1238
«Мал өсірсең, қой өсір...»
«Мал өсірсең, қой өсір...»
Қой шаруашылығын ата кәсібім деп ардақтаған қазақ «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» демеп пе еді?! Ұлттық тағамдарымызды етсіз елестету қиын, әрине. Сыйлы қонағы, құдайы қонағы келсе де, қойдың басы мен жілігін алдына қойған халықпыз. «Мал өсірсең, қой өсір – пайдасы оның көл көсір». Шопан ата түлігінің бағасы осы бір-ақ ауыз сөзге сыйып тұрғандай. Қой кешегі өндіріс тоқтаған, еңбекақы мен зейнетақы көзден бұл-бұл ұшқан қиын кезеңдерде де қазақтың берекесін сақтап, ақша орнына жүрді, азығы да, киімі де болды. Бүгінде елдің жағдайы түзелді, қой басын көбейту де қолға алынды. Түліктен алынған түрлі өнімдер ел экономикасының дамуына ықпал етіп, алыс-жақын көршінің нарығына жол тартуда.
Бүгінде қой шаруашылығы – отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі. Ет пен жүн экспорттау ісінде біршама ілгерілеу бар. ҚР Статистика агенттігінің 2016 жылдың 1 қарашасында берген мәліметіне сәйкес, Қазақстанда қой саны 20 миллионнан асқан. Яғни, 2015 жылдан бері 183 мыңға өскен. Егер қой өсіру осы қарқынмен арта беретін болса, Кеңес Одағы кезінде көптің аузына ілінген көрсеткішке жететін күніміз алыс емес. Ол кезеңде Қазақстандағы қой саны 37 милионнан асып жығылатын еді.
Елімізде қой өсіру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының шопандары көш бастап келеді. Облыста 2010 жылы 3 756 700 қой мен ешкі болса, 2017 жылдың 1 сәуіріне дейінгі есеп – 4 505 000. Бұл республикадағы қой мен ешкінің 23,7 пайызын құрайды. Қой мен ешкі саны жағынан өңірде Сарыағаш ауданы 1-орында келеді (787 480). Ал жан басына шаққандағы ең жоғары көрсеткіш Бәйдібек ауданының еншісінде. Ауданның әрбір тұрғынына 10 қойдан келеді.
Мал шаруашылығының басым бағыты – қой шаруашылығын кәсіп еткендерге қолдау артса, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші едәуір өсетіні белгілі. Сол себепті де, 2008 жылдан бері үкімет қабылдаған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар осы кәсіптің қарыштауына қызмет етіп келеді. Қойдың санын өсірумен қатар сапасын жоғарылату үшін үкімет «Алтын асық» бағдарламасын қабылдады. 2010 жылы ғалымдар республика бойынша қой шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын жасады. Оны жүзеге асыру үшін өткен жылы республикалық қой шаруашылығы палатасы құрылды.
ОҚО-да төрт түліктің ішінде қой шаруашылығында асылдандыру ісіне шаруалардың өзі ерекше қызығушылық танытып отыр. Бүгінде өңірде 120-дан аса шаруа қожалығы қой өсірумен айналысады. Олар қазақы, биязы жүнді, қаракөл қойларын асылдандыру ісін қолға алған. Мұндағы мақсат – аз шығын жұмсап, көп өнім алу. Мәселен, Ордабасы ауданындағы «Сералы» шаруа қожалығы асыл тұқымды «Ордабасы» қойын өсіріп келе жатқанына біраз жылдың жүзі. Бұл асыл тұқымды қойдың басқа қылшықты қойлардан ерекшелігі – таза етті бірнеше есе артық береді. Бір аталық мал басынан 120 келіге дейін ет алуға болады. Бүгінде ел аумағына таралған ет бағытындағы аталмыш қой тұқымына көрші мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Өйткені жаңа тұқымды қойлар ыстық пен суыққа төзімді, шөлге шыдамды. Мемлекет тарапынан асыл тұқымды қошқарларды жалпы шаруаға бірдей етіп, аналық бастарын тегін қашыртуға көмек берілуде. Қойды қашыртып алу үшін мамандар мен техникалық құрал-жабдықтар, асыл тұқымды «жалға беру» қаржысы мемлекет есебінен жүргізіледі.
Қой өсіріп, кәсіп бастаймын деушілерге де мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Бұлар негізінен шағын несие алу бағдарламалары. Қой шаруашылығын бастаймын дегендерге, сонымен қатар «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы да алғашқы қадам жасауға болады. 2014 жылдан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне «Алтын асық» бағдарламасы арқылы қой сатып алуға несие бере бастады. Несие 14 пайыз жылдық мөлшермен (қарызды мақсатты жаратуына байланысты 4 пайыздан 7 пайызға жылдық мөлшермен субсидиялауды ескеріп) малдың аналық басын сатып алуға, айналымдық қаражатты толықтыруға беріледі. Несиелеудің мерзімі – 84 айға дейін.
Бүгінде Қазақстанда жиырма шақты қой тұқымы бар. Етті бағыттағы тұқымның кең таралғаны – Еділбай қойлары. Етті-жүнді бағытта меринос тұқымы да жақсы сұраныста. Қазақстан үшін қой етін экспорттау мәселесінде дәл қазір Қытай бағыты маңыздырақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылдан бері қытайлықтармен экологиялық таза ет тасымалдау мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізуде. Алдағы уақытта жылына 50 мыңнан 60 мың тоннаға дейін сиыр етін және 300 мың тоннаға дейін қой етін Қытайға экспорттау жоспарлануда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 61-қадамын ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тартуды көздейді. Негізгі міндет – шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау. Ет экспорты жөнінен Батыс Қазақстан облысының әлеуеті жоғары. Өңір шопандары өткен жылы 134 тонна қой етін Ресейге жөнелтсе, биыл 189 тонна қой еті Ресей мен Иранға экспортталды. Облыста қой шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Алдағы уақытта саланы ілгерілету шаралары жандана түспек. Бұл туралы өткен аптада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында «Қой еті экспорты және облыстағы қой шаруашылығын дамыту» тақырыбында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалық етуімен өткен кеңесте айтылды.
А.Өтеғұловтың айтуынша, өңірде қой басын өсіруге мүмкіндік мол. Қазіргі таңда облыста 1 млн 435 мың бас қой-ешкі бар, бұл өткен жылғыдан 2,5 пайызға артық. Асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылық саны 11-ге, мұндағы мал басы 32 500-ге жеткен. Жыл сайын облыста 16 700 тонна (сойыс салмағымен 7 600 тонна) қой еті өндіріледі. Соның ішінде «Батыс Марқа Ламб» ЖШС қой еті өнімдерін Ресей мен Иранға шығаруда. Таяуда Қытайдың Наньин қаласында өткен аймақаралық форум аясында аталмыш кәсіпорын мен қытайлық компания арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Келісімге сәйкес, Батыс Қазақстанда 30 мың бас ұсақ мал бордақылайтын алаң салу көзделуде. Содан кейін мұнда өсірілген мал «Батыс Марқа Ламб» ЖШС ет кешенінде сойылып, Қытайға жөнелтілетін болады. Жуырда Қазақстан Қытайға қой етін жөнелту жөнінде сертификат алмақ. Осылайша, батысқазақстандықтар кооперативтер құру, мал тұқымын асылдандыру арқылы қой етін алыс-жақын шет елдерге экспорттауға мүмкіндік алып отыр.
«Батыс Марқа Ламб» кәсіпорнынан бөлек қой етін экспорттау жөнінде сертификаты бар «Кублей» ЖШС да бұл іске бет бұрды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиевтің айтуынша, барлық аудандардан ұсыныс-пікір жинақталғаннан кейін мал, соның ішінде қой шаруашылығын дамытудың шағын бағдарламасы мен экспорттық әлеуетті арттырудың стратегиясы жасалатын болады. Бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау да бар. Мысалы, биыл облысқа агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бюджеттен 9 571,3 млн теңге бөлінсе, соның ішінде мал шаруашылығына 3 420,6 млн теңге бағытталып отыр. Осының 270 млн теңгесі қой шаруашылығын дамытуға жұмсалуда.