Транскаспий дәлізі – бауырластықтың жемісі

Транскаспий дәлізі – бауырластықтың жемісі

Транскаспий дәлізі –  бауырластықтың жемісі
ашық дереккөзі
659
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Баку – Тбилиси – Карс теміржол бағдарының ашылу салтанатына қатысып, Қазақстанның атынан құттықтау сөз сөйледі.    Түркия президенті Р.Ердоған, Өзбекстан премьер-министрі А.Арипов, Грузия премьер-министрі Г.Квирикашвили, Тәжікстан көлік министрі Х.Худоерзода, Түркіменстан теміржол көлігі министрі Д.Бяшимов арнайы келген салтанатты жиында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Баку-Тбилиси-Карс (БТК) теміржол желісі Түркияға және Жерорта теңізі арқылы Оңтүстік Еуропа елдеріне төте жол ашатынын және бұл Транскаспий халықаралық көлік бағдарының логистикалық жүйесіндегі негізгі инфрақұрылымдық жоба болып саналатынын атап өтті. «Жаңа теміржол желісі біздің елдердің көлік транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыруға септігін тигізеді. Еуразияның бел ортасында орналасқан Қазақстан Еуропа мен Азия арасында қарқынды жұмыс жүргізуде. Мұның бәрі құрлықаралық қатынасты одан әрі дамытуға бағытталған. Біз БТК жобасын жүзеге асыруға бірінші болып қолдау көрсеттік. Әзірбайжан, Түркия, Грузия бұл шешімге Қазақстан мен Қытайдың құптауымен 2016 жылы қол жеткізді. Осындай іргелі қадамның біздің елордамыз Астана үшін маңызды символдық мәні бар. Жоба Қазақстанның Каспийдегі инфрақұрылымы арқылы өтетін жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев. Ол Қазақстан көлік-логистикалық саланың дамуына айрықша ден қойып отырғанын жеткізіп, соңғы тоғыз жылдың ішінде еліміздің көлік-логистикалық жүйесіне 28 млрд долларға жуық инвестиция құйылғанын тілге тиек етті. Транскаспий дәлізіне де ерекше көңіл бөлініп, 1700 шақырым жаңа теміржол желісі мен 3500 шақырым автомобиль жолы салынған. Ақтау портын жаңарту жұмыстары да жүргізіліп, Құрық паром порты пайда болды. «Жаңа стратегиялық жоба өзінің толық тиімділігі мен мүмкіндігін көрсетті. Жақында осы порт арқылы алғашқы 1 млн тонна жүк жөнелтілді. Келешекте Қазақстанның Каспийдегі порт инфрақұрылымының жүкті қабылдау және жөнелту мүмкіндігі артатын болады. Оның жүк тасымалы көлемі жылына 25 млн тоннадан аспақшы. Қазақстан Транскаспий бағытындағы оңтайлы бағдарларды қалыптастыру үшін де қаржы бөліп отыр. Бұл инвестицияның көлемі 10 миллиард доллардан асады. Осылайша, Қытайдан, Орталық Азиядан Ресейдің өңірлері арқылы Транскаспий дәлізіне шығатын ең қысқа жолды қамтамасыз еттік», – деді Премьер-министр. Енді 2020 жылға қарай Қазақстанның көлік-логистика жүйесіне тартылатын қосымша инвестициясы 8 млрд доллардан аспақ. Бұл халықаралық жоба экономика үшін қосымша әлеует қалыптастырып, бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің орнықты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз ететін факторға айналатынымен маңызды. Магистральді жүргізу Қазақстанға Қара және Жерорта теңіздеріне жаңа бағдарлардың ашылуына мүмкіндік береді. Теміржол желісі жүк тасымалының географиясын кеңейтіп, Түркияға Қазақстан арқылы 2020 жылға қарай жылына 2 миллион контейнерге дейін тасымалдауға  жол ашады. «Бүгін еліміздің Құрық портынан Бакудің қазіргі өзіміз тұрған Алят портына Қазақстан мен Қытайдан алғашқы контейнерлік пойыздар паром арқылы келіп жетті. Бұлар әрі қарай Баку-Тбилиси-Карс бағыты арқылы Түркиядағы жүк алушыларға жөнелтіледі. Осыған орай барлық мемлекет басшыларын және қатысушыларды тарихи оқиғамен құттықтаймын», – деп сөзін түйіндеді Үкімет басшысы. Жаңа теміржол желісі – Транскаспий халықаралық көлік маршрутының басты бөлігі. Бұл бағыт Қытайдан Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия және Шығыс Еуропаның бірқатар елдері арқылы Батыс Еуропаға қарай шығады. Мұндай маршрут Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүкті небары 12-14 тәуліктің ішінде жеткізеді. Баку-Тбилиси-Карс жаңа теміржол дәлізіне Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ пен «Электровоз құрастыру зауыты» шығарған локомотивтер пайдаланылатын болады. Осы мақсатта қазірдің өзінде 10 тепловоз әзірленді. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай Қазақстан Әзірбайжанға 40 жүк электровозын жіберетін болады. Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев БТК желісінің ашылуын соңғы он жылдағы өте ұтымды шешім ретінде бағалай келе, 850 шақырымға созылып жатқан жаңа теміржол желісі оған қатысушы елдердің бірлігін, бауырластығын көрсеткенін атап өтті. Ал өзге  мемлекет басшылары да Ұлы Жібек жолының басты бөлігі саналатын жаңа теміржол магистралі мемлекеттердің экономикалық дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары