«Silk Way Star» қатысушылары қазақша ән салады

«Silk Way Star» қатысушылары қазақша ән салады

«Silk Way Star» қатысушылары қазақша ән салады
ашық дереккөзі
457
«Qazaqstan» арнасындағы халықаралық «Silk Way Star» жобасы Ұлы Жібек жолында орналасқан елдердің мәдени байланысын одан әрі нығайтуда.  Ал, жобаға қатысушы елдердің телеарналары өз  эфирінде «Silk Way Star»-ды көрсете бастады.  Әр сенбі сайын Ұлттық арнада өтетін бұл жоба аз ғана уақытта көрермендердің сүйікті жобасына айналып үлгерді. Бұл жобада 9 елдің әншілері өнер көрсетіп, сол елдердің  кәсіби әртістері мен продюсерлерінен құрылған  қазылар алқасы өз әділ бағаларын беріп келеді.

Әр елдің музыкалық дәстүрі мен ұлттық мәдениетін біріктіретін  «Silk Way Star» халықаралық ән додасының қатысушылары осы сенбіде қазақтың классикаға айналған әндерін орындайтын болады. Бүгін осы жобаға қатысушылардың   Қазақстан жайлы өз ойларымен бөлісуді жөн көрдік.

ҚЫРҒЫЗСТАН. ОМАР

Қазақстан маған халқымен ұнайды. Табиғаты қандай сұлу болса да, адамдарының жаны да сондай сұлу.  Қазақстанда бір рет болған адам бұл елдің қонақжайлылығын көпке дейін ұмытпайды деп ойлаймын. Мен қазақстанға алғаш рет 2007 жылы келгенмін. «Біздің қырғыздар ғой» дедім. Сыртқы келбетіміз өте ұқсас, ж мен ш әріптері болмаса тіліміз де қатты ұқсайды. Басқа қатысушыларға қарағанда қазақ тілінде ән айту мен үшін оңай әрине. Тәжік, болмаса Грузия елінінің азаматы болсам қиын болар еді. Өйткені олардың мәдениеттері мүлде бөлек. Сенбі күні мен қазақтың «Сен сұлу» әнін орындаймын. Бұл әнді шын жүректен барша сұлу қыздарға арнаймын!

ТӘЖІКСТАН. САФАРМУХАММАД

Қазақстанға ең алғаш келгенімде, ең бірінші көзіме түскені көкпен таласқан таудың көз тоймас әдемі көрінісі. Қараймын да өз Тәжікстанымды еске аламын. Сондықтан да мұнда өз үйімде жүргендей сезінемін. Батырхан Шүкенов, Нұржан Керменбаев, Әли Оқапов, Қайрат Нұртас, Жігіттер тобының әндерін сүйіп тыңдаймын. Олардың әндері ерекше. Инстаграм желісінде маған көптеген жақсы пікірлер жазады. «Жобаның соңына дейін сенімен біргеміз», «Сені қолдаймыз» деген мәтінде хабарламалар келеді. Мұның бәрі маған күш береді, одан да жақсы өнер көрсетуім үшін алға жетелейді. Silk way star ұжымы менің жаңа отбасым десем де болады. Бұл мен үшін өте маңызды. Қобалжыған сәттерде режиссер, редактолар келіп, әзіл айтып әрдайым көңіліңді көтеруге тырысады. Осы сенбіде Марат Омаровтың «Әке арманы» әнін орындаймын. Жоғарғы дәрежеде өнер көрсетіп, қазақ елінің маған деген махаббаты арта түседі деп сенемін.

ӨЗБЕКСТАН. САИДА

 Қазақ елінің дастарханы бай екенін білемін, ет тағамы әсіресе ұнатамын. Мұнда өз үйімде жүргендей әсер аламын. Өйткені қонақты құдайындай сыйлайтын бұл елде әрқашан есік ашық, дастархан жаюлы, қашанда құрметпен қарсы алады. Қазақстандағы қонақжайлылықтың ерекше үлгісі түсірілім кезінде көрінеді, өзге жерде емес, өз елімізде жүргендей сезінуіміз  өте маңызды біз үшін. Қазақстанда салт – дәстүр жақсы сақталған. Бір байқағаным, қандай да бір халықаралық бәйгелерге барып жатса, міндетті түрде әнге домбыраның қоңыр үнін қосады. Бұл қазақтың төлқұжаты секілді және маған қатты ұнайды. Әндері де от секілді, жаныңды шарпып өтеді. Осы жолы барлығымыз қазақ әндердін орындаймыз. Біздің жобаның қаншалықты шынайы екенін көрермендер сезе алды деп үміттенем. Сондықтан біз үшін жанкүйер болатындардың әлі де арта түсетініне сенімдімін.

ТАТАРСТАН. МАЛИКА

Silk Way Star сахнасында өнер көрсету маңызды және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл расында көрерменнің ең үлкен аудиторясы. Тіпті, жанкүйерлеріміз де қалыптасып үлгерді. Мен Қазақстанды қазақ халқы үшін жақсы көремін. Тіпті түсірілім алаңында қолдап,  танымаған адамдар келіп, құшақтап жатады. Бұл мен үшін өте қымбат. Олардың махаббаты менің жанымды жылытты.  Көрермендермен тығыз байланыс орнап жатыр. Әлеуметтік желілерлерде мені тауып, алғыс хаттарын жолдап жатады. Көңілге сондай жағымды. Мен қазақ елінің халқы мейірімді екенін түсіндім. Қазақстанда түрлі бағытта, түрлі жанрда өзін дамытып жүрген жас таланттар өте көп. Олардың өз тарихын ұмытпай, жаңашылдыққа ұмтыла білетіні мені таң қалдырады. Ән арқылы халықтың жанын сезу мен үшін өте қызық. Сенбі күні  мен «Сағындым сені»  деп аталатын өте әдемі әнді шырқаймын. Әрине толқыныс бар, дегенмен жақсы өнер көрсетемін деп үміттенемін.

ҚАЗАҚСТАН. АЙҚЫН

Қазақстанға деген махаббатым, әрине шексіз. Себебі, бұл менің туған жерім. Қазақстан  туралы айтатын болсам, бір бағдарламаның уақыты жетпейтін шығар. Бүгін «Silk Way Star»  жобасының әншілері, яғни менің достарым  Қазақстанға деген махаббатын ән арқылы білдіретін болады. Жалпы, барлық қатысушылардың Қазақстанға деген  махаббатының оянуы, мен үшін емес жалпы қазақ елі үшін жетістік деп ойлаймын.  Оларды қазақ мәдениетімен мен таныстырып жатсам, олар мені өз елдерінің мәдениетімен таныстыруда.

ГРУЗИЯ. ТЕМО

Бұл жолы қазақтың «Өкінбе сен» деп аталатын классикалық әнін орындаймын. Бұл әннің мағынасы өте терең. Ешқашан болған жағдайға өкінбе дегендей.  Өзімнің ұнатқан әнімді барша қазақ еліне арнағым келеді. Мен Қазақстанның тарихына, мәдениетіне, ұлттық салт-дәстүріне тәнтімін. Қонақ үйде қазақ арналарынан жылқыларды көп көрсетеді. Қазақ пен жылқы егіз ұғым. Тбилисиде менің де жылқым бар. Атпен серуендеу мен үшін тек сүйікті іс емес, құштарлық. Алматыдағы Көктөбе қатты ұнап қалды. Жоғарыға көтерілсең, биік аттракцион бар. Бұл жер Тбилисидегі Мтацминда тауына қатты ұқсайды. Бүкіл Алматы алақаныңда тұрғандай әсер қалдыратын әдемі жер. Сол жақтан қарап тұрып, өз үйімді елестеттім. «Silk Way Star» жобасы арқылы бұл елге деген махаббатым мәңгілік боп қала береді. Осында тағы да келермін деп ойлаймын.

ӘЗІРБАЙЖАН. ЕФЕНДИ

"Silk Way star" жобасының дәл Қазақстанда өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Осы жобаның арқасында әдемі қаланы ешқашан көре алмас едім. Үнемі күлімсіреп жүретін адамдармен таныс болмас едім. Қаншама дәмді тағамдарды татпас едім... Маған бауырсақтар қатты ұнады. Бір қарағанда ішінде бір тәтті бар сияқты, тістеп қалсаң ештеңе жоқ. Сонда да өте дәмді, енді бауырсақ істеп үйренсем деймін.  Айтпақшы, мен жылқы етін жеп көрдім. Өте дәмді екен. Барлығына міндетті түрде  қазақтың ет тағамының дәмін көруге кеңес беремін. Өйткені мұнан асқан дәмді тамақ болуы мүмкін емес! Сенбі күні мен қазақтың «Егіз лебіз»  әнін орындаймын. Қазақ тілінде ән айту маған ләззат сыйлайды. Қазақ және Әзірбайжан тілдері ұқсас. Мысалы жүрегім сөзі бізде юрәгім деп айтылады. Тіпті көптеген қазақ сөздерін де үйреніп үлгердім. Көрермендеріме үлкен сәлем жолдаймын!  

БАШҚҰРТСТАН. ЯН ЛИРА

Қазақстанды өте қонақжайлылы ел екен. Мұнда адамдардың қабағы сондай жылы, көрікті жерлері өте көп. Башқұртстан мен Қазақстанның ұлттық аспаптары, дәстүрі, құрт, қымыз секілді тағамдары ұқсас келеді. Фейсбук, инстаграмдағы парақшаларыма қазақстандықтар көп жазылып жатыр. Көбіне «мен сізді қолдаймын, сіз үшін жанкүйермін» деп жазады. Бұл әрине қосымша күш береді. Шынымды айтсам, бұл жерден кеткім келмей қалды.

Мен «Жан сырым» деген әнді таңдадым. Осындай нәзік әнді өз орындауымда әдемі жеткізуге тырысамын.

ТҮРКИЯ. ФУЛИН

Silk Way Star жобасының басталуымен менің өмірімде көптеген өзгерістер болды. 9 елдің көрерменінің сүйіктісіне айналу – нағыз жетістік! Қазақ халқы мені жақсы қабылдады. Бұл әрине екеумізге ортақ махаббат. Өзге мемлекеттің азаматына өз елін тек жергілікті халық қана сүйдіре алады. Менің Қазақстанға деген махабаттымның бірінші себебі – ол қазақ халқы. Мұнда барлығы менің отбасым секілді. Қазақстан менің екінші Отаныма айналды десем артық емес. Егер мүмкіндік болса осында өмір сүрер едім. Кім білер, бәлкім, қазақ жігітіне тұрмысқа шығармын. Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын. Маған қазақ әндері өте ұнайды. Ал, қандай әнді орындайтынымды осы сенбіде біле аласыздар! «Silk Way Star» жобасы әр сенбі сайын 21:20-да  «Qazaqstan» Ұлттық арнасында!    

Серіктес жаңалықтары