209
ЮНИСЕФ-тің «Ұлттық ізгі ниет елшісі» тағайындалды
ЮНИСЕФ-тің «Ұлттық ізгі ниет елшісі» тағайындалды
Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ЮНИСЕФ бұл атақты 1954 жылдан бері тағайындап келеді. Осылайша, Ұлттық ізгі ниет елшісі болған танымал мәдениет, спорт, әдебиет қайраткерлері өз елдерінде балалардың құқықтарын қорғауға күш салады. Ұлттық ізгі ниет елшісі етіп тағайындау арқылы балалардың мәселелеріне белгілі адамдардың назарын аудару көзделеді. Мәселен, аталған құрметті атақ Аргентинада Лионель Мессиге, ал Ұлыбританияда Дэвид Бекхемге бұйырған. Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитныйдың айтуынша, бұл атақты жеңіп алу үшін танымал болу жеткіліксіз. «ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері балалардың құқықтарын ілгерілетуге, ЮНИСЕФ-тің басты құндылықтарына және миссиясына риясыз адалдығын көрсетеді. Біз үміткерді көп іздедік. Динара - дәл осындай адам. Біз көзқарастарымыз және мақсат-ниеттеріміз толығымен бір жерден шыққанына қуаныштымыз», - дейді Юрий Оксамитный. Динара Сәдуақасова өз сөзінде Ұлттық ізгі ниет елшісі болып тағайындалудың бар жауапкершілігін түсінетінін атап өтті. «ЮНИСЕФ-тің маған сенім артқанына ризамын және осы сенім үдесінен шығу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасайтыныма сенідіргім келеді. Балалар қамқорлық пен мейірімге бөленіп, өз пікірін ересектерге жеткізе алуы үшін барлығымыз бірігіп, нәтиже шығаруды қалаймын», - дейді шахматшы бойжеткен. Биыл ЮНИСЕФ ұйымымен Динара бірлесе шараларды өткізіп, Маңғыстау облысына сапар шегіп келген. Нақтырақ айтқанда, ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа, отбасылық типті балалар ауылына барып, олардың өміріне қатысты өзекті мәселелерін біліп қайтқан.