Аңызға айналған абыз

Аңызға айналған абыз

Аңызға айналған абыз
ашық дереккөзі
345
Қасиетті сөз өнерінің ұлтты тәрбиелеудегі рөлі ешқашан маңызын жойған емес. Сондықтан да қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің сүбелі туындыларын жас ұрпаққа үлгі етіп ұсыну – әрдайым өрісті өнеге болып қала бермек. Осы орайда қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Әбіш Кекілбайұлының шығармаларын жастарға оқытып, сол арқылы олардың танымын тереңдету – халқымыздың болашағына тек пайдасы тиетін ізгі іс. Өйткені ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде еңбек етіп, ұлттық көркемсөздің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген зергер жазушының шығармашылығы сан салалы. Арамыздан кеткеніне екі жылдай уақыт болған Әбіш Кекілбай­ұлын еске алу мақсатында түрлі шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі – өткен аптада Маңғыстау облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек ері Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған «Аңызға айналған Абыз» көркемсөз оқу шеберлерінің  ІІ Республикалық байқауы. Қазақ әдебиетінің насихатталуына пайдасы мол бұл байқаудың мақсаты – Әбіш Кекілбайұлын еске алу, шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, талапты, талантты жастарды іздеп табу болатын. Байқауға облыстардан және Астана, Алматы қалаларынан  20-30 жас аралығындағы 15 үміткер қатысып, Әбіш Кекілбайдың мағынасы терең, тілі көркем шығармаларын нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Әбіш Кекілбайұлының прозалық, драмалық  шығармасынан үзінді және Әбіш Кекілбай­ұлына арнау өлең оқудан бақ сынаған оларды әділқазылар алқасы жауаптарының мазмұны мен ерекшелігі және тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне қарай бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Өңшең талантты жастардың өнері сарапқа салынған бұл байқауда бас жүлдені Ғылымқал Манайұлы (Шығыс Қазақстан облысы), бірінші орынды Асланбек Шығыров (Батыс Қазақстан облысы), екінші орынды Хайдар Қуанғалиев (Атырау облысы), үшінші орынды – Гүлзат Қайыргелді (Ақмола облысы) иеленсе, ынталандыру сыйлығына Айсұлу Нұртай (Қарағанды облысы) қол жеткізді. Сол сияқты өзге облыстан келген қатысушылар Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қаламынан «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң» секілді романдар мен «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы» секілді повестер және әдебиет пен өнер, тарих пен мәдениет туралы көптеген мәні терең мақалалар  туып, әдебиетіміздің әлемдік деңгейге көтерілуіне үлкен әсер еткен Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығының кең насихатталуы – әрдайым ұлт руханиятын жаңғыртып, жаңартар құбылысқа айнала берері хақ.

Серіктес жаңалықтары