Еркінбай Әкімқұлов: Менің миссиям – композитордың көркем бейнесін жасау

Еркінбай Әкімқұлов: Менің миссиям – композитордың көркем бейнесін жасау

Еркінбай Әкімқұлов:  Менің миссиям –  композитордың  көркем бейнесін жасау
ашық дереккөзі
940
Еркінбай Әкімқұлов есімі әдебиетті құлай сүйетін көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Жастардың өмірін, тағдырын шығармаларына арқау қылған қаламгер әдебиет әлеміне кеш келді. Өйткені ол журналистика саласында ұзақ бөгелді. Бірақ қалам қашан да оның серігі болды, өзінің бойындағы талантын бағамдай білді. Әдебиеттің, қазақ тілінің алдындағы жауапкершілігін сезіне алды. Әуелі өмірдің, содан кейін әдебиеттің қадір-қасиетін ұғынып барып, көркем дүние жазуға кірісті. Ол әдебиет әлеміне жолдан қосылғандардың қатарынан емес. Қайта әдебиеттің қыр-сырын ұғынып, тұңғиық әлемнің есігін имене ашқан таланттардың қатарынан. Оның қазақ арасында «Ән-аға» атанған композитор Шәмші Қалдаяқовты асқақтата жазған шығармалары оқырманның жүрегіне төте жол тапты. – Шығармаларыңызға арқау болған оқиғалардың көпшілігі өмірден алынған екен. Жалпы, туындыларыңызға тақырыпты, кейіпкерді қалай табасыз? Арнайы іздейсіз бе? – Ойда жүрген дүниені шығару үшін әуелі шығарманың композициясын ойластырып аласың. Содан кейін  шығарманың атын қалай қою керек, қайсысы тартымды болады дегенді ойлаймын. Бұл барлық жазушыларда болатын жағдай шығар. Негізінен, туындының атауы оқырманды шақырып тұруы керек, селт еткізуі керек. Сол жағына мән беремін. Менің негізгі қозғайтын тақырыбым – жастар өмірі. Шығармаларым негізінен жастарға, студенттер мен оқушыларға арналады. Ал кейіпкерлер өмірден алынады. Менің қаламгерлік атымды алғаш шығарған «Қош бол, альбом!» повесін жазу тарихымды айтып берейін. Іссапармен Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданына барғанмын. Ауыл аралап жүріп, бөлімше меңгерушісінің үйінде (қай ауыл екені нақты есімде жоқ)  болдым. Сонда шкафтың үстінде тұрған бір дәптерге көзім түсіп, ішін ашып қарадым. Дәптерді ашсам, «Қош бол, альбом!» деп жазылып тұр. Әрі қарай парақтап едім, мектеп бітіруші оқушылардың тілектері жазылыпты. Әрқайсысы өзінің арман-мақсатын, дүниеге көзқарасын, болашаққа деген жоспарларын тізбелепті. Дәптерге қарап тұрып, «мынау бір жақсы дүние екен-ау» деп ойладым. «Қош бол, альбом!» деген тақырып қатты ұнады. Сөйтіп, осы тақырыпты кеңейтіп, бір шығарма жазуды ұйғардым. Өз өміріміздегі оқиғаларды қосып, кеңінен тарқатып, жазып шықтым.  Бұл туынды жаман шықпаған секілді. Оқырмандардың да, сыншылардың да бағасы оң болды. Осы шығармам жарыққа шыққаннан кейін елдің түкпір-түкпірінен толассыз хаттар келе бастады. Бір өкініштісі, сол хаттарды жинақтап, сақтап қоймаған екенмін. Көшіп-қонып жүргенде, сол хаттардың бірі де қалмады. Ал хаттарды жинақтауда Әзекең – Әзілхан Нұршайықов мықты болатын. Жұбайы өзінің хатшысындай болып, келген хаттың бәрін реттеп қояды екен. – Шоқтығы биік шығармаларыңыздың бірі – «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» романы. Бұл туындыны жазу сізге қиындық туғызбаған болар. Сіздің «Лениншіл жасқа» жариялаған алғашқы мақалаңыз да Шәмші туралы болғанын білеміз. – Шәкең – Шәмші Қалдаяқов қазақ халқының ұлы композиторы ғой. Бірақ әуелде оны жұрт біле қойған жоқ. Ән айтатынын, музыка шығаратынын студенттер ғана білді-ау сол кезде. Ал Шәкең екеуміздің жолымызды тағдыр тоғыстырды. Ол консерваторияда оқып жүргенде 3-4 жігіт болып пәтерде бірге тұрдық. 1958 жылдың аяғы болатын. 1967 жылы Шәмшіге Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты атағы берілді. Сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетіне Шәкеңнің шығармашылық өмірі жайында материалым шықты. Бірақ бұл Шәмші Қалдаяқов туралы жазған алғашқы мақалам емес. Оған дейін, 1959 жылдың тамыз айында «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылдандым. Сол кезде Шәкеңді консерваториядан оқудан шығарып жіберген еді. Бұл хабарды естігеннен кейін газетке «Әкімшіліктен әрі аспай» деген тақырыппен мақала жаздым. Мақала жарық көргеннен кейін Қазақстан комсомолының Орталық Комитетіндегілері араласып, Шәмші Қалдаяқов оқуына қайта оралды.  Бұрын оқымай кеткен Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовті де оқуға қайтадан қабылдады. Содан бастап араласып кеттік. Бір айта кететіні, сол кезде орталық комитет «үшеуіне де жағдай жасаймыз, үй-жай алып береміз, арнайы стипендия тағайындаймыз» деп уәдені үйіп-төккен болатын. Бірақ соның бәрі сөз күйінде қалды. Бір өкініштісі, Шәкең консерваторияны бітіре алған жоқ. Шығармашылық жұмысқа араласып кетті. Алайда көп жерде қызмет етпеді. Тек қана Қазақ радиосының музыка редакциясында аздаған уақыт істеді. Көбіне әндерін жазып, халыққа тамаша шығармаларын тарту етіп жүрді. Халық дарынды ұлын сол кезде ыстық ықыласына бөлеп, құрметін аямай көрсетті. Нұрсұлтан Әлімқұлов екеуі «Мойынқұмда» деген әнді жазғанда, Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық партия комитеті сый-құрмет көрсетіп, Шәмші Қалдаяқовқа «Жигули» көлігін, Нұрсұлтан Әлімқұловқа ат мінгізді деп естігенбіз. «Кейде ғылымға шындап бас қойып, барлық дүниені ұмытып кетсе, одан ештеңе шықпайды. Ал оның нәрін, негізін алғандар ғана өмірде де, ғылымда да жол тауып кетеді» дейді ғой. Сол секілді Шәкең өзінің талантын, шығармаларының халыққа қажет екенін білді ғой деп ойлаймын. «Менің Қазақстаным» деген марш түріндегі әнді жазды. Бұл әннің жазылу тарихын жақсы білемін.  Шәкең дәл осы ән өзінің атын әлемге танытатынын білген секілденеді. Жалпы, Шәмшінің өмірі осы туындымда толық қамтылды-ау деп ойлаймын. Әрине, Шәмші Қалдаяқов туралы келешекте әлі талай жазушы қалам тербер. Естелік жазамын деушілер де табылар. Бірақ соның бәрі менің шығармама көз салатын шығар. Ал оқырмандар «көпке белгілі композитордың өмір жолы қандай болды екен» деген оймен қолға алады деп үміттенемін. Бұл – нақты өмірбаяндық шығарма емес, біраз көркемделген тұстары да бар. – Романда Шәмшінің шығармашылығынан гөрі өміріне көбірек басымдық беруіңіздің сыры неде? – Дұрыс айтасың, өміріне басымдық бердім. Халық оның өмірі туралы шындықты толық білмеуі мүмкін. Оның үстіне Шәкең туралы таралған бос сөздер, артық әңгімелер көп. Жазушы Оразбек Бодықов Шәкеңнің өмірінің кейбір сәттерін «Шәмші Қалдаяқов туралы хикаяттар» атты еңбегінде жариялады. Сөйтіп, Оразбек Бодықов маған: «Еркінбай, Шәмшінің көркем әдебиеттегі бейнесін жасау сенің парызың», – деп тапсырды. Ал мен ұлтын сүйген, елін сүйген Шәмші Қалдаяқовпен студенттік кезден таныс болдым, 30 жылдай араласып тұрдық. Ол туралы көп нәрсені білемін, талай ақпаратқа қанықпын. Бірақ оның бәрін қағазға түсіре беруге болмас. Дегенмен менің миссиям – ұлы композиторды көркем түрде бейнелеу болды. Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларымен жұрт жақсы таныс. Ал өмірінде орын алған жағдайларды, араласқан ортасын көп адам біле бермейді. Осыны жұртшылыққа жеткізсем деген ой болды. Мұны автор ретінде үшінші жақпен емес, бірінші жақпен бергенді жөн санадым. Яғни, Шәкең өзі баяндап тұрғандай бірінші жақпен жазып шықтым. Бұл ойым қате болмаған тәрізді. Себебі сыншылардың бәрі таңдаған жолымның дұрыстығын айтты. Жазушылар одағы осы еңбекті Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып еді. Бірақ бұйырмады. Бастысы, туындым халыққа ұнаса, халық керек етсе болды. Кейде «Шәмшіні орыстар білмейді-ау» деп ойлаймын. Осы кітаптың орысша нұсқасын шығарса деймін. Бәрін аудару шарт емес, оның тағдырын көрсететін маңызды жерлерін аударып, орыс тілді оқырманға ұсынса, қандай ғажап болар еді. Қазақта орысша жазатын жазушылар баршылық. Мемлекеттік тапсырыс болса, дұрыс болар еді. Бұл – келешектің ісі. Аман болсақ, көрерміз. – Сіз көркем дүние жазуға кештеу келдіңіз. Бұл Оралхан Бөкей айтқандай, сөз өнерін құрмет тұтқандығыңыздан, жауапкершілікті сезінгендігіңізден болар. Әлде басқа себебі болды ма? – Кеш келгенім рас. 1959 жылдың тамыз айында «Лениншіл жас» газетіне ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірген 4 ұл, 1 қызды қатарынан қызметке алды. Бірақ менің бала күнгі арманым – журналист болу емес, ақын болу еді. Мектепте оқып жүргенде, газет-журналдар ақтарамыз, өлеңдер оқимыз. Сөйтіп жүріп, өлең жазуды, ақын болуды армандадым. Аудандық, облыстық газеттерде өлеңдерім шығып тұратын. Ол кезде журналист болсам деген ой мүлдем жоқ. Алматыға келіп, студент атанған жылдары да өнерімізді көрсетуге  тырыстық. Құнды бір дүние жаздым дей алмаймын. Бірақ қаламым қолымнан түскен жоқ. Сөйтіп, газетке жұмысқа орналасып, әуелі насихат бөлімінде істедім. Әртүрлі бөлімдерде істеп жүріп, соңында әдебиет бөліміне келдім. Одан қалалық партия комитеті жұмысқа шақырып, 1968 жылы сонда кеттім. Комитетте 6 жыл қызмет еттім. 1974 жылы «Жазушы» баспасының жастар, жас­өспірімдер редакциясына меңгеруші болып бардым. «Жалын» баспасы ашылған кезде проза бөлімінің редакция меңгерушісі болдым. Ал «Жалын» өз алдына бөлек баспа болған кезде бас редактордың орынбасарлығына дейін жоғарыладым. Сондықтан өзімді әуелі журналиспін деп есептеймін. Журналистік жолым кейінірек жазушылыққа ұласты. Алла маңдайға не жазса, сол болады екен. Бала күнімде ақын болуды армандадым деп едім ғой. Түбінде ақын болмасам да, жазушы ретінде бірқатар дүниелерімді оқырман қауымға ұсындым. Өзімді ақынмын демесем де, жазушымын деп айта аламын. Кемеңгер жазушымын демесем де, қатардағы жазушылардан кем емеспін. Бір өкініштісі, қазір жазушыларға деген сый-құрмет те азайды. Не істеп жатқанымен ешкімнің жұмысы жоқ. Қалам­ақы да жоқ бұрынғыдай. – Замандастарыңыздан Дулат Исабеков пен Бексұлтан Нұржекені жоғары бағалайтыныңызды білеміз. Қазақ әдебиетінен тағы кімдерді оқисыз? – Қазақтың маңдайына біткен дарынды жазушылары бар. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков сынды біртуар қаламгерлеріміздің туындыларын оқырмандар іздеп жүріп оқиды. «Лениншіл жас» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі боп жүргенімде Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай ауданындағы аудандық газетте істеп жүрген Оралхан Бөкейді «Лениншіл жасқа» шақырттық. Ол кезде бас редакторымыз – Шерхан Мұртаза. Шерағаң: «Осы жігіт бізге келер ме екен, хат жазып көрсеңші» деген соң, Оралханға хат жаздым. Одан бұрын «Лениншіл жасқа» Оралханның Сұлтанмахмұт Торайғыров жөнінде жазған  «Сарыарқаның күзі» деген көлемді мақаласы шыққан болатын. Сонда байқадық ол жігітті. «Жазуы қандай, талантты жазушы екен-ау» деп таңдай қақтық. Хат жіберген соң, Оралхан Бөкей шақыруымызды қабыл алып, 1967 жылдың аяғында, жаңа жыл қарсаңында «Лениншіл жас» газетіне келді. Кейінірек мені Алматы қалалық партия комитеті шақырып, сонда кететін болдым да, әдебиет бөлімінде Оралхан қалды. Содан Оралхан өзінің тамаша жазушы екенін, тұла бойы тұнып тұрған дарын екенін көрсетті. Өзінің әңгімелерін, повестерін жариялай бастады. Өзінің бойында талант барын адам сезеді ғой. Оралхан соны жақсы сезген болуы керек, бойындағы бар дарынын көрсетті. Шыққан дүниелерін оқырмандар қолдан қолға тигізбей оқып жатты. Төлен Әбдіков те өте талантты жазушы.  Өзіндік ой-пікірі бар адам. Оның «Парасат майданы» қолымнан түспейді. Дулат Исабеков те сондай. Әдебиетте «іздену» деген түсінік бар. Тоқырап қалмай, өз қазанында ғана қайнамай, сырттан өзіне үлгі алу қажет. Мұндай ізденіс жазушыға ой салады. Шетелдік әдебиетті оқыса, көшіріп алады деген сөз емес. Көшірмесе де, өзгелердің шығармаларынан оқығандары жазушыға ой салады. Ал Бексұлтан Нұржеке сезімтал жазушы. Жазғандары да нәзік. Шығармалары оқырмандарды тартады, таң қалдырады. Әбіш Кекілбаев жарық дүниеден ертерек кетіп қалды. Әйтпесе, ол оқырман күткен талай дүниелерді әлі жазатын еді. Бәріне ортақ бір қасиет – бойындағы Алла берген талант қой. – Саналы ғұмырыңызда талай игі жақсылармен араластыңыз, жолдас болдыңыз. Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтардың бірі Өзбекәлі Жәнібековпен жақсы араласқаныңызды білеміз. – Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың ардақты азаматы. Ол туралы деректі хикаят жаздым. Ол туынды «Қазақстан» баспа үйінде басылды. Өзекең халқымыздың маңдайына біткен, қазақ ұлтына өзінің бар қабілетін, жан-дүниесін, өмірін арнаған, ел үшін қызмет еткен қазақтың перзенті. Тарихта, қазақ өмірінде оның есімі ешқашан өшпейді. Өзекеңнің қайраткерлігі, елге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Кітапта соны көрсетуге тырыстым. Бұл кітапты іздеп жүріп оқитындар бар. Сол қуантады. Осындай азаматтарды оқырмандардың менің кітабым арқылы жақын танығанына қуанамын. – Сексеннің сеңгіріне шықтыңыз. Өткен күндерге көз тастап, саралаған боларсыз. Өкінген сәттеріңіз көп болды ма? – Өкінген сәттерім көп болған жоқ. Жалпы, менің өкінішім біреу. Журналистикаға бекер бардым-ау. Одан гөрі филологияға бет бұрып, әдебиетке берілуім керек еді. Бейсенбай Кенжебаев журналистиканы бітіргеніме қарамастан, филологияның аспирантурасына шақырған. Соған бармай қалғанмын. Кейін сол үшін қатты өкіндім. Бекер бас тарттым. «Сен журналистиканы қой, ғылымға тереңдеп бар, сонда еліңе тигізер пайдаң көп болады» деген еді Бейсекең. Бірақ бармадым, құлақ аспадым. Осы ісім ағаттық болды-ау деп ойлаймын. – Сұхбатыңызға рахмет! Аман болыңыз!  

Сұхбаттасқан

Әсел ӘНУАРБЕК

 

Серіктес жаңалықтары