449
Туристік бағдарлама әзірленбек
Туристік бағдарлама әзірленбек
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Ұлы Жібек жолын басып өтетін туристік бағдарлама әзірлеуде. «Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясы барынша киелі де қасиетті өңірлерді, ежелгі ескерткіштерді тамашалауға арналған.
«Қазіргі уақытта «Kazakh Tourism» бағдарламасы жасақталуда. Біз оны алдағы жылы әйгілі жиһангез Яцек Палкевичпен бірге таныстырамыз. Осы бағдарламаның базасы бойынша Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Ресейдегі әріптестерімізбен ұлтаралық туристік өнімдерді әзірлейтін боламыз. Себебі Өзбекстан арқылы Қазақстанның да туризмін дамытуды көздеп отырмыз», – дейді «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев. Ол өз сөзінде Өзбекстандағы көптеген тарихи ескерткіштер Әмір Темірдің арқасында сақталып қалғанын айта келе: «Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, көптеген ескерткіштер жойылып, орыны ғана қалған. Бірақ бізде көшпенділерден қалған бай мәдениет бар. Киелі де қасиетті жерлер де жетерлік. Халық бұрынғы наным-сеніммен ол жерлерге тәу етеді. Яцек жүріп өтетін жолды біз туристік бағдарға айналдырып, Қазақстанның ішіне де, сыртқы елдерге де танымал еткіміз келеді. Ойлап қарасаңыз, сонау Маңғыстаудағы халық Шығыс Қазақстанның көркем табиғатын өмірі көрмеуі мүмкін. Сондықтан, барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Осы ретте Яцек Палкевичтің әлемдік абырой-атағы біздің туризмнің дамуына оң серпін беруі керек», – дейді ол.
2018 жылы сәуір айында Қытайдан аттанып, маусымда Польшада мәресіне жететін «Жаңа Ұлы Жібек жолы» халықаралық экспедициясы Қазақстанның киелі жерлерін басып өтуді жоспарлап отыр. Экспедицияның жетекшісі – әлемге әйгілі жиһангез Яцек Палкевич.