1058
Күләш Ахмет: Атақтан абыройын биік қойған еді
Күләш Ахмет: Атақтан абыройын биік қойған еді
Тұрсынбек Кәкішев – тумысы бөлек, зерделі тұлға еді. Ол – қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге, әдебиеттанудың сын-тезін түзеуде, жас әдебиетшілерді оқытуға арналған бағдарламалық оқулықтарды жазуда талмай еңбек еткен ғалым-ұстаз. Кеңес өкіметі кезінде-ақ алаштану ғылымы үшін құнды құжаттар мен сирек кітаптарды Уфадан әкелген батыл қайраткер. Саналы ғұмырын қазақ әдебиеттану ғылымына арнаған ұстаздың жары, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметпен болған сұхбат айтулы ғалымның аянбай еткен еңбегіне азын-аулақ сәуле түсірер деп сенеміз.
– Биыл Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдық мерейтойы. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалымның мерейтойы талай ойға жетелеген шығар...
– Тұрсекең 90 жасқа жетемін деген сенімде болды, бірақ ғұмыры жеткізбеді. Қайтыс болғанына бір жыл толғанда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадан оқу залын ашатын болдық. Бұл заңды құбылыс деп білемін. Әуелі Тұрсекең Ақмола облысының тумасы. Сонымен қатар, астаналық оқырмандарды қанағаттандыру үшін де академиялық кітапхананың қоры мол болуы тиіс. Кітапхана басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы бұған дейін де бірқатар оқу залдарын ашып, үлкен істерді атқарып жүр екен. Тұрсекеңе арнап кітапханадан «Ғалым залы» ашылды. Залдың ерекшелігі – Тұрсекеңнің өзі жинаған сирек қордан құралды. Ол кісі 1957 жылы Уфадағы әдебиет институтында өртелгелі жатқан 700-ден астам кітапты Қазақстанға алып келеді. Көп ұзамай біраз кітаптар әкелгені жұрт құлағына шалынады. Сол тұста «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың күйеуі Әбен Сатыбалды Тұрсекеңе келіп: «Сіз біраз кітап әкелді деп естідік. Міржақыптың кітаптары бар ма екен?» – деп сұрайды. Тұрсекең: «Сіз кім боласыз?», – дейді. Ол кісі Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың күйеуі екенін айтады. Содан Тұрсекең үйіне ертіп келіп, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ», «Бақытсыз Жамал» кітабын беріп жіберді. Гүлнар апай кейіннен бір әңгімесінде: «Кәкішев деген сөз шыға қалса, құлағымды түріп жүрдім. Себебі қорықтым. Кәкішев Уфадан Дулатовтың кітабын алып келіп, ұсталыпты дегенді түбі естимін ғой деген үрей құшағында болдым», – деп айтыпты. Өйткені ол заманда Алаш арыстары ақталмаған еді. Олардың еңбегі түгіл, есімдерін айтудың өзі мұң болатын. Гүлнар апай: «Кітапты көргенде, әкемді қолынан жетектеп әкелгендей қуандым», – депті бір сұхбатында.
Тұрсекеңнің 70 жылдық мерейтойында Гүлнар Міржақыпқызын үйге шақырғанымызда әкесі Міржақыптың кітабына тілегін жазып, сыйға тартты. Сондықтан бұл Тұрсекеңнің сирек қорынан табылған бір тамаша дүние.
