11 түрлі өнім шығаруға қауқарлы зауыт

11 түрлі өнім шығаруға қауқарлы зауыт

11 түрлі өнім шығаруға қауқарлы зауыт
ашық дереккөзі
341
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» сүт және сүт өнімдері өндірісін дамытуды көздейтін 60-қадамында үш жыл ішінде ТМД нарығына шығарылатын сүт өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы өңірлерде  жаңа сүт зауыттарының ашылуына серпін беріп қана қоймай, өндірісі тоқтап қалған зауыттардың қайта жандануына да жол ашты. Сондай зауыттардың бірі – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Атасу кентінде 2006 жылы іргетасы қаланған сүт зауыты. 11 жылдан бері бірде-бір өнім өндірмей, ісі тоқтап тұрған зауыт келесі жылы қайта іске қосылмақ.  Кәсіпорын 63 млн теңгеге тұрғызылған және ол толығымен заманауи қондырғылармен жабдықталған.   Мұндай қаражатты зауытқа «Аграрлық несие корпорациясы» бөлген. Алайда оның жұмысын жолға қою үшін бизнес-жоспарда ақша қарастырылмапты. Осының салдарынан бірнеше жылдан бері зауыттың ісі ақсап, әлі күнге тұралап тұр. Ал қожайындары алған қарыздарын қайтаруда. «Аграрлық несие корпорациясына» 20 миллиондай қарызымыз қалды. Жаңа жылға дейін басқа шаруашылықтардың есебінен жабамыз деген ойымыз бар. 2018 жылға осы Жаңаарқадағы «Аграрлық несие серіктестігінен» үш адам несие алып, осы зауытты әрі қарай іске қоспақшымыз», – дейді сүт зауытының құрылтайшысы Бағлан Салжанов. Ал аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы кәсіпорынның жұмысын жолға қою үшін шамамен 50 млн теңгедей қаржы керектігін айтады. Кәсіп-орын қожайындары несие алғанда барлық дүние-мүлкін кепілдікке қойған. Жергілікті билік өкілдері қаражат алудың басқа көздерін тапты. «18 млн теңгеден үш адамға беретін болса, ол 54 млн деген сөз. «Даму» банкі екінші деңгейлі банктердің алдында 85 пайызына кепілгер болатын болса, қалған 15 пайызын олар өз қаражаттары есебінен тауып отыр», – дейді бөлім басшысы Дүйсенбек Ахметов. Осылайша зауыттың үш үлескері қаржы тапса, келесі жылдың көктемінде кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл зауыт бір ауысымда 10 тонна сүт өндіріп, 11 түрлі өнім шығаруға қауқарлы. Еш қалдықсыз, тіпті ең соңында көк сүттен сусабын да жасай алатын технологиясы бар.

Серіктес жаңалықтары