3051
Білім – бәсекеге қабілеттіліктің бастауы
Білім – бәсекеге қабілеттіліктің бастауы
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында «Елдің ертеңін ойлау қажет. ХХ ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты салауатты да, сауатты өмірге бағыттауымыз қажет», – деп атап көрсеткен еді.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық білімді тегін беру туралы бастамасы әлеуметтік желілер мен отандық БАҚ- та қызу талқыланып, үлкен қолдауға ие болып отыр. Бұл бастама кәсіптік-техникалық білімнің жаңа даму сатысына көтерілуіне мүмкіндік берумен қатар, қоғамға аса қажет мамандар шоғырының қалыптасуына оң серпін береді, яғни елбасы жастарды жұмысшы мамандықтарын көбірек игеруге шақырып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қазақстан Президенті ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспарында да, «Ұлт жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында да білім саласына ерекше назар аударылған.
Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсаған азаттығына өткен ғасырдың соңында жеттік, екі мың жылдықтың тоғысқан тұсында егеменді ел атандық. Нарықтық кезеңге өту барысында орын алған барлық қиындықтар артта қалып, түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Осы ретте еліміздегі білім беру саласында жүзеге асырылған барлық реформалар мен енгізілген заманауи технологиялар өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті білім алып, ертеңіне сеніммен қарауына мүмкіндік беруде. Әсіресе, жоғары білім ордаларында байқалатын оң өзгерістер қуантпай қоймайды.
Қазіргі кәсіби білім жүйесін модернизациялау дегеніміздің өзі болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал ету және адамзат қоғамын алға бастайтын жол екендігі даусыз. Сонымен қатар, білім деңгейінің мемлекеттік және халықаралық стандарттарға жетуіне күш салу – заман талабы екендігін анық байқауға болады.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін модернизациялаудың басты міндеті – кәсіби білім берудің қазіргі заманғы сапасын қамтамасыз ету. Және де тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің өзекті әрі болашақ сұраныстарын сәйкестікке келтіру.
Қазіргі заманғы әлемде бәсекелестік жағдайына тез бейімделу қабілеті тұрақты дамудың ең маңызды факторы болып саналады. Кез-келген дамыған елдің бәсекелестік мүмкіншіліктері көбіне білім беру жүйесінің жай-күйімен анықталатын оның әлеуметтік капиталының әлеуетіне байланысты.
Модернизацияның әлеуметтік – экономикалық типі адам капиталы рөлінің артуын талап етеді. Адам капиталын өндіруші негізгі факторлардың бірі – кәсіби білім беру жүйесі болып табылады.
Кәсіби білім беру жүйесі әр елдің даму болашағын айқындайтын, әлемдік өркениетке жетудегі негізгі бағыттарын көрсететін біртұтас құрылым болып табылады.
Бүгінгі кәсіби білім беру жүйесі – бүкіл дүниежүзі деңгейінде қоғамдық дамудың негізін құрайтын басты мәселелердің біріне айналуда. Тәуелсіз елдің білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім стандартын жүзеге асыру, жаңа буын оқулықтарын оқу үрдісіне енгізу, қазақстандық мектептің ұлттық моделін қалыптастыру, 12 жылдық мектеп жағдайында құзыреттілік білім беруді енгізу жолдары сияқты мәселелер ұстаздарға шеберлік пен іскерлікті, кәсіби дайындық сапасының тиімділігін арттыру және дамыту талаптарын қойып отыр. Олай болса, білім беру саласындағы жаңалықтарды жүзеге асыратын және ұстаздардың кәсіби сауаттылығын шыңдайтын, оларды шығармашылық талпынысқа жетелейтін білім беру қызметін жандандыру қажеттілігі туындайды.
Болашақ мұғалім ізденуші, ақпарат таратушы, тәрбиеші, бақылаушы, зерттеуші, өнерлі, шығармашыл, білімпаз, жаңашыл болуы керек. Сонымен бірге педагогикалық үрдістерді ізгілендіруі, модернизациялауы, инновациялық технологиялар әлеміндегі жаңалықтарды зерделей зерттеп отыруы, іс-тәжірибеге пайдалану, өзінің технологиясын қалыптастыруы қазіргі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – халықаралық стандарттар деңгейіне сай білім беретін және кәсіби мамандарды даярлайтын еліміздің беделді оқу орындарының бірі, яғни жоғары білікті педагогика, экономика және құқық, технология мен бейнелеу өнері, тарих және филология және т.б. салалар бойынша мамандар даярлайды. Жалпы алғанда, студенттердің заманға сай жоғары кәсіби білікті маман болып шығуына бұл оқу орнында барлық мүмкіндік жасалған.
«Кәсіптік білім» кафедрасы жоғарыда аталған талаптарға сай болу үшін, барлық тиісті шараларды қолға алған. Бұл мәселе Елбасының «Ұлт жоспарында» арнайы тақырып болып отырғандығы белгілі. Осы талаптың үдесінен шығу үшін, біздің университетте білім мен тәжірибені ұштастыруда арнайы жоспар да құрылған болатын. Олай болса, болашақта осы жоспарлардың жүзеге асуы арқылы «Ұлт жоспарында» көрсетілген міндеттердің орындалары сөзсіз.
Жаһандану дәуірі – әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі де болғандақтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Елбасымыз Ұлт жоспары – қоғам өмірінде орын алған кедергілерді еңсеріп, қиындықтарға мойымай, ел өмірін жан-жақты жаңғыртуға бастайтын жоба, яғни әлемде дамыған ең үздік 30 мемлекеттің қатарынан орын алуға жақындай түсу қажеттілігі туындайды. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы өзіне қояр талабын еселеп, ізденіске ұмтылса, әрбір жасалатын қадамның жауапкершілігі арта түседі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Білім саласында қызмет еткеннің бәрі Қазақстанның келешегіне қызмет етеді» деген сөзінің үлкен мәні бар, бұл ұлағаттың ең алдымен мұғалімдер қауымына ерекше жүк артып отырғанын көреміз.
Білім беру – кез келген елдің стратегиялық маңызды саласы. Қазақстанда да бұл сала заман талабына сай өзгеріп, жаңалықтармен толығып, салалық тұрғыда жыл сайын жетіліп отырады. Ол ұмтылыстың бірі әрі бастысы – бәсекелестікке қабілетті маман даярлау. Мәселен, Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Бәсекелес қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін», – деп жазады. Яғни, Елбасының мақаласында айтылған бәсекеге қабілеттілікті көрсететін «білім, қызмет, зияткерлік өнім, сапалы еңбек ресурстары» бәрінің түп негізінде білім беру ісі жатқандығы анық. Аталған атаулы әрі түйінді дүниелердің бәрі де сапалы әрі сұранысқа сай, халықаралық стандарттарға жауап беретін білім алудың, берудің негізінде ғана мүмкін болатыны бүгінгі заман адамына айтпаса да түсінікті нәрсе. Сондықтан да білім саласының маңыздылығы мен оның әр кезең сайын жаңғырып отыруы мемлекет дамуының негізі.
Аталған мақалада Елбасы әрбір адамның дамуына қажетті факторларға «компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық» сынды жеке адамның дамуы мен өзін-өзі жетілдіруге қатысты аса маңызды дүниелерді атап көрсетеді. Соңғы жылдар бедеріндегі білім саласындағы жаңа технологиялардың көптеп енгізілуі, жаңа стандарттардың пайда болуы, шет тілдерінің оқытылуына баса мән берілудің астарында Президент айтып отырған адам дамуы үшін жасалып жатқан жұмыстардың көрінісі деп айтуға болады. Мәселен, қазіргі заманда технологиялық, жаңа технология мамандарына сұраныс артып отыр. Әрі әлемдік өркениеттің ақпараттық-технологиялық дамуының шапшаңдығы білім саласын кеңейтіп, жаңа мамандықтардың ашылуына әкеліп отыр.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы жаңа заманның білім саласына қойып отырған талаптарын жан-жақты айтады. Әрі білім саласы Қазақстанның дамуы үшін айрықша маңызға ие екеніне баса мән беріп «Біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз», – дейді. Шынында да, қазіргі кезеңде елімізде білім алуға барлық жағдай баршаға ортақ әрі қолжетімді дәрежеде екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Білім жүйесіндегі қалыптасқан жүйеге сәйкес кез келген адам оқуға түсуге немесе екінші жоғарғы білім алуға, кәсіби біліктілігін шыңдауға толық мүмкіндігі бар. Бұл – білім саласына мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлықтың нәтижесі. Өйткені тек білімді адам ғана қоғамды алға сүйреп, елдің дамуына нақты үлес қосатыны белгілі. Әрі білім – бәсекеге қабілетті болудың бастауы. Сондықтан да «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек» деген Елбасының сөзі ХХI ғасырдағы әрбір қазақстандықтың бұлжымас бағдары болуы тиіс. Бұл өз кезегінде білім саласының жауапкершілігі мен жүгін молайтатыны сөзсіз.
Жанымша Асқарова,
педагогика ғылымдарының
кандидаты, профессор