Верона форумы: Қазақстан – Еуразиядағы алтын қазық

Верона форумы: Қазақстан – Еуразиядағы алтын қазық

Верона форумы:  Қазақстан – Еуразиядағы алтын қазық
ашық дереккөзі
244
  «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы Италияда өткен Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. 20-дан астам елдің компания өкілдері мен сарапшылар қатысып жатқан шарада трансұлттық бірлестік басшылары осы одақта бизнес жүргізудің болашағын жан-жақты талқылады. Верона қаласында «Әлемдік экономиканы қозғайтын күш – Үлкен Еуразия» деген тақырыппен өткен шараның басты мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропа одағының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізу. Италияға тек  Еуропа елдерінен емес, АҚШ, Оңтүстік Америка, Қытай сияқты елдердегі халықаралық компаниялардың мыңнан астам өкілі жиналды. Яғни, 180 миллиондық нарығы бар Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық орнатқысы келетін елдердің саны жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғаруға болады. Әуелде Веронадағы форум Ресей мен Италия арасындағы диалог ретінде жұмысын бастаған. Он жылдан кейін ол Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі кеңістікте экономикалық өзара әрекеттесу мәселелерін талқылауға арналған Еуропаның ең ірі алаңына айналды. «Біз Еуразиялық одақ құру идеясы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екенін әуелден-ақ түсіндік. Алқалы жиынды еуразиялық форум ретінде өткізе бастадық. Биыл оған «Kazakh Invest» қатысып отыр. Форумға қазақстандық компанияларды көптеп тартуға тырысудамыз. Қазақстан сарабдал сыртқы саясат жүргізіп келеді. Бұл елге санкциялар салынған не болмаса беделіне нұқсан келген жағдайлар болған емес. Сондықтан геосаяси рөлінің арқасында Қазақстан біз үшін Еуразиядағы қарым-қатынасты дамытудың маңызды арағайыны іспеттес», ‒ дейді «Познаём Евразию» қауымдастығының президенті Антонио Фаллико. «Kazakh Invest» компаниясы форум аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Компанияның басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешевтің айтуынша, бұл басқосудың ерекшелігі – шараға  үкімет өкілдері, инвесторлар, соның ішінде трансұлттық компаниялардың көбісі қатысты.  «Қазақстанда жұмыс істеп жатқан я жұмыс істеуді жоспарлап жатқан инвесторлар көп. Біз оларға Қазақстан заңдарында қандай өзгерістер болатынын, Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілетінін, олардың бәрі Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Еуропа стандарттарына сай даярланатынын түсіндірдік», ‒ дейді ол.    

Серіктес жаңалықтары