219
Атамбаев: "Қазақстанмен жағдай түзеледі"
Атамбаев: "Қазақстанмен жағдай түзеледі"
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайдың дұрысталатынына сенімді екенін мәлімдеді. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Атамбаев бұл туралы Бішкектегі "Ала-Арча" резиденциясында өтіп жатқан президент ретіндегі қорытынды баспасөз жиынында айтты.
"Қазақстанмен байланыс дұрысталады. Бұл Астана үшін де, бірінші ретте Ресей үшін де керек. Мен дұрыс істедім деп ойлаймын. Біздің ішкі ісімізге араласуға болмайтынын ескерттік. 2010 жылғы сайлауда Қазақстанның қауіпсіздік комитетінің кеңесшісі әркімге ақша таратқан. Кейін біз оның елге кіруіне тыйым салдық. Енді мұндай қайталанбайды. Қазір өз еліңнен гөрі, өзге елдегі жағдайды шайқалту оңайырақ болып тұр. Екі күн суды тоқтатып ек, шекараны бірден ашты. Мен жақында досым, Ресей президенті Владимир Путинмен жолыққанда "Еуразия экономикалық одағының келешегіне бақылаушы ретінде қарап отыруға болмайды" деп айттым", - деді Атамбаев.
Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті қызметіне 2011 жылдың 1 желтоқсанында кіріскен. 15 қазанда сайлауда жеңген Сооронбай Жээнбековті ұлықтау шарасы 24 қарашада өтеді.
7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын.
Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтып, Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінген.
Өткен аптада Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының атына тағы да сын айтып, Қырғызстан Қазақстан билігінің "өзімбілемдігі" салдарынан бір айдан астам уақыт ЕАЭО-мен байланысын үзгенін мәлімдеген.