413
Жаңа жобаларға жол ашқан
Жаңа жобаларға жол ашқан
Экономикалық дамуға баса назар аударып отырған еліміз айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп келеді. Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда ішкі жалпы өнім 2017 жылдың қаңтар мен қазан айлары аралығында 4 пайызға өскен.
Өткен 10 айды қорытындылаған ҚР Ұлттық экономика министрлігі ел дамуының әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін шығарды. Ведомство ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік пен байланыс сияқты салалардың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 105 пайызды көрсетті. Негізгі капиталға тартылған инвестицияда 6,5 пайыздық өсім байқалады. Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанға шетелден 10 миллиард доллар инвестиция тартылды. Әсіресе тау-кен, сауда, көлік және өңдеу секторына инвестициялық қызығушылық ерекше артып отыр. Ал алдағы 5 жыл ішінде елімізге сырттан тартылатын инвестиция көлемін 118 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.
Сарапшы мамандардың айтуынша, экономикалық өсім мен инвестиция көлемінің артуына Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын қарқынды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жетті. Аталмыш бағдарламаның нәтижесінде елімізде өнеркәсіптік өндіріс көлемі де 6 пайызға артып отыр. Яғни, биылғы 9 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,5 триллион теңгені құраған. Жыл соңына дейін Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 80-нен астам жобаны іске қосу жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 10 мың тұрақты жұмыс орындары ашылуы тиіс. Жалпы бағдарлама қолға алынған 7 жылда 101 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі де 2 пайызға өсті. Енді ауыл шаруашылығы саласын одан əрі дамыту үшін ауыл шаруашылығы кооперациясы, аграрлық қайта өңдеу, тұқым шаруашылығы, азық өндіру сынды бірқатар бағыттарды қамтитын 10 карта əзірленген. Бұған қоса тағы 3 карта дайындалу үстінде. Қайта өңдеуді дамыту үшін 79 жаңа зауыт салып, 80 кәсіпорынды қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұл шаралардың нәтижесінде сүт өнімдерін өңдеу көрсеткіші шамамен 50 пайызға артады. Сондай-ақ, шалғайдағы қой шаруашылығын дамыту ісі де қолға алынған. Нәтижесінде мал саны 2021 жылға қарай 2,7 миллион басқа артып, қой шаруашылығының өнімі екі есеге ұлғая түспек.