Жарықдиодты шам – үнемнің ілкімді жолы

Жарықдиодты шам – үнемнің ілкімді жолы

Жарықдиодты шам –  үнемнің ілкімді жолы
ашық дереккөзі
432
Елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте Led System компаниясының көшені және саябақты жарықтандырудың дербес жарықдиодты көздерін әзірлеу жобасы өте маңызды болып отыр. «Жасыл» экономика саласындағы Қазақстанның межелеген мақсаттары 2050 жылға дейін белгіленіп қойған. Алдағы 33 жылдың ішінде баламалы қуат көздерінің  үлесін 50 пайызға жеткізіп, энергия шығынын 50 пайызға қысқартып, жасыл сектордағы жұмыс орындарының санын 500 мыңға жеткізуіміз керек. Елімізде энергияны үнемдеу және баламалы энергия түрлерін қолдану мәселесінің күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Сондықтан ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылған Led System компаниясының жобасы бойынша жарықдиодты шамдарды шығаруға қаржы бөлінуде. Қазір компания «Астана Жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында жарықдиод өндірісін іске қосты. Өндіріс алаңында толық циклді технологиялық тізбек құрылып, ауысымына шамамен 6 мың дана филаментті шамдар шығаратын желі жұмысын бастады. Айта кетейік, жарықдиодты шамдар қазіргі қолданыстағы шамдармен салыстырғанда электр қуатын 12 есеге дейін үнемдейді. Жарықдиодты шамдар үздіксіз жанып тұрса, 100 мың сағат жұмыс істейді, бұл шамамен 12 жыл. Аталған шамдар өндіріс ошақтарын, теміржол бойын, жылыжайларды, ірі қоймаларды және қала көшелерін жарықтандыруға арналған. Жарықдиодты  шамдар өте жарық әрі қызмет көрсету мерзімі де анағұрлым ұзақ. Егер тек кешкілік уақытта ғана пайдаланып отырса, 26 жыл жанып тұрады екен. Дамыған елдер мұндай шамдарды қолдануға бұрынырақ көшіп кеткен. Жапонияда 95 пайыз осындай шамдарды пайдаланады. Біздің елде жарықдиодты шамдар бұрыннан бар. Бірақ жаппай қолданылмайды. Себебі бізде электр қуатын үнемдеу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Жарықдиодты және қуат көзін тиімді пайдаланатын технологияларды қолданатын мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындардың саны жыл сайын көбейгенімен, халық арасында жарықдиодты шамдарды пайдалану деңгейі әлі де төмен. Өйткені қарапайым тұтынушы жарықдиодты шам мен қыздыру шамының арасында таңдау жасаған кезде бағасы арзан болғаны үшін қыздыру шамына басымдық береді.  

Серіктес жаңалықтары