303
Жапония үкіметі отставкаға кетті
Жапония үкіметі отставкаға кетті
Жапония үкіметінің министрлері толық құраммен өткен арнайы отырыста премьер-министр Синдзо Абэге отставкаға кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Бірнеше сағаттан кейін жапон парламентінің қос палатасы елдің жаңа премьер-министрін сайлайды. Кейін үкімет басшысы жаңа министрлерді тағайындайды.
Ереже бойынша, партиялар кандидат ретінде өз лидерлерін ұсынады. Осылайша, сайлауда парламентте көп орын алған партияның лидері премьер-министр болады. 22 қазанда өткен сайлауда Абэ басқаратын Жапония либералды-демократиялық партиясы 465 орынның 284-ін алған еді. Сөйтіп Абэнің үкімет басшысы қызметіне қайта сайлануын қамтамасыз етті.
Абэ тамыз айының басында құрылған министрлер кабинетінің құрамына өзгеріс енгізбейтінін мәлімдеп үлгерді.
Үкіметтің жаңа құрамын салтанатты түрде император бекітеді. Осыдан кейін ғана үкімет ресми түрде жасақталған болып саналады.
Айта кетсек, Абэ – Жапонияның 98-ші премьер-министрі.