Көзі жәудір, көңілі пәс

Көзі жәудір, көңілі пәс

Көзі жәудір, көңілі пәс
ашық дереккөзі
1536
Қазақ халқы ешқашан жетімін жылатпаған. Сондықтан болар, бұрындары қазақта «жетімдер үйі» деген түсінік мүлдем болмаған еді. Бірақ уақыт өте келе «балалар үйі», «жетімдер үйі» деген орталықтар ашыла бастады. Туған перзентінен бас тартатын аналар, ұл-қызын балалар үйінің есігіне қалдырып кететін отбасылар көбейді. Бұған тосқауыл болу қолдан келер ме? Болмысынан бауырмал қазақ жұрты ата-ана қамқорлығынсыз қалған қандасын, кіндіктесін жатырқатпай жақын тартқан халық. Көшпелі өркениеттің көне салты саналатын «әмеңгерлік» те сол көреген көзқараспен сабақтас жатыр. Туыстық дүнетанымы терең қазақ қоғамында бала ата-анасыз қалса да, ағайыннан ажырамаған. Сондықтан да, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мен бала бақытын баянды ету шараларына жұмыла атсалысу қаны қазақ әр азаматтың борышы. Соңғы уақыттарда жетім қалған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларды қорғаншылыққа алу қарқынды жүргізілуде.  Әрбір сәби балдәурен балалық шағының бөтеннің босағасында емес, туған ата-анасының жанында өткенін қалайтыны жасырын емес. Бесіктен белі шықпай жатып-ақ өмірдің ащысы мен тұщысын көрген бүлдіршіндер қамқорлыққа, ыстық ықыласқа, мейірімге зәру. Оларды қамқорлыққа алу – қазақстандықтардың азаматтық парызы. Осы парызды жамбылдықтар жақсы түсінетін тәрізді. Себебі Жамбыл облысында жетім балаларға арналған ұйымдардағы тәрбиеленушілердің саны 50 пайызға дейін төмендеген. Мұндай нәтижеге балаларды отбасылық тәрбиеге берудің арқасында қол жетіп отыр. Облыстық білім басқармасының дерегінше, соңғы 5 жылда өңірде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 2 мекеменің есігіне қара құлып салыныпты. Ал отбасылық үлгідегі балалар үйлерінің саны 15-ке жетіп, онда қазір 63 бала тәрбиеленуде. Үстіміздегі жылдың басынан бері облыс бойынша 78 баланы отбасылар асырап алған. Бүгінгі күні өңірдегі 1500 асыранды баланың 1126-сы қорғаншылық пен қамқоршылықта болса, 139-ы патронаттық тәрбиеде. Деректерге сүйенсек, жыл сайын алты мыңнан аса бала Жасөспірімдерді бейімдеу орталықтары арқылы асырап алуға, қамқорлыққа және патронаттық тәрбиеге беріледі. Сонымен қатар, туған ата-аналарына қайтарылады немесе жетімдер мен ата-анасының қорғауынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге жіберіледі. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелердің ата-анасы анықталмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың қорғаншы және қамқоршы органдары сәбилерді бірден отбасыларына тәрбиеге бере алады. Айта кететін бір жайт, елімізде ең алғашқы болып жетімдер үйін жапқан – Қызылорда облысы. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен шаһарда «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы ашылды. Балалар ауылын салудағы негізгі мақсат – мұндағы тұрмысты отбасылық жағдайға барынша жақындату арқылы балалардың қоғамға, қазіргі өмірге бейімделуіне жағдай жасау. Бүгінде балалар ауылы осы міндетін жақсы атқарып жатыр деуге толық негіз бар. Сонымен қатар, жуырда Алматы облысы, Талғар ауданының құзырлылары да жақсы жаңалық жеткізді. Талғар ауданының прокурорлары перзентханадағы тастанды балаларды жетімдер үйіне жібермей, бірден ата-ана қолына табыстауды қолға алды. Заң бойынша анасы перзентханада бас тартқан балалар бір ай бойы дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс. Кейін олар жетімдер үйіне жіберіліп, әрмен қарай олар туралы ақпарат арнайы базаға енгізіледі. Десе де, мұндай ұзақ рәсімді жеңілдетуді Талғар ауданының прокурорлары қолға алған. Бүгінде Талғар ауданында 28 отбасы аталмыш жоба аясында бала асырап алуға ниеттеніп отыр. Жоба тиімділігін көрсетсе, олардың саны арта түспек. Биылғы шілде айында Алматы қаласындағы 8 баласы бар отбасының балалар үйінен 5 бірдей жетім баланы асырап алғандығы көптің көзіне жас үйірген болатын. Қамқор жандар әр баланың өз отбасы болып, үйде тәрбиеленуі керек дейді. Олар балалар үйі тәрбиеленушілерінің санын азайту үшін тың жоба ойластырып қойған. Оған «Туған үй» деген атау да беріпті. Биыл іске қосылған «Бала асырап алушы отбасы» бағдарламасы арқылы алматылық ерлі-зайыпты Кумашевтар жанұясы өзгелерге үлгі көрсетті. Қазір балалардың барлығы бір шатыр астында тату-тәтті өмір сүруде. Перзентке зәру емес Кумашевтардың өздерінің туған 8 баласы мен 5 немересі бар екен. Ал жетімдерді асырап алу туралы ой ерлі-зайыптыларға бұрыннан келген. Олар бүлдіршіндерді үйде тәрбиелеп, үлкен өмірге бейімдеуді көздеп отыр. Өзгенің баласын өзектен теппей, бауырына басқан әулет енді 5 бүлдіршінді қатардан қалдырмай, жетілдіруді өз мойындарына алған. Алдағы уақытта «Туған үй» атты жобаны жүзеге асырып, тағы да 5 балаға дейін асырап алуды қолға алмақ. Ерекшелігі, мұнда балалар ата-ананың аялы алақанын сезініп, үй тәрбиесін көреді. Тек, жобаны толық жүзеге асыру үшін қайырымды жандардан көмек қажет екен. Қазақстанда жетімдер үйіндегі балалардың санын азайтуды ойлаған отбасының бұл ісі құптарлық. Өйткені бала асырап алғандар жылына 150 баланы жетімдер үйіне кері қайтарады. Олар өздерінің бұл әрекеттерін мінез-құлықтың сай келмейтіндігімен байланыстырады. Қазір бала асырап алғысы келетіндерге де үкімет тарапынан шектеулер алынған. Жыл басынан бері, елімізде жетім балалардың деректері жиналған сайт іске қосылды. «Усыновите.кз» сайтында 5 мыңнан астам анкета толтырылған. Онда балалардың  фотосуреттері және видеолары, олардың қызығушылығы мен мінездемесі көрсетілген. Айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын депутат Тұрсынбек Өмірзақов балалар үйлерінің бәрін жабу керек деген ұсыныс білдірген болатын. Тұрсынбек Өмірзақовтың мұндай ұсыныс жасауына балалар үйінің тәрбиеленушілерінің өмірде өз орнын таба алмай жүргені себеп болған еді. Балалар үйінен шыққан балалардың тек 10-15 пайызы ғана заман көшіне ілессе, қалғаны теріс жолға түсетін көрінеді. «Қыздардың 40 пайызы жезөкшелікке барса, ұлдардың 60 пайызы қылмысқа барады. Балалар үйінің  жетекшілері бүлдіршіндерді патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейді. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады. Еліміздегі  жетімдер үйі тиімді жұмыс жасай алмай отыр. Жетімдер үйі мүлдем жоқ  елдерді мысалға алуға болады, айталық, Израильде халықтың менталитетіне сәйкес, балалар үйі жоқ. Ұлыбританияда да жетімдер үйі жоқ, оларда жетімдер отбасыларға беріледі», – деген болатын Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов. Сол кезде бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі де екіге жарылған еді. Әрине, жетімдіктің тауқыметін тартып жүрген балаларды паналататын балалар үйін мүлдем жауып тастау мүмкін болмас. Дегенмен, мұндай орталықтардың саны азайса, оған қуанатындар көп. Қазіргі уақытта жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының саны бойынша Қарағанды облысы бірінші орында тұр. Екінші орында – Шығыс Қазақстан облысы, ал үшінші орында – Қостанай облысы. Қарағанды облысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны мыңнан асады. Бүгінде жетімдер үйін және ондағы балалар санын азайту үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Осының нәтижесінде, былтырғы жылы Қарағанды облысында жетімдер үйіндегі тәрбиеленушілер саны екі жүзге азайды. Шығыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдардың жұмысының нәтижесінде өткен жылы екі мекеме жабылып, екі мекеме қайта құрылды. Ресми деректерге жүгінсек, жыл сайын балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 10-11 пайызға азайып келеді. Бүгінде елімізде 27 мыңға жуық жетім болса, оның 19 мыңнан астамы асырап алынған. Ал 1832 бала патронаттық тәрбиеде. Тағы 7000-ға жуық бала жетімдер үйінде өз отбасыларын күтіп жүр.

Серіктес жаңалықтары