208
Халықаралық санкция қатаңдай түсті
Халықаралық санкция қатаңдай түсті
Бүгінде санкцияның шырмауына түскен Ресей «суға кеткен тал қармайдының» күйін кешуде. Еуроодақ елдері мен АҚШ-тың тарапынан салынған түрлі санкция шетелде есепшоттары бар ресейлік кәсіпкерлердің алшаңдап жүруіне кедергісін келтірді де. Тіпті, Ресейдің көптеген тауарлары сыртқа еркін шығу мүмкіндігінен қағылды. Бірақ көрші ел одан сабақ алып жатыр ма?
Мәселен, биыл көктемде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: «Ресей Қырымды қайтармайынша, санкция сақталады» дей келе, АҚШ Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігінің қол сұғылуына қарсы екенін жеткізген еді. Яғни, АҚШ 2014 жылдың 16 наурызындағы референдумды, халықаралық құқық заңдарын аттаған Ресейдің Қырымды аннексиялауға деген талпынысын да мойындамайды, керісінше Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігінің сақталғанын қалайды. Ал қыркүйекте Еуроодақ Украина егемендігіне «қол сұғуына» себепкер деген тұлғалар мен ұйымдарға қарсы санкцияларды ұзартты. Шектеу мерзімі тағы алты айға – 2018 жылдың 15 наурызына дейін жалғасатын болды.
Жаңартылған санкция тізіміне 149 жеке тұлға мен 38 заңды тұлға енген. Олардың ішінде ресейлік саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, сонымен бірге Донецк мен Луганск халықтық республика басшылары мен сепаратистер бар. Ресейдің АҚШ-тағы жаңа елшісі Анатолий Антонов та санкция тізімінде.
Шетелдік ақпарат құралдарының жазуынша, АҚШ-тың Ресейге бағытталған санкциялары Nord Stream-2 құрылысын салуға айтарлықтай кесірін тигізбесе де, осы жобаның жетекшісі «Газпром» несие алуда түрлі қиындыққа тап болуда.
«Газпромның» Nord Stream-2 мен «Түрік ағысы» газ құбырының құрылысы арнайы келісім-шартпен бекітіліп, қаржылық кестеге сай негізделген. Дегенмен жобаны несие есебінен қаржыландыруды жүзеге асыру ісі шиеленісе түскен. Шілде айында АҚШ-тың Конгресінде қабылданған «Ресейге қарсы санкцияны енгізу туралы» жаңа заңда «инвестиция құятын компаниялар мен банктер Ресейден тартылатын экспорттық құбыр желісінің құрылысына несие береді немесе құрал-жабдық жеткізіп, қызмет көрсетеді» делінген. Егер жоба Ресей аумағы бойынша көмірсутегін жеткізуді транзит бойынша іске асырса, оған санкция салынбайды. Айтпақшы, бұл санкцияның қазақстандық мұнайды Новороссийск қаласына жеткізетін Каспий құбыр консорциуымына қатысы жоқ екенін айта кеткен жөн.
Ресей АҚШ салған санкцияның екі ірі газ құбырын тарту құрылысына титтей де бөгет бола алмайтынын жеткізді. Мамандардың айтуынша, Nord Stream-2 мен «Түрік ағысы» газ құбырының құрылысы жөніндегі келісімдер АҚШ қабылдаған заңға дейін бекітілген. Сондықтан Nord Stream-2 жобасын «Газпромның» батыстағы серіктестері – Shell, Engie, Uniper, Wintershall и OMV қаржыландырса, «Түрік ағысы» жобасын «Газпромның» өзі инвестициялық бағдарлама арқылы қолға алған. Десе де, қазір екі жобаның құрылысын жобалық қаржыландыру несиесі банк тарапынан қадағалауда әрі құрығы ұзын санкцияның бақылауында тұр. Сол себептен жобалық қаржыландыру кезінде америкалық және еуропалық банктер тізімнен автоматты түрде шығып қалуы мүмкін. OMV басшысы Райнер Зеле Nord Stream-2 жобасының қатысушылары келісімдерін азиялық және ресейлік банктермен бірге жүзеге асыруына тура келді деді. Дәл осы жоба құрылысының құны 10 мдрд еуро деп бағаланса, соның 70 пайызын әлгіндей алпауыт серіктестердің қаржы көздерін тарту арқылы салу көзделген. «2019 жылы іске қосылады» деп жоспарланған Nord Stream-2-нің қуаты жылына 55 млрд текше метр. Десе де газ құбырының уақытында пайдалануға берілуіне санкция әлі талай рет салқынын тигізуі әбден мүмкін.
Еурокомиссия қараша айының ортасына таман теңіз газ құбыры үшін жаңа заңнамалық құжаттың нұсқасын ұсынбақ. Егер құжат қабылданса, Еуроодақтың үшінші энергияпакеті нормасы бекітіліп, «Газпромның» әрі қарай Nord Stream-2 құбырына иелік етуіне шектеу қойылуы мүмкін. Сондықтан оның екінші жолы бар, ол – құбыр желісін басқаруды тәуелсіз операторға беру.
BGP Litigation өкілі Денис Дурашкин үшінші энергопакет нормаларын Еуроодаққа кірмейтін аумақта тарату күмәнді бастама әрі теңіз құқығын пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына да қарсы деп есептейді. «Егер бұл заң жүзінде болса, Еурокомиссия Еуропа кеңесі, яғни осы жобаға мүдделілік танытқан Германия тарапынан қолдауға ие болуы керек. Ал түзетулер күшіне енсе, «Газпром» Nord Stream-2 жобасын бақылауды жеке газ-транспорттық компанияға беруі тиіс немесе жобадан біржола бас тартуы қажет» деп түсіндірді Денис Дурашкин.
Алайда Ресей Еуроодақтың бұл заңнамасына көне ме, жоқ па, маңызды емес. Егер алып көрші халықаралық деңгейдегі жобаларды тізгініне алуды жалғастыруды көздесе, АҚШ пен Еуроодақ енгізген санкцияларды айналып өте алмайды, өтуі мүмкін емес те. Сондықтан әзірге сол елдердің заңына бағынып, әрекет етуге мәжбүр.