264
Үлкен Алматы автожолының құрылысы 2018 жылы басталады
Үлкен Алматы автожолының құрылысы 2018 жылы басталады
Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы 2018 жылдың алғашқы үш айында басталады деп жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сілтеме жасай отырып.
Бүгін Астанада өткен Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі тараптардың Үлкен Алматы айналма автожолын салу туралы өзара келісімге келгендерін және келіссөздердің аяқталуға жақын қалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Келісімшарт биыл 5 желтоқсанда жасалады деп жоспарланып отыр. Бірден жұмылдыру жұмыстары басталады. Біз келесі жылдың бірінші кварталында осы аумақта құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз», – деді Жеңіс Қасымбек мырза.
Министрдің сөзінше, келісімшарт жасасу мерзімін жеделдету мақсатында министрлік, консорциум және Еуропа банкінің арасында меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Үлкен Алматы айналма автожолы жобасына қанша қаражат жұмсалатынын, яғни Үлкен Алматы айналма автожолы жобасының құны 1,5 миллиард доллардан асатынын айтқан болатын. Әкімнің сөзінше, автожол қаладағы көліктердің санын тәулігіне 40-60 мыңға азайтады.