1061
Серпіліс қарсаңындағы "Серпін"
Серпіліс қарсаңындағы "Серпін"
«Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2018 жылдан бастап солтүстік облыстарда магистратура оқуға гранттар бөлінеді. Алайда солтүстік облыстарда білім алған серпіндіктердің бірқатары оқуы аяқталған соң ауылдарына қайтуды ойлайды.
Биыл «Серпін-2050» бағдарламасымен оқуға түскен алғашқы түлектер диплом алды. Бұл жоба негізінде еліміздің 9 облысында – Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды және Атырау облыстарында оңтүстік жастарын оқытуға гранттар бөлінген. Қолына дипломын алған серпіндік түлек Сымбат Ершора: «3 жыл Оралда оқып, білім алдым. Бізге алғашқы курс оқып жүргенде, 64 мың теңгедей қыс мезгілінде қаржы төледі. Жер ауыстырғандықтан басында біраз үйренісе алмай қиналдық. Биыл міне, диплом алдым. Орал қаласында қалғым келмегендіктен, өзім жұмыс тауып алатынмды айтып, қайтып кеттім. Бірге оқыған серіктерім жұмыспен қамтылып, Оралда қалып жатыр. Бұл бағдарлама біздің еліміздің үлкен жетістігі», – дейді. Бағдарлама негізінде бастапқыда 7 университет, 25 колледж талапкерлерді қабылдаса, бүгінде оқу орындарының қатары 22 университет, 54 колледжбен толыққан. Бағдарлама аясында елімізде сұранысқа ие көптеген мамандықтар оқытылады.
Биыл, 2017-2018 оқу жылына «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша 4513 грант бөлінген. Жобаға талап бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары ғана қатысқан. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Азиза Қалдыбаева: «Қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Бізді оқуымыз аяқталған соң жұмыспен қаматамасыз етеді. Өз басым, магистратура да оқығым келеді», – дейді. Сондай-ақ, студент бағдарламаның оңтүстіктегі жұмыссыздар санын азайтуға айырықша үлесі бар екендігін білсе де, алайда кейбір жастардың дипломы бола тұра жұмыссыз жүргеніне таң қалады. Ал серпіндік жастардың арасында солтүстіктен сүйгенін тауып, отбасын құрғандар да жоқ емес. Солардың бірі Алматы облысының тумасы Елдан Болатұлы: «2014 жылы осында оқуға түстім. Болашақ жұбайыммен сол жылы танысып, бір жарым жылдан кейін отбасын құрдық. Алла сәтін салса, осы қалада еңбек етсем деген ойым бар», – дейді. Оның айтуынша, биыл Риддер қаласындағы колледжде «техник-металлург» мамандығы бойынша білім алған 22 студенттің бәрі жергілікті кәсіпорынға жұмысқа орналасқан.
Бүгінде «Серпін-2050» бағдарламасымен еліміз бойынша 12 мыңға жуық студент білім алуда. Олардың 1500-ден астамы Павлодар облысында оқиды екен. Солардың бірі – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің 4 курс студенті Тәжібаев Дарын Нұржанұлы. Жамбыл облысының тумасы бүгінде солтүстіктегі белсенді де, беделді жастардың бірі. «Өзімді өзгерту үшін, тұлға ретінде қалыптасу үшін «Серпінмен» оқуға таңдау жасадым. Қазір «Серпін іскерлері ұйымының» Павлодар облысы бойынша төрағасымын. Бүгінде бұл облыстағы серпіндіктер 8 университетте білім алады. Көбісінің осында қалғысы келеді. Алайда жақын туыстары жоқ, тұрғылықты жері болмаған соң көбі алаң көңілмен ауылдарына қайтысқы келеді», – дейді. Оның айтуынша, жастардың арасында «ұлттық саясаттың негізін түсініп, солтүстіктен басқа аумақтарға, тіптен шетелге көшіп жатқан адамдардың орын толтырып, өңірдегі жетіспей жатқан жұмыс күшін толықтыруды ойлайтын, солтүстіктегі ұлттық демографияға үлес қосып, қоныстанып қалуды ойлайтындар да» бар екен. Бұдан бөлек, екі өңірдегі адамдардың басты ерекшеліктері туралы сұрағанымызда студент: «Солтүстіктің адамдарынан ұқыптылықты, жауаптылықты үйренуге болады. Бәрі уақытты сыйлайды. Автобус та аялдамаға кешікпей келеді. Қоғамдық көлікте жасы үлкендеу адамға орын берсеңіз ренжіп қалады екен. Көздерінен «Кәрі көрініп тұрмын ба?» дегендей сұрауды байқайсың. Бұл батыстық менталитеттің ұшқыны деп білемін. Менің ойымша, солтүстікке оңтүстіктен келген жастар болашақта, Павлодорда – ұқыпты, сыпайы, пысық адамдардан құралған, екі өңірдің ерекшеліктері тоғысқан жаңа қоғамдық орта қалыптастырады деп білемін», – дейді.
2018 жылдан бастап, магистратурада білім алуға гранттар бөлінеді. Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте: «Бүгінгі күнде жастарға солтүстік облыстарына барыңдар дейміз. Олар барады, оқиды. Тамағын ішеді, жатады. Екі-үш жыл жүргеннен кейін тұрақтайтын жері жоқ. Не жұмыс, не тұрақтайтын ағайын-туыс жоқ. Ауылын сағынады да қайтып келеді. Бірен-сараны қалар, бірақ негізінен қайтып кетеді. Екі-үш жылдың ішінде ол кішкене мамандық алды, бейімделді. Ал бірақ, дегенмен де, жүрегі қайта тартып тұрады», – деген еді. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша Бақытжан Сағынтаев солтүстіктегі өңірлерден келген әкімдік өкілдеріне жастарға жағдай жасау жағын қарастыру қажеттігін тапсырған болатын. Серпіндіктердің алдын кес-кестеген бұл мәселелердің де көп ұзамай өз шешімін табатынына сенімдіміз.