328
Қазақстанның үздік инноваторлары анықталды
Қазақстанның үздік инноваторлары анықталды
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар Отанға» республикалық инновациялық идеялар фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас өнертапқыштар екі күн бойы 8 бағыт бойынша жобаларын ұсынды: «IT технологиялар», «Медицина», «Қалдықтарды пайдаға жарату», «Ауыл шаруашылығы», «Энергетика», «Қызмет көрсету саласы», «Ақылды технологиялар», «Инновациялар».
«Болашақ» қауымдастығынан мәлім еткендей, қатысушыларды оқыту үшін ең үздік жаттықтырушылар, бапкерлер, қызметтегі бизнесмендер шақырылып, олар жастармен өздерінің тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті.
Жартылай финалға қатысушылар 100-ден астам инновациялық идеяны ұсынды және олардың 27-і ғана финалдың соңғы кезеңіне өтті. Жас инноваторларға танымал қоғам қайраткерлері, бизнес-жаттықтырушылар мен белді сарапшылар баға берді, олар: Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаменті басқармасының басшысы Алмагүл Құтанова, Қазақстанның Жаңғырмалы энергия қауымдастығының басшысы Арман Қашқынбеков, «Синергия» бизнес-мектебінің (Ресей) қазақстандық өкілдігінің директоры Бауыржан Қасымбергебаев, Кәсіпкерлік білім беру қауымдастығының төрағасы Алмагүл Қанағатова және жас ғалым, Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana-ның ғылыми қызметкері Дәмел Мектепбаева.
Нәтижесінде, «Caste Exoskeleton. Реабилитациялық техника» жобасын ұсынған Қарағанды қаласының өкілі Вячеслав Литвинов фестиваль жеңімпазы атанып, Мәскеу қаласындағы Плеханов атындағы Инкубаторда тегін оқу сертификатына ие болды.
Ал «Tazalyk» жобасын ұсынған Алматы қаласының өнертапқыштар тобы: Рақым Айбек, Ерсұлтан Нәліхан және Елнұр Жексенов екінші орын иегерлері атанды. Үшінші орын «Экокорм» жобасының авторы елордалық Дамир Тағамбаевқа бұйырды. Сондай-ақ фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Synergy Global Forum Almaty 2017» халықаралық форумына қатысуға шақыру алды.
Бұдан басқа, 10 жобаның авторлары International Startup Academy базасында акселерациядан өтуге сертификаттар алды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаменті басқармасының басшысы Алмагүл Құтанова 10 үздік жобаның авторларын Минск қаласында өтетін инновациялық идеялардың халықаралық жобасына қатысуға шақырды.
Кәсіпкерлік білім беру қауымдастығының төрағасы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Алмагүл Қанағатова, Алматы облысының Жыланды ауылында мультимиллионер Бауыржан Оспановтың жазғы лагеріне бару үшін екі грант бөлді. Республикалық фестиваль Елбасының мемлекеттік бағдарламаларын, соның ішінде «Цифрлық Казахстан - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру және дамыту мақсатында өткізілуде.