоқыма өнеркәсібі бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі –  Түркия елдерімен бәсекелестікке түсе аламыз», – дейді кәсіп­орын басшысы. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 55-қадамын орындауда, яғни отандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығару бағытында өндіріс орнының алға қойған мақсаты көп.  Тек таза мақтадан өнім өндіретін кәсіпорын жыл соңына қарай синтетика аралас жіп өндіру бойынша екінші жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Жоспар жүзеге асқан соң тағы да 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Өнім көлемі де артады, яғни, қазіргі таңда фабрика 6 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болса, ол кезде тағы 3 мың тонна жіп сатылымға шығарылатын болады.  

Серіктес жаңалықтары