«Алаш» қозғалысының тарихи сабағы

«Алаш» қозғалысының тарихи сабағы

«Алаш» қозғалысының  тарихи сабағы
ашық дереккөзі
2372
  «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай еліміздің бас қаласы – Астанада «Алаш – қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алаштың 100 жылдығына арналған конференция жұмысының өтуіне Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мұрындық болды. Конференция Алаш зиялыларының идеясын, қажыр-қайратқа толы тағылымды ғұмырын ұрпақ тәлім-тәрбиесінің өзегіне айналдыру, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында әлемдік ғылым-білім мен руханияттың заңғар биігіне сай сан-салалы іргелі еңбектерін жан-жақты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Алаш арыстарын ардақтауды мақсат еткен конференция жұмысына республиканың түкпір-түкпірінен алаштанушы ғалымдар, елшілік өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, білім ордаларының оқытушылары, қоғамдық ұйым өкілдері, ғылыми-зерттеу және мәдениет орталықтарының өкілдері, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Бірнеше бөлімнен тұратын конференцияда Алаш қозғалысының тарихнамасы және мәселелері, мемлекеттілік туралы Алаш идеясы, Алаш және рухани жаңғыру идеясы талқыланды. Келелі жиынның алғашқы секциясында Мимар Синан көркем университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газеті мен Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналының тіл саясаттарындағы айырмашылықтар және себептеріне тоқталды. Одан бөлек «Алаш» либералдық-демократиялық қозғалысының бүгінгі заманғы тарихнамасы, Алаш қайраткерлерінің әйел теңдігі мәселесіне назар аударуы, Алаш қозғалысының түркістандық өкілдері, Сәкеннің Алаш арыстарымен сыйластығы, Омбы архивіндегі Алаш зиялылары туралы деректер, Алаш зиялыларының еңбектеріндегі ауызша тарих дәстүрі, Алаш қайраткерлерінің қоғамдық ғылымдар мәселелеріне қатысты еңбектері, «Алашорда» үкіметі тарихының кейбір мәселелері қарастырылды. Конференция барысында Алаш автономиясының құрылуындағы ұлт зиялыларының атқарған тарихи қызметімен қатар қазақ елін рухани және мәдени жаңғыруға бастаған қадамдарының маңызы, ұлттық мемлекеттілік сынды мәселелер кеңінен талқыланып, алдағы уақытта орындалуы тиіс міндеттер төңірегінде ой қозғалды. Шараға қатысушылар қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарған Алаш арыстарының сан салалы рухани және ғылыми мұраларын, қайраткерлік тұлғаларын кеңінен насихаттау арқылы ұлт тәуелсіздігінің рухани және саяси тұғырын бекіте түсудегі көкейтесті мәселелерге ерекше тоқтам жасады. Ғылыми конференцияда ұлт тәуелсіздігінің тарихи тағылымына және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына назар аударылып, Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілік сананы қалыптастырудағы ерен еңбегінің бүгінгі талаппен ұштасатыны айтылды. Аталған мәселелерге ерекше назар салған ғылыми конференцияға қатысушылар жиын соңында өздерінің ұсыныстарын жеткізді.        

Серіктес жаңалықтары