Алматыда жеке көлік азая ма?

Алматыда жеке көлік азая ма?

Алматыда  жеке көлік азая ма?
ашық дереккөзі
233
Соңғы жылдары Алматы қаласына құйылып жатқан инвестиция көлемі артып келеді. Шетелдік инвесторлар келісім-шартқа қол қойып, өзара әріптестік орнатуға асық.Таяуда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Гонконгқа жұмыс сапары барысында өңірдің мемлекеттік және іскер мамандарымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Ламмен жүздесті. Ