209
Елбасы Иордания Короліне сыйлық табыстады
Елбасы Иордания Короліне сыйлық табыстады
Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Иордания Хашимит Корольдігінің Королі Абдалла ІІ бен әл-Хусеинмен шағын құрамдағы келіссөздер өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен ядролық қаруға қарсы күресте ерекшеленгендерге арналған арнайы сыйлық бекіткен едім. Қазақстан нөмірі бірінші сыйлықты Сізге табыстау шешімін қабылдады және мен сәйкесінше жарлыққа қол қойдым. Бұл Сириядағы, Ирактағы соғыс жағдайда халықтарды жақындата түсетін бітімгершілік рөліңізді жалғастырудағы еңбегіңіздің мойындалуы. Сирия жөніндегі Астана процесінде де Сіздің еліңіз зор рөлге ие. Осыны ескере келе арнайы комиссия бұл сыйлықты Сізге табыстап отыр. Оны Сізге табыс ету мен үшін зор құрмет», - деді кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Иордания Хашимит Корольдігінің Королі айрықша сыйлықты табыс еткен Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді.
«Сіз таяу аралықта дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетіндігімізді еске салдыңыз. Дегенмен, біздің қарым-қатынасымыз бұл датаға дейін менің әкемнен басталғанын білеміз. Иордания және бүкіл халықаралық қоғамдастық Сіздің халықаралық аренадағы жанжалдарды реттеудегі айрықша рөліңізді біледі және бағалайды. Сіз ядролық таратпау саласындағы сын-қатерлердің стандарттарын, жауаптарын белгілеп қана қоймай, сонымен бірге этносаралық және конфессияаралық келісімде де зор табыстарға қол жеткіздіңіз», - деді Абдалла ІІ бен әл-Хусеин.