573
Қытайға газ тасымалдау басталды
Қытайға газ тасымалдау басталды
Қазақстан Қытайға газ тасымалдауды бастады. Астанадағы газ операторының Бірыңғай диспетчерлік орталығында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды құбырынан «Орталық Азия – Қытай» трансұлттық құбырына газ жіберу рәсімі өтті. Бұған дейін еліміз дәліз қызметін атқарып келсе, енді отандық өнімді экспорттай алады. Жылына 5 миллиард текше метр көгілдір отын жөнелтілмек.
Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы экспорттық операциядан 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде кіріс табуды көздеп отыр. Шымкенттегі «Ақбұлақ» газ өлшеу стансасы арқылы көгілдір отынның алғашқы партиясы жіберілді. Газды шығыстағы нарыққа шығару жолы оңай болған жоқ. Құбыр Түркіменстаннан бастау алып, Өзбекстан арқылы өтетін «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын және ондаған компрессорлық станцияларды іске қосты. Осының арқасында отандық газ Қытайға экспорттала бастады.
«Ақбұлақ» газ өлшеу станциясы батыс өңірлеріндегі кен орындарында өндірілген көгілдір отынды Қытай мен ішкі жүйеге бөліп беріп отырады. Қытай тарапы газды «Қорғас» бекеті арқылы қабылдап алмақ. «Қытай республикасына 3 желі арқылы газ беруге мүмкіндігіміз бар. Қазір біз схемада 1 желі арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Режим бойынша, сағатына 700 текше метр газ жіберіп отырмыз», – деді Жүйелі өндірістік басқарма басшысы Рустам Камалходжаев. Көгілдір отынның Қытайға экспортталуы жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытып, Қазақстанның стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға негіз болмақ.
«Егемендік алғалы бірінші рет өзімізден артылған газды Қытайға шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Бірінші кезде 5 миллиард деп отырмыз, болашақта тасымалды мүмкіндігінше көтереміз. Бұған дейін Қазақстан көгілдір отынын Ресей арқылы тек Еуропаға экспорттап келсе, енді тікелей тасымалдауға жол ашылды. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етпек», – деді «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыров.
Жалпы есепте «ҚазТрансГаз» 10 млрд текше метрге дейін газ шығара алатын техникалық мүмкіндікке қол жеткізгендерін мәлімдеді. Бұл бастама – отандық газ саласындағы ең іргелі бетбұрыс.