Уфадан сирек кітаптарды алудың өз тарихы бар. Тұрсекең кітапханадан шыққанда, есік алдында үйіліп жатқан кітапты көреді. Оны қызметкерлер өртейін деп жатады. Жалма-жан үйінді кітаптарды шетінен ашып, қарай бастайды. Сөйтсе, араб және латын әліпбиімен басылған қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар екен. Тұрсекең: «Мына кітаптардың керегі болмаса, мен алайын», – дейді. Қызметкер: «Онда директорға жолығыңыз», – дейді. Директорға барған екен, ол кітаптарды сатып алсаңыз беремін депті. Іссапарда жүрген адамда қайдан артық ақша болсын?! Әдебиет иниститутының директоры Сақтаған Бәйішевке телефон соғып, маңызды кітаптар тапқанын, сирек кітаптар екенін айтып, қаражат сұрайды. Содан санап отырып 700 кітапты елге алып келеді. Бұл кезде, 1957 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің ақталмаған кезі. Жеке басына, өміріне төнген қауіпке қарамастан Алаш арыстарының мұраларын алып келген. Бұл еңбегінен кейін Тұрсекеңді Алаштанушы демей көріңіз. Оған дейін де талай ғалымдар Уфадағы кітапханаға бармады дейсіз бе? Барып жүрді, бірақ Алаштың мұрасын алу түгілі, есімдерін естуге қорқатын заман болды.
– Зерттеушілік адам бойында тегіннен тегін пайда болмайды. Ол кісінің тағдырлы тұлғаларды зерттеуіне не түрткі болды?
– Ия, Тұрсекең әу баста геолог болуды армандаған. Ол кісінің ата-анасы алтын өндірушілер екен. Бүгінде ауылдары Алтынды деп аталады. Менің ойымша, сол кезде арманшыл қазақ баласына әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев даңқының кең таралуы әсер еткен болар. Ал әдебиет ғылымын зерттеуге Бейсенбай Кенжебаев пен Есмағамбет Ысмайылов алып келген. Ол кісілер қазақ әдебиеті ғылымын тереңдете зерттеу үшін шәкірттеріне зерттеу бағыттарын белгілеп береді. Есмағамбет Ысмайыловтың Тұрсекеңе берген негізгі тақырыбы – Қазақ әдебиетінің сыны, әдебиеттану ғылымы. Тұрсекең ғылымда ұстаздары жүріп өткен жолды қайталағысы келмейтін, үнемі тыңнан түрен салғанды жөн көретін. Қазақ әдебиетіне қатысты мұрағаттардағы дүниенің барлығын сүзіп шықты. Тіпті, «өте құпия» деп белгі салынған талай дүниені орайын келтіріп көргенін, жазып алғанын айтатын. Сол мұрағаттардағы тың деректер арқылы алаштануға, Сәкен мен Бейімбетті зерттеуге кіріседі…
– Сәкен Сейфуллин туралы 14 кітап жазыпты. Тағдыры өте күрделі тұлға Сәкенді толық ақтай алды ма?
– 1957 жылы Сәкен ақталған кезде, әдебиет институты арнайы экспедиция ұйымдастырады. Оны Есмағамбет Ысмайылов басқарып, Тұрсекеңді зерттеушілер құрамына қосады. 1980 жылдары Әдебиет институты Сәкен туралы зерттеулер жинақталған алты томдықты қысқартып, бес томдық етіп шығарды. Ал Тұрсекең бір Сәкенге арнап 13 томдық еңбек жазды. Осы жерде айта кету керек, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев үйге келіп: «Тұрсеке, сәкентанушы көп болғанымен, сізден артық ешкім білмейді. Ұлылар қанша еңбек етсе, сонша томдығын шығарайық. Сәкен мұралары қанша том болады?» – деп сұрайды. Тұрсекең бірден «он том болады», – дейді.
Ол кісі Сәкен шығармашылығына арналған еңбекті 13 томға жеткізіп кетті. «Сәкен сүйген сұлулар» атты еңбекті тапсырыспен жаздырған деп айтатын. Сәкен сүйген сұлулар расында да көп болған, Тұрсекең көбінің ұрпақтарының бар екенін ескеріп, заңды некедегі жарлары туралы ғана жазып кетті.
Сәкенді де, Сәбитті де ақтаудың қажеті жоқ. Менің кандидаттық диссертациям Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының 1927 жылғы нұсқасын зерттеуге арналды. Докторлық зерттеуімді «Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші» деген тақырыпта жаздым. Кандидаттық диссертациямды 1995 жылы ғылыми кеңестің алдында бес сағат қорғадым. Менімен бірге Сәбит Мұқанов туралы қорғаған ғалым 50 минутта қорғап шықты. Себебі менің тақырыбым төңірегінде дау көп болды. 1989 жылы Алаш азаматтары ақталды, содан «Сәкеннің кітаптарын өртейміз, құртамыз» деген жалаң ұрандар айтылып жатты. 1995 жылы «Азаттық радиосы» үш күн бойы «Сәкеннің кітаптарын шығармау керек» деп айғайлады.«Кәкішев шәкірттерін шәуілдетіп қойды» дегенге дейін барды. Ал 1989 жылы Алаш азаматтары ақталған кезде бірден Сәбиттің емес, Сәкеннің жағасына жармасты. Олардың айтып жүргені 1936 жылы шыққан, тұтастай өзгертілген «Тар жол, тайғақ кешу» еді. Ал алғашқы нұсқасы басқа болды. 1917 жылы алаш азаматтарының Орынборда өткен Жалпықазақтық І сьезіне Ақмола облысынан Мағжан мен Сәкенді делегат етіп шақырады. Ол кезде ешкім бір-біріне жау емес еді. Біздің бірқатар зерттеушілер мен тарихшылар «Тар жол, тайғақ кешу» болмағанда Алаш азаматтары ұсталмайтын еді, атылмайтын еді дегенге дейін барып жүр. Сәкенің роман-эссесінде бірде бір Алаш азаматтарын жолма-жол мәтінде аты-жөнін жасырып, бүркеншік есіммен атамайды, бәрін анық жазады. Тіпті, Алаш партиясының құжаттарында көрсетілген азаматтардың аты-жөнін қайдан алып отыр? «Қазақ» газетінен, «Сарыарқадан» алып отырмын деп айтады. Тіптен Алаш азаматтарымен болған дауда «Үш жүз» партиясының өкілдері: «Орыстан қатын алғанның өзі де орыс, баласы да орыс» деген кезде Сәкен: «Алған әйелінің ұлтына, одан туған баласына тиісудің қажеті жоқ», – деп әділдігін айтады. Алашордашылардың отбасы мен көзқарастарын араластыруға болмайды деген ұстанымда болады. Сондықтан, Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» толықтай дәлелмен, жалтақтамай ақиқатын айтқанын және Тұрсекең осы оқиғаларды саралай, сараптай келе «Алаш азаматтарының да мінсіз емес екендігін, олардың да пенделік пікірлері болғандығын» тарихи деректермен дәлелдеп, тұжырымдаған тұста біреулер Сәбиттің шалғайына жармаса бастады. Бұлар да бөтен емес, Сәбиттің өз төңірегінде жүргендер еді.
Алаш арыстары ақталған кезде Ілияс, Бейімбет, Сәкен үшеуі бірге ақталды. Сол тұста «Кезінде Сәкенді ұстатқан Сәбит еді» дегенді айтқысы келгендер болды. Бірақ «Совет қазақ әдебиетін сендер менен бастап едіңдер, енді нағыз иесі келді, әдебиет тарихын Сәкеннен бастаңдар» дегенді Сәбиттің өзі айтқан. Сонда да Сәбеңді қаралағысы келгендер болды. Қаралады да! Ілияс, Бейімбет, Сәкен ақталып, көп томдықтары шыға бастап, олардың кітаптарына төленетін қаламақыны жесірлері алатын кезде Сәкеннің інісі Мәжитті айдап салып, екі жікке бөлінген тұстары да болды. Сәбитті қаралаған пікірді студенттер емес, мүйізі қарағайдай әдебиеттанушымын, әдебиет теоретигімін деп жүрген ғылым докторлары айтып жүрді. Мен оларға қарсы сұрақ қояр едім: «Егер Сәкенді ұстап берген Сәбит болса, бұның ақиқатын бірінші білетін адам – Сәкеннің әйелі Гүлбаһрам болар еді ғой. 1964 жылы Сәкеннің 60 жылдық мерейтойы тойланған кезде, мемлекеттік комиссияның төрағасы Сәбит болғанда Гүлбаһрам қарсы болар еді ғой. Жоқ, Сәкеннің әйелі Сәбит Мұқановтың жары Марияммен жақсы қарым-қатынаста болған. Егер Сәбит мен Сәкен бір-біріне дұшпан болса, Гүлбаһрам апай қайтыс боларынан бұрын: «Мариям, Сәкеннің сенімді серігі Сәбит болды ғой. Сәкеннің қайда жатқаны белгісіз. Мен қайтыс болғаннан кейін Сәбиттің қасына жерлеуге рұқсатыңды бер», – деп айтар ма еді? Шынына келгенде, әйелдер өзін қиянатқа қиған адамды кешіруі мүмкін, бірақ сүйген жарын қиянатқа қиған адамды ешқашан кешірмейді. Бұл әйел мінезіндегі өзгеше қасиет. Оның үстіне Гүлбаһрам тәтей өте мінезді болған кісі. Егер ол мінезді болмағанда, Сәкеннің алдыңғы әйелдері сияқты ажырасып кеткен болар еді. Ол – Сәкен үшін жазықсыз Алжир түрмесінде отырған әйел.
Кезінде Сәбитті зерттеу барысында архивтен Жазушылар одағындағы жиналыстардың стенограммасын қарап отырып жылаған кездеріміз, күлген шақтарымыз болды. Сол тұста Жазушылар одағын басқарып отырғандардың Сәбеңе көрсеткен қорлығы сұмдық. Сәбит Мұқанов басқалармен салыстырғанда өте аңғал адам болған. Тұрсекең – Сәбит болмысын толықтай ашқан сәбиттанушы. Тұрсекең ешқашан деректерді, дәйектерді, құжаттарды көзімен көріп, қолымен ұстамай пікір айтпайтын. Ол кісі архивтен көріп келген шетін дүниелерді айтқанымда, өзі барып көрген соң ғана сенетін.
ХХ ғасырдың басында, 31-жылы Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің тарихын жазған. 1948 жылы ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын жазған. Ол тұста Сәбең Жазушылар одағының басшысы еді. Отызыншы жылдары жұмыссыз қалған Мағжанға көмектесіп, ақынмен хат жазысып тұрған, оны үйіне қондырған, тіпті қаламақы да бергізген. Мағжанмен байланысқаны үшін Сәбит Мұқанов Жазушылар одағынан қуылып, партия билетінен айырылған. Содан көпке дейін тұрмай жатып қалады. Сол кездегі ҚазПИ-дың ректоры жұмысқа шақырып, сонда лекция оқиды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ерекше қасиеті – түгел ақын, жазушылар. Оқулықтың бәрін өздері жасады. Бірақ олар бірін-бірі қайталамайды. Керісінше бірін-бірі толықтырып отырады. Мысалы Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің тарихынан өзі лекция оқып жүрген 3-курс студенті Қалижан Бекхожинды қосалқы автор етіп, қазақ әдебиетінің хрестоматиясын жазды.
Кеңес өкіметі орнаған соң, мектептер ашылып, мұғалімдер даярлау ісі мен оқулық жазу мәселесі күн тәртібіне шықты. Сол кезде Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің тарихын жазды. Егер ол жазбағанда, 1989 жылдары Алаш азаматтары ақталған кезде Ахмет, Міржақып, Мағжан, Шәкәрімнің еңбектері шықпай қалатын еді. Ал әдебиет институты алаштықтар ақталғанда ғана бұрқыратып шығарды кітаптарды. Бірақ олар Сәбеңнің ХХ ғасырдың басындағы «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабынан алдық дегенге намыстанды.
– Тұрсынбек ағаның ғалым ретінде қандай ерекшеліктері бар еді?
– Тұрсекең – күй талғамайтын ғалым. Ол кісі конференцияда отырса да, жол сапарда жүрсе де газет-кітапты тастамай оқып жүреді, жазып жүреді. Мысалы бір ретте Жазушылар одағына барғанда Амантай Сатаевтың кітабын сатып алды. Күні-түні жалықпай оқыды. Содан рецензия жазды да, «Қазақ әдебиетіне» жариялады. Содан бір кісі үйге қоңырау шалды: «Кәкішевтің үйі ме?» – деді. «Иә», – дедім. Ол кісі жылап қоя берді. Содан Гүлжан апай үйге келді. Сөйтсек, жолдасы Амантай Сатаевтың кітабын елу адамға сыйға тартыпты. Сондағысы елу адамнан бес адам рецензия жазса деп ойлаған. Содан бастап ол кісімен жақсы араласып кеттік.
Тұрсекеңнің тағы бір ерекшелігі – жады мықты еді. Мысалы эсселерінде Сәкен туралы немесе «Садақ» журналы туралы айтып келе жатады да, оған қатысты деректерді түгел қамтып айтып отырады. Бұл қасиет – көп білгендіктен, терең зерттегендіктен деп ойлаймын. Өте көп білетін. 1988-89 жылдан бастап Сәкенді зерттеуге түбегейлі кірісті. Сәкеннің барлық мақалаларын, зерттеулерін, көтерген мәселелерін, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге қосқан үлесін, публицистикалық мақалаларын зерттей бастады. Сәкенді жұрт ақын, жазушы, драматург ретінде ғана біледі. Ол кісінің ноғайлы жырлары туралы жазғанын, өкімет басында отырып тіл туралы 9 мақала жазғанын көбісі біле бермейді. Тұрсекең сәкентануда тың деректер ашуымен ерекшеленеді.
Көп білетіні туралы айттым ғой. Бір диссертацияларды қарап отырады да арасында келтірілген ғалымдардың тұжырымдамаларын оқып, маған «бәленшенің еңбегін бере ғой» дейді. Сөреден аламын. Содан арасынан парақтарын ашып жіберіп, әлгі сілтемелерді салыстырып отырады. Бұның бәрі білімде, көп оқуда. Ең бастысы, Тұрсекең еңбегіме мынадай атақ алайын деген жоқ. Ешкімге қиянат жасаған емес. Сондықтан да жады өте мықты болды.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл қызмет атқарды. Халық соңғы сапарға да сол шаңырақтан шығарып салды. Университеттегі қызметіне қай жылы келген?
– Ол кісі ҚазҰУ-де 1966 жылдан бастап жұмыс істеген екен. Бейсенбай Кенжебаев Тұрсекеңнің тың жаңалықтарын жазғандарынан аңғарады әрі жұмысқа шақырады. Академияда кіші ғылыми қызметкер болып жүрген Тұрсекеңді 50 сағаттық дәріс беретін оқушы етіп, жұмысқа алады. Содан Академияның басшысы Мүсілім Базарбаев естиді де: «Екі жерден айлық алады екенсіз, олай болмайды. Екеуінің бірін таңдаңыз» дегенді ескертеді. Сонымен, Тұрсекең ақы алмай-ақ, университетте тегін жұмыс істейін деп айтады амалсыз. Оған дейін Мұхтар Әуезовтің басшылығымен жарық көрген қазақ әдебиеті тарихы 6 кітаптан тұратын. Соның 2-3 томдарындағы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының тарихын түгелдей Тұрсекең жазып шықты. Әуезов өзі басшылық етіп, кітап жазуға ғалымдарды сайлаған кезде авторлыққа Тұрсекеңнің замандасы, мүйізі қарағайдай академиктердің ешбірін қоспаған. Тек Рахманқұл Бердібаев, жастардан Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынбек Кәкішевті қосады. Қазақ әдебиетінің осы тұңғыш тарихына бір кітабы шыққан жас жазушылар да кіріп кеткісі келеді. Ол кітапта Ілияс, Бейімбет, Сәкен, Ғабит, Сәбит бастаған ірі тұлғалар тұрады. Содан Тұрсекең институттың бастығына: «Бұл жастарды қалай кіргіземіз? Қазір бұларды бір кітабымен қазақ әдебиеті тарихының төріне шығарсақ, ертең оларды сол деңгейге сүйреп шығара алмаймыз», – дейді. Содан «Тұрсынбек ғылымды жасай алмайды» деген сарындағы домалақ арыздар көбейіп кеткеннен кейін, 1968 жылы Кәкішев жұмыстан қуылады. Бұны естіген Бейсенбай Кенжебаев Тұрсекеңді қуана-қуана университетке жұмысқа алады. Сол тұста Саттар Имашев оқу министрімен келісіп, бір штатты бөлдіріп, Тұрсекең ҚазҰУ-ге жұмысқа кіреді. Сөйтіп, «Ғылымды жасай алмайды» деген Тұрсекең қазақ әдебиеті сыны тарихының бағдарламасын, оқу құралын жасайды. Қазір Қазақстанның білім министрлігінің тапсырысымен оқулық болып бекітіліп, қазақ әдебиеті сынының тарихы Тұрсынбек Кәкішев жазған жалғыз оқулығымен оқытылып жүр. Ал сол кезде Тұрсекеңді «ғылым жасай алмайды» деп қуған адамдар қайда, Тұрсекең қайда? Арасы аспан мен жердей.
Ғылымға бағыттаған шәкірттері көп. Тұрсекеңнің өз мектебінен Дандай Ысқақ қазақ әдебиеті сынының тарихын, сын теориясын жазды. Онан кейін Жандос Смағұловтың «Қазақ әдебиеттануының тарихы» туралы докторлығы екінші рет қорғалғанда барып, бекітілді. Жалпы Тұрсекеңнің шәкірттері де оның ғылымда жүріп өткен жолдарын көріп келеді. Мен де ол кісінің шәкірттерінің бірімін. Сондай құқайдың көкесін өзім де көріп отырмын. Қазіргі әдебиеттануда жүрген Құлбек Ергөбек, Тұрсын Жұртбаев, Шәкір Ибраев, Жанғара Дәдебаев, Балтабай Әбдіғазиев, Болатжан Әбдіхалық, Жарылқасын Әбішев, аты аталмаған тағы біраз шәкірттері бар. Кеңес өкіметі кезінде әдебиет институтының қызметкерлері ауылшаруашылық жұмысына баратын. Ол кезде әдебиет институтында Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев секілді егде кісілер жұмыс жасайтын. Институт басшысы Әди Шәріповке: «Әдеке, қазір сізге жұмысқа қолғанат керек. Ал мына жігіттер түбінде әдебиетті жасайды», – деп таныстырып, жұмысқа орналастырып жүретін. Сол кездегі министрдің орынбасары Әуесхан Қанапин: «Тұрсеке, мектепке сауатты мұғалім керек. Жылда, жылда жігіттерді алып қаласыз. Ауыл білімсіз қалады ғой», – дейтін көрінеді. Сонда: «Ғылымды кім жасайды, қыздар жасай ма?», – дейді екен Тұрсекең. Расында да Тұрсекең көрегендік жасапты, қазір сол жігіттер ғылымда орны бар айтулы азаматтарға айналды.
– Орындаламай қалған ісі, армандары болды ма?
– Ол кісінің бір арманы – Шоқан, Ыбырай, Абай сынды қазақтың ұлы үш демократының қатарына Ахмет Байтұрсыновты қосу еді. Оған қатысты ғылыми дәлелдері, жинаған көп дүниелері бар болатын. Сосын халық ауыз әдебиеті фольклор емес екендігін дәлелдегісі келді. Бұл туралы арнайы зерттеуді қолға ала бастаған еді. Бұл енді болашақ ғалымдардың еншісінде қалды.
Ол кісі бақилық дүниеге кетуді іссапарға баратындай, жай ғана іс деп қарайтын. Өзін өзі дайындай бастады. «Біраз шаруа бітірдім ғой, жарайды енді», – дейтін. Мен соны көңіліме алып, жамандық шақырмаңызшы деймін ғой. Сонда: «Ол жақ жаман емес-ау, жаман болса, Зейнолла бір есебін тауып келетін еді. Сен қорықпа», – деп әзілге сүйеп жіберетін. Барлығына «Зейнолла Қабдоловты сағынамын» дейтін. Зекең қалай қайтыс болды, сол күзден бастап Тұрсекең де жалғызсырады…
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жәнібек ҒАЛЫМ