232
Нығматулин Атамбаевтың айтқандарын "түкке тұрғысыз" деп бағалады
Нығматулин Атамбаевтың айтқандарын "түкке тұрғысыз" деп бағалады
Мәжіліс төрағасы Нығматулин қырғыз президенті Атамбаевтың айтқандарын "түкке тұрғысыз" деп бағалады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың бүгін Бішкектегі резиденциясында қорытынды баспасөз мәслихатында айтқандарын "жауапсыздық әрі бос сөз" деп бағалады.
Нығматулиннің сөзіне қарағанда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "басқалардан гөрі, Қырғызстан халқын қолдап, көмектесіп отыр".
"Қырғызстан халқы да Қазақстан басшысын әрдайым жылы қабылдап, алғысын айтып отыратынын білемін. Сондықтан, Атамбаевтың бұл "түкке тұрғысыз", популистік әрі жауапсыз мәлімдемелері бауырлас халықтардың қатынасына кесірін тигізе алмайды", - деді Нығматулин.
"Атамбаевтың өзіне келер болсақ, президент болған жылдары ол экономикада, саясатта да ешқандай нәтижеге жете алмады. Ал кетіп бара жатып, саяси, сосын ішкі мәдениеттен жұрдай екенін көрсетіп қойды", - деп мәлімдеді Қазақстан парламенті төменгі палатасының төрағасы Нығматулин.
Қырғызстан президенті қызметінен кетіп жатқан алмазбек Атамбаев Бішкекте 20 қарашада өткізген қорытынды баспасөз мәслихатында Ресей басшысы Владимир Путиннен "қырғыз-қазақ дағдарысына" араласпауын сұрады. Қазақстанмен шекарадағы жағдай туралы айтқан Атамбаев "блокада" сөзін тағы қолданды. Бұған қоса ол көршілерге "болашаққа жақсы сабақ бергеніне" өкінбейтінін мәлімдеді.