Алаш арыстарын ардақтау – Тәуелсіздікке құрмет

Алаш арыстарын ардақтау – Тәуелсіздікке құрмет

Алаш арыстарын ардақтау – Тәуелсіздікке құрмет
ашық дереккөзі
8497
Егемен мемлекет қалыптастырып, Қазақ елін өркениетті елдер қатарына қосуды мақсат тұтқан Алаш арыстары азаттықтың ақ таңын көрмей кетті. Бірақ бүгінде тәуелсіз елдің ұландары бодандықтың бұғауында болған сол уақытты, барша халық арқа сүйеген оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларды мақтан тұтады. Қазақтың маңдайына біткен арда азаматтардың ерлігін үлгі тұтады. Қазақтың азаттығы жолында аянбай тер төккен Алаш азаматтары «Алаш» партиясын құрып, ел игілігі үшін еңбек етті. Биыл «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Сондықтан республика көлемінде жыл басынан бері Алаштың 100 жылдығы аталып келеді.

«Алашты» ардақтаған Алматы

«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына орай Алматы қаласында сан түрлі шаралар өтті. Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өткен ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен «Алаш туы астында» атты ән кеші оңтүстік астана тұрғындарының жадында жатталып қалды. Күні кеше айтулы мерейтойға орай Алматы төрінде тағы бір маңызды шара ұйымдастырылды. Шараның ашылу салтанатында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша әзірленген «Алаштың асқақ арманы» атты деректі туынды көрсетілді. Ұлт мүддесін қорғайтын еркін ел болуды діттеген «Алашорда» үкіметі 1917 жылы 13 желтоқсанда құрылды. Зиялылар тобы қазақтың жерін, бас бостандығын, тілі мен діни сенімін, мал-мүлкін талан-таражға түсірмейміз деп күресті. Мемлекет – ұлттық бостандықтың, ұлттық тұтастықтың, тәуелсіздіктің кепілі. Мұны Алаш зиялылары жақсы түсінді. Сондықтан бәріне қарсы тұрып, бүкіл қазақ халқын азаттық жолына бастады. «Алаш арыстарының арман-мұраты сол кезеңдегі тарихи жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Дегенмен сол уақытта көтерілген ұлт-азаттық қозғалысы туралы идеялар қазақ халқының жүрегінде маздап, тек ХХ ғасырдың соңында, яғни 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды. Біз «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі», «Төрткүл дүниемен тереземіз тең» десек, осы қастерлі ұғымдар Алаш идеяларынан нәр алған сол боздақтардың арманының орындалуы іспетті. Алаш зиялылары халықтың көкірегіне ғасырлар бойы шер болып қатқан азаттық туралы аңсарды, ел болу жайлы ұлы мәселені күн тәртібіне қойды. Сұлтанмахмұтша айтсақ, олар «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» көзсіз батырлар, заманынан озып туған биік өре иелері еді», – деген болатын Алматы шаһарының әкімі Бауыржан Байбек. Еліміздегі жоғары білім беру бойынша көшбасшы оқу орны саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі әл-Фараби Ғылыми кітапханасында «Ғасырлар тоғысындағы Алаш идеялары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығы атап өтілді. Шараның басты мақсаты – қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрестеріне жол бастаған «Алаш» идеясы тарихы мен сол бағытқа өмірін арнаған Алаш қайраткерлері және оның мұрагерлерінің тартысқа толы күрестерін бағалау жаңаша  мемлекеттіліктің қалыптасу тарихын айқындау, ортаға ой салу, пікір алмасу. Сондай-ақ, халықаралық конференция Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді орындауды мақсат етеді. Халықаралық деңгейдегі шараның өтуіне Қазақ ұлттық университеті, Түркия Республикасының Гази университеті, Түркі тарих қауымдастығы мұрындық болды. Конференция жұмысына Қазақстаннан бөлек Ресей, Түркия, Қырғызстан, Моңғолия елінің ғалымдары, алаштанушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, архивтер мен мемлекеттік мекеме басшылары, жоғары оқу орындарының өкілдері, жас ғалымдар қатысты. Халықаралық шара пленарлық мәжіліс пен 10 панельдік секциялар бойынша өтті. Екі күнге созылған конференцияда «Алаш» идеясы мен Алаш мәселесінің тарихи аспектілері талданды.

«Қазақ үшін жүрек майын шам қылған»

Конференция шеңберінде белгілі алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты монографиясының екінші кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш кітап 2017 жылы «Мектеп» баспасынан шығып, көпшілік назарына ұсынылып отыр. ХХ ғасырдағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысы ірі екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңінің (1905-1917 жылдары) оқиғалары мен ерекшеліктері монографиялық зерттеудің бірінші кітабында баяндалады. Азаттық қозғалысының екінші кезеңі (1917-1932 жылдары) советтік биліктің қалыптасуы мен жүргізген реформалық шараларына тұспа-тұс келеді. Зерттеу жұмысының екінші кітабы азаттық үшін күрестің осы уақыттағы бағыттары мен ерекшеліктерін көрсетуді мақсат етеді. Кітап студент жастарға, тарихшы мамандарға және жалпы оқырман қауымға арналған. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем өзгеше жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері болатын. Дәл сондай кезде қазақ қоғамы алдында екі жол тұрды. Бірі – қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, екіншісі – өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу. Бұл жолда қазақ ұлттық интеллигенциясының өкілдері екінші жолды таңдады. Ұлтын жүрекпен сүйген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мұхамеджан Тынышпаев, Бақытжан Қаратаев, Смағұл Сәдуақасов, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Мұстафа Шоқай сынды ұлы тұлғалар қазақ халқының ертеңі үшін күресуге бел шеше кірісті. Олар халықтың мүддесін қорғауды, жастарды оқытып, ана тілін дамытуды көздеді. Басты мақсаттарының бірі – қазақ даласында оқу орындарын ашу еді. Бірақ большевиктер алашордашылардың өз бағдарламасын жүзеге асыруына мүмкіндік бере қойған жоқ. Сөйтіп, қазақтың қамы үшін от кешуге даяр Алаш арыстары сотталды, жер аударылды, ату жазасына кесілді. Қазақ үшін ең ауыр жаза осы болды. Ұлттық рухымыздың тамырын жоюға тырысты.

«Алаш» және «Мәңгілік ел» идеясы сабақтас

Конференцияның алғашқы кезеңі пленарлық мәжіліс түрінде өтіп, мұнда жиынның ұйымдастырушылары мен белгілі ғалымдар сөз алды. Мәжілісте Алаш қайраткерлерінің ерен еңбектері, «Алаш» ұлттық идеясының «Мәңгілік ел» идеясымен тарихи әрі рухани сабақтастығы мәселелері көтерілді. Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры: – Биыл тәуелсіз қазақ елінің тарихындағы аса маңызды оқиға – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылуына 100 жыл толды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 2017 жылғы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында елімізде үшінші жаңғырудың басталғанын жария еткені мәлім. Осыған орай, 2017 жылдың 12 сәуірі күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көруі ұлт санасының сілкінісі мен рухани жаңғыруына тың серпіліс бергенін көріп отырмыз. Біздің егеменді дамуымыздың құндылығы өз Отанының тарихын терең білуімен байланысты. Егер өткен ғасыр тарихына көз жүгіртсек, қазақ халқының ұлттық мемлекет құруда үздіксіз күрес жүргізгенін көреміз. ХХ ғасырдың басында егемендігіміздің ежелгі бастауы болатын, этникалық бірліктің негізі болған «Алаш» ұғымы зиялылардың арқасында біріктіруші, азаттық, ұлт идеясына айналды. Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылы маусым айында Орынбор қаласында бірінші Жалпықазақ съезі өтті. Ұлт мүддесіне сай күресетін «Алаш» партиясын құрды. Сол 1917 жылы желтоқсан айында Орынбор қаласында екінші Жалпықазақ съезі өтіп, «Алашорда» үкіметі дүниеге келді. «Алашорда» үкіметі қазақ халқының жаңа замандағы және жаңа тұрпаттағы мемлекеттігінің көрінісі болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» деген тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасыр басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал», – деп көрсеткен болатын. Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық көтеріліс көсемдері ғана емес, олар ағартушылық, шығармашылық зиялы қауымның жарқын өкілдері болатын. Олар ешқандай материалдық байлықты көздеген жоқ. Алаш арыстарының тек бір ғана мақсаты болды. Ол – қазақ халқын егемен ету, азат қылу. Соның бір сипаты ретінде айтатын болсақ, ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханов: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деп бүкіл өмірін қазақ халқы үшін сарп етті. Олардың әрқайсысы қазақтың ұлттық сана-сезімін дамытуға, ұлт болып ұйысуына үлкен үлес қосты. Осы мақсатта олар қарқынды белсенділік танытты. Егемен ел болуға ерен еңбек еткені баршаға аян. Осы орайда Ахмет Байтұрсыновтың мына сөзін атап өткім келеді: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек». Ахмет Байтұрсыновтың бұл сөзі бізге қашанда сабақ болады. Алаш өкілдері қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалады. Өкінішке қарай, Алаш азаматтарының ізгі мақсаттары мен армандары сол кезеңдегі жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Олар ұлтына барынша адал болды, жан-тәнімен халқын сүйді, ұлттың болашағы үшін қызмет ету – олардың ұстанымы болғанын білеміз. 100 жыл бұрынғы «Алаш» идеясы бүгінгі қазақ елінің «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтасып, үндесіп, жалғасын тауып, рухани жаңғыруға бастап отыр. Алаш қайраткерлерінің асыл армандары бүгінгі таңда шындыққа айналды. Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта өз орнын ойып алып, егеменді ел ретінде бүкіл әлемге танылды. Рефик Туран,  Түркі тарих қауымдастығының президенті: – ХХ ғасырдың басында көп мемлекеттер бодан болды. Осыған байланысты ұлт-азаттық қозғалыстар орын алды. Соның бірі – «Алаш» қозғалысы. Бізді біріктіретін, әрине, осы «Алаш» қозғалысы болып есептеледі. «Алаш» қозғалысы ұлттық күреске жатады. Негізінде, «Алаш» партиясы өзінің ұлттық мемлекеттілігін құра білді. Бірақ біз білетіндей Сталиннің Кеңес Одағының билігіне келуі «Алаш» партиясының тағдырын талқандады. «Алаш» партиясы жеңілгендей болып көрінді, бірақ қазақ халқы мұны мойындаған жоқ. «Алаш» идеясы күн сәулесі тәрізді қазақ халқының көңілінің түкпірінен орын алды. Уақыт өтті, заман өзгерді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне қол жеткізді. «Алаш» идеясы бүгінгі күні де жалғасын табуда. Азат Перуашев, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты: – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру елдің ұлттық рухани  тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», – деп атап көрсете отырып, алдымызға келесі міндетті қойды: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек». Меніңше, рухани жаңғыру дегенімізге Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен өнегелі істерін көпке дәріптеу де кіреді. Халқымыздың ұлттық кодының бір тармағы осы Алаш құндылығында жатыр. Ұлттың мәңгілігін ойлаған «Алаш» қозғалысының ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерттеу, мағынасын ашық көрсету, оны ел игілігіне жарату – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін қымбат құндылық. Алаш деген – азаттық үшін құрбандыққа бару, Алаш деген – білім мен намысты халыққа тарату, Алаш деген – көпшілікке прогресшіл және ашық ой-сананы дамыту, Алаш деген – ұлтжанды болу. Бізге әлі де Алаш идеясын ысырып тастауды көздеген, кеңестік-отаршыл кездегі ойлау жүйесінен, психологиялық пиғылдан арылуға көп күш жұмсауға тура келеді. Дәл осы мақсатпен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – қазақ халқының тарихындағы маңызды қадам. Латын қарпіне көшу – отаршылдық менталитеттен азат ойға көшу. Мәмбет Қойгелдиев, ҚР ҰҒА академигі, профессор: – Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылы Ресей империясында түрлі оқиғалар орын алды. Ол – 1917 жылғы Ақпан және Қазан революциясы. Мұның Қазақстанға да ықпалы ерекше болды. Сол оқиғалардан бері 100 жыл өткенімен, Ресей мен Қазақстан тарихшыларының пікірі әлі де үйлесе бермейді. Біз ол оқиғаларды басқаша оқимыз. Біздің көзқарасымыз Ресейдің тарихшыларынан өзгеше. Қазақстан тарихшыларының 1917 жылғы оқиғаларға байланысты көзқарасы өзгергені анық. Мәселен ресейлік тарихшылар үшін 1917 жылғы өзгерістер түбегейлі формациялық өзгерістер деп саналады. Ал біз үшін ол оқиғалар ұлт-азаттық қозғалыстарының шарықтау шегі. Ресей тарихшыларының басым бөлігі үшін 1917 жылғы «Алаш» қозғалысы буржуазиялық-ұлтшылдық қозғалыс. Біз үшін «Алаш» қозғалысы – ұлт-азаттық қозғалыс. Ұлттық мемлекеттік, ұлттық тәуелсіздік мәселесін қозғаған қозғалыс. 1917 жылы қазақ жерінде екі түрлі ұстанымдағы саяси күштер қарсы келді. Бір жағында оңшыл-солшыл Ресей партиялары, саяси қозғалыстары тұрды, оның ішінде большевиктер де бар. Екінші жағында өзінің мемлекеттігін жаңғырту жолына түскен, жерінің тұтастығын қорғау жолына түскен қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тұрды. Менің түсінігім бойынша, ұлт-азаттық қозғалыс Қазақстанда Қазан революциясынан кейін де жүріп жатты. Ол 1937 жылғы репрессиямен аяқталды. Алаш қайраткерлері түгел жойылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалысы аяқталды. Большевизм мен алаштықтардың айырмашылығы неде? Олардың арасындағы қайшылық неден басталды? Меніңше, осы нәрсені анықтау керек. Осыған басымдық беруіміз керек. Большевиктер саяси күреске шыққанда: «біздің мақсатымыз – езілген халықтарды, әлеуметтік топтарды азат ету», – деді. Яғни, олар марксизмнің постулатына сүйенді. Маркстік постулат бойынша, қоғамдағы негізгі мәселе – таптық күрес. Ал алаштықтар қандай ұстанымда болды? Алаштықтар: «Біз тап күресі жолына түспейміз, тап күресі бізге жат нәрсе. Біздің ұстанымымыз – қазақ ұлтын, қазақ халқын азат ету», – деді. Бұл – өте маңызды принцип болатын. Біз ұлт-азаттық қозғалысты қараған кезде геосаяси мәселені көп жағдайда ұмытамыз. Кеңестік билік өзінің осы бір мақсатын жасырын ұстады. Неге кеңестік билік «Алаш» қозғалысын соншалықты қатыгездікпен басты? Неге «Түркістан» мұхариятын жойды? Оның бір ғана мақсаты болды. Бұған дейін 1917 жылы Лениннің декреті бойынша Польшаға, Финляндияға еркіндік берді. Одан кейін Балтық жағалауы елдеріне еркіндік берді. Яғни, 1917 жылдан кейін Ресей империясы ыдырау жолында тұрды. Осы жағдайдан Ленин бастаған билік қатты қорықты. Сондықтан олар қазақ халқының өз мемлекеттігін құру идеясын мойындағысы келмеді. Өзінің құрамындағы халықтарды алалап, бөлді. Кейбірі өз егемендігін алуға лайық деп танылды, ал Орталық Азия халықтары азаттық алуға лайық емес деп танылды. Данагүл Махат,  Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ҒО директорының орынбасары: – Алаш мәселесіне байланысты пікір айтқан кезде біз Алаштың жас буынын ұмытпауымыз керек. Бүгінгі күнге жетіп, Алаш тақырыбын күн тәртібіне қойып, «Алаш» идеяларын қарастырып отыруымыздың өзі Алаш зиялылары 1937-38 жылы ату жазасына кесіліп, қуғын-сүргін құрбаны болып кеткенімен, ол кісілердің идеяларын ары қарай жеткізуші жас буыны қалған болатын. Соның бірі – қуғын-сүргінге, әртүрлі айыптауларға ұшырағанмен, 1961 жылға дейін өмір сүрген біздің ұлы жазушымыз, биыл 120 жылдығы аталып өтіп отырған Мұхтар Омарханұлы Әуезов болатын. Кеңестік қызыл империяның ату жазасынан аман қалып, Алаш мұратын келер ұрпаққа жеткізген ұлы тұлға Мұхтар Әуезовтің бүкіл ғұмыры айыптаулар мен қуғын-сүргінге толы болды. 1930 жылы Ташкентте тұтқынға алынғаннан кейін ол кісінің Хан Кенеге байланысты және Абайдың ақындық мектебіне байланысты, сонымен қатар, қазақтың оқу құралдарын және хрестоматияларын шығарып, соның редакторы болуына байланысты қуғын-сүргін жалғасқан болатын. Ол 1924 жылы педагогикалық семинарияда мұғалім болып, қазақ әдебиеті тарихынан сабақ берген. 1925 жылдан бастап Ташкентте, Ленинградта оқып, ғылыми зерттеулермен айналысқан. Осы кезеңдерде қазақ тарихына, әдебиетіне байланысты зерттеулерді жалғастыра берді. Негізінен, ол кісі белсенді түрде саяси қызметпен айналысқан жоқ. Оның бүкіл ғұмыры ғылыми зерттеулер мен көркем шығармалар жазумен өтті. Өзінің түрлі көрсетілімдерінде Мұхтар Әуезов: «1923-24 жылдардан кейін баспасөздегі айтыстарға, саяси науқандарға белсенді қатысқан жоқпын. Себебі мен саяси істен гөрі жазу-сызуға бейім екенімді байқадым» деп жазады. Алаштықтар армандап өткен азаттыққа қазақ халқының қолы жетіп, қазақ ұрпағы тәуелсіз мемлекетте ғұмыр кешуде. Алаш арыстарының алға қойған мәселесі – ұлтты сақтау. Ал ұлтты сақтау үшін алдымен оның жерін сақтау керек. Жерсіз ұлт та болмайды, қоғам да болмайды. Қазақ ұлтын сақтап қалу үшін, болашақ ұрпақтың азат елде өмір сүруі үшін барын салған ардақтылардың 100 жылдығын ескерусіз қалдыру ұрпақ атына сын болар еді. Қазір айтулы дата еліміздің түкпір-түкпірінде атаусыз қалып жатқан жоқ. Әсіресе, Алматы қаласының әкімдігі «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына ерекше назар салып отыр. Бүгінге дейін шаһарымызда түрлі шаралар ұйымдастырылып, жас ұрпаққа Алаш арыстарының еңбегін дәріптеп келеді. Осыдан бір ғасыр бұрын құрылған «Алашорда» үкіметінің аңсаған арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан. Қазақтың кең байтақ даласы, рухани байлығы Алаш зиялылары бізге аманаттаған құнды байлығымыз. Қазақ үшін жанын құрбан еткен арыстардың рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын бойға сіңіріп, соған лайық еңбек ету. Алаш қайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер, ұлтты біріктіруші идея ретінде қашан да қазақ елімен бірге жасайды.

Серіктес жаңалықтары