Нью-йорк: қазақ тілін үйрететін орталық

Нью-йорк: қазақ тілін үйрететін орталық

Нью-йорк: қазақ тілін үйрететін орталық
ашық дереккөзі
697
Мұхиттың ар жағында, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында білім алып жатқан жастар қазақ тілін үйрететін орталық ашты. Жат елде өсіп жатқан қазақ балаларының ана тілін ұмытпай, дәстүрі мен мәдениетін білсе деген тілек алыстағы қаракөздерді осындай бастамаға итермелеген. «Болашақ бағдарламасымен АҚШ-қа білім алуға келген кезімде балалардың жаңа мәдениетке тез бейімделіп, өз тілін ұмыта бастайтынын байқадым. Балаларымның күн өткен сайын ағылшын тілін жетілдіріп, қазақ тілін ұмыта бастағанын көрдім. АҚШ-та тұратын қазақтардың басты мәселесі де осы. Олардың балалары өз тілін ұмыта бастаған. Сол үшін біз төл тілімізді үйрететін орталық ашуды ұйғардық. Себебі оған сұраныс бар», ‒ дейді Нью-Йорк университеті журналистика факультетінің магистранты әрі орталық ұйымдастырушыларының бірі Раушан Найзабаева. «English to Kazakh» қазақ тілін оқыту жоспарын Колумбия университетінің студенттері Ақбота Тоқсанбаева мен Айжан Жұматаева дайындады. Ал Нью-Йорк университетінің тағы бір студенті Дархан Мұңайтпасов сабақ өтетін орынды жалға алуға көмектескен. Бұдан бөлек, Қазақ-Америка қауымдастығының төрағасы Қарлығаш Сәрсекеева америкалықтар тарапынан асырап алынған қазақ балаларын да сабаққа арнайы шақырумен айналысты.  Раушанның айтуынша, балаларының қазақша үйренгенін қалайтын отандастарымыз көп. Балалардың да ықыласы ерек. Сабақ барысында тек қазақ тілін үйреніп қана қоймай, қазақтың тарихы мен салт-дәстүрі, мәдениеті туралы да көп мәлімет алуға болады. «Мұнда тұрақты әрі уақытша өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары өз балаларының қазақ тілін білгенін қалайды. Ал қазақ баласын асырап алған америкалықтар баласымен бірге қазақ тілін үйренгісі келетінін айтады. Олар үшін баланың туған жері мен өткені оның өсіп жетілуінде маңызды рөл атқарады», ‒ дейді Раушан. Нью-Йорк қаласында «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттердің ендігі мақсаты – осы жоба аясында қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін ұйым құру.

Серіктес жаңалықтары