788
Ауылшаруашылығының даму картасы
Ауылшаруашылығының даму картасы
Елбасының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың басынан бастап Агрөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі бағдарламасы толық ауқымда іске асырыла бастады. Апта басында өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов бағдарлама аясында атқарылған істердің 9 айдағы нәтижесі жайлы баяндады. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артқан. Тамақ өнімдері өндірісінде де айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұл саланың өнімділігі 5,3 пайызға артса, мал шаруашылығы өнімдері 3,3 пайызға көбейген.
Вице-министрдің айтуынша, биылғы жылы жүргізілген егістіктерді пәрменді әртараптандыру майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдас дақылдардың өндіріс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 376 мың тонна немесе 18 пайызға арттырып отыр. Бүгінгі күнге дәнді және дәнді бұршақты дақылдардың 15,3 млн гектары, яғни немесе 99,9%-ы жиналды. Өнімді жинау қарқыны былтырғы жылдан 1,1 млн гектарға жоғары. Бастапқы салмағы 21,9 млн тонна астық ұсақталды, орташа өнімділік – гектарына 14,3 центнер. Дәнді масақты дақылдарды жинау толық аяқталды.
Астық сапасын арттыру мақсатында биыл тұқым шаруашылығын қолдау және минералдық тыңайтқыштарды қолдану бойынша қажетті шаралар жасалынған. Бірегей және элиталық тұқымдарды субсидиялауды қайта қалпына келтіріліп және оларды субсидиялау кезінде ең төмен нормалар жойылды. Тұқым шаруашылығын қаржыландыру басым бағыттарды қайта қарау негізіндегі сол бюджет шеңберінде екі есеге артқан.
Элиталық тұқымдарды 40 пайызға, ал сапасы төмендерді пайдалану 1,7 есеге төмендеді. Алғашқы рет тыңайтқыштарды енгізу қажеттіліктің 14%-ын құрады. Нәтижесінде 3-сыныпты астық үлесі 65% құрады, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 44%, клейковинасы 25 және одан жоғары көрсеткіш – 34% болса, ал өткен жылы бұл мән 8%-ды көрсеткен еді.
Майлы дақылдардың 2 млн гектар немесе 80% алқабы жиналды. Гектарына 9,8 центнер түсімділігі кезінде 1946,0 мың тонна астық ұсақталды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Майлы дақылдарды жинау қарқыны өткен жылдан 636 мың гектарға артқан.
Картоп жинау науқанының нәтижесі де көңіл толтырарлық. Бүгінгі күнге дейін 3,5 млн тонна картоп жиналды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 150 мың тоннаға артық. Сондай-ақ, 3,5 млн тонна көкөністер (53,5 мың тоннаға жоғары), 2,2 млн. тонна бақша дақылдары (73,1 мың тоннаға жоғары) жиналған. Қант қызылшасын жинау әлі де жалғасуда.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – ұсақ және орта шаруаларды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру. 2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жылдың басынан бастап 745 кооператив құрылды. Оның ішінде сүт қабылдау бекеттері 273 кооператив, мал сою бекеттері бірлескен 358 кооператив құрылған. Кооперативтер 44 мың тоннадан астам сүт және 13 мың тонна ет дайындаған.
102 587 ірі қара мал басына 6 159 отбасылық бордақылау алаңы құрылды. Қабылданған шаралар 56 мың жеке қосалқы шаруашылық пен шағын қожалықтарды тартуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, министрлік жүргізген талдаудың нәтижесінде Қайта өңдейтін кәсіпорындардың деректер базасы құрылды. Қайта өңдеудің 9 басым түрлерін дамыту бойынша есеп жүргізіліп, Аграрлық қайта өңдеу картасы әзірленді, соның ішінде әр облыс, әр аудан бойынша. Карта Үкіметтің кеңесінде мақұлданды.
Мемлекеттік бағдарламада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін заманауи техникамен қамтамасыз ету және республикада ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамыту қарастырылған. Биылғы жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді техникамен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Гомсельмаш» АҚ, «АгромашХолдинг» АҚ арасында отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту мәселесі бойынша ынтымақтастық жөнінде, сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Ростсельмаш комбайн зауыты» ЖШС және «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС арасында үш жақты келісімдерге қол қойылды. Инвестициялық субсидиялау бойынша проценттік нормативтен белгіленген нормативке өту жүзеге асырылды. Бұрын шетелде шығарылғын бір астық жинайтын комбайнға 30 млн теңгеден артық төленсе, қазіргі кезде сол қаржыға 3 комбайнды субсидиялауға болады.
Ақмола және Қостанай облыстары кәсіпорындарының базасында шағын тіркемелі және аспалы техникасының өндірісі ұйымдастырылды («кіші механизация»). Осы мақсатқа «ҚазАгро» АҚ ставкасы 5,5 пайызға дейін 5 млрд теңге несие бөлінді. Қазақстанда 2021 жылға дейін осы техникалардың өндірісін ұйымдастыруға және импорт үлесін осы техника түрлері бойынша 25 пайызға қысқартуға міндет қойылды.
Бұған қоса, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, сонымен қатар Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында министрлік Ауыл шаруашылығының басым бағыттарын дамыту мен АӨК-ні мемлекеттік қолдауды жетілдіру Картасын әзірледі. Кемшіліктерді егжей-тегжейлі талдау нәтижесінде дайындалған Карта ауылшаруашылық кооперациясы, АӨК-ні интенсивтік техникалық қайта қаруландыру, тұқым шаруашылығы, фитосанитариялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру, агрохимия, азық өндіру (азықтық баланс), егістікті айналымға тарту, жайылымды қой шаруашылығы, аграрлық қайта өңдеу секілді негізгі бағыттарды қамтиды.
Картаға сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту керек. Картаны іске асыру барысында қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, машина-тракторлы парктерді жаңалау қарқынын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру көлемін ұлғайтуға және импорттық техникалар көлемін азайтуға жол ашпақ.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары астық сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. Негізгі себебі – 2015 жылы элиталық тұқымдарды субсидиялау тоқтатылып, оларды субсидиялау кезіндегі ең төменгі нормалардың белгіленуі. Нәтижесінде себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3%-дан 2016 жылы 3,5%-ға дейін төмендеді. Тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштар қолдану бойынша қабылданған шаралардың арқасында биылғы жылы бұл жағдай айтарлықтай түзелді. Астық түсімінің сапасы өткен жылдың өнімінен бірнеше есеге өсті.
Тұқым шаруашылығы Картасында субсидиялау механизмін жетілдіру, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу ұсынылды. Тұқым шаруашылығы Картасын жетілдіре отырып, сұрып алмастыру мен сұрып жаңартуды жылдамдатуға, өнімнің түсімділігі мен сапасын арттыруға және жалпы жиналымға 8,3 млн тоннаның қосылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Картада өсімдіктерді қорғау, агрохимия, жем-шөп өндіру, егістік алқабын ұлғайту, шалғайдағы қой шаруашылығы, көтерме-тарату орталықтары, аграрлық ғылымды жаңғырту мен мемлекеттік қолдау, сондай-ақ, АӨК-ті дамытудың әр саласына нақты шаралар қарастырылған. Қазіргі таңда Карталар министрліктің, «Атамекен» ҰКП-ның алаңында, сондай-ақ өңірлерде салалық қауымдастықтар және одақтар, қоғамдық кеңестер, агробизнес және ғылыми ұйымдар өкілдерімен талқыланды және барлық мүдделі тараптарды ескере отырып пысықталды.
Даму Картасы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа сапалы деңгейге көтеруге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығы тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге жол ашады.
Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуға тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе.
Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет.
«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»