267
Манчестер, саған мың сәлем!
Манчестер, саған мың сәлем!
Алматы мен Манчестердің арасы жақындай түспек. Ынтымақтастықтың екі қала үшін де тиімді тұстары Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов пен Манчестер қаласының лорд-әкімі Эдди Ньюманның кездесуінде талқыланды.
Манчестер – әлемде өнеркәсіпті ең алғаш қолға алған қала. Қазір Ұлыбританияның өндірістік және инженерлік-инновациялық кластерінің орталығы саналады. Бұл қала өзінің машина жасау, тоқыма өндірісі, химия және жеңіл өнеркәсіп, қайта қалпына келетін энергия көздері, цифрлы экономика салалары бойынша озық тәжірибесімен танымал. Сондықтан да Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың Манчестер қаласының лорд-әкімі Эдди Ньюманмен кездесуінде ең алдымен энергетика, озық технологияларды пайдалану, инновацияны дамыту, логистика, көлік инфрақұрылымы салалары бойынша келелі мәселелер талқыланды.
Қазақстан және Британ өңірлері арасындағы қарым-қатынас ауқымын кеңейту мақсатында тараптар біршама сұрақтарды таразылады. «Алматы халқының саны 1,6 млн адамнан асып жығылады. Етегінде әсем табиғаты бар тауымен ерекше, оның биіктігі – 6 400 метр. Бүгінде қаланың болашаққа деген ұмтылысы биік, қазірден бастап ХХІІ ғасырға назарын салып отыр. Алматының Манчестер технологиялық хабымен тығыз байланыс орнатуға деген құлшынысы ерекше», – деді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов.
Кездесуде сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша байланысты күшейту туралы да сөз болды. Айта кететіні, Манчестер – «Әкімдер бейбітшілік үшін» бағдарламасының белсенді мүшесі. Бұл жаһандық бастама ядролық қарусыз әлем идеясын дамыту үшін 1982 жылы қолға алынғаны белгілі. Және өзін ядросыз аймақ деп атаған бірінші британиялық қала. Шаһар басшысы Эдди Ньюман ядролық қауіпсіздік пен қарусыздандыру мәселелері бойынша ымырасыз және белсенді ұстанымы үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше құрметтейтіндігін айтты.
– Біз Қазақстанның және оның көшбасшысының ядроға қарсы саясат ұстанатындығына өте ризамыз. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің түкпір-түкпіріндегі ядролық қарусыз әлем идеясын ұстанатындарға үлгі болып келеді, – деді Манчестер қаласының лорд-әкімі Эдди Ньюман.
Манчестердің лорд-әкімі сонымен бірге Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға оң баға бере отырып, мемлекетіміздің халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. Кездесу соңында Ерлан Ыдырысов пікірлер кітабына жүрекжарды лебізін жазып, лорд-әкімді Қазақстанға қонақ болуға шақырды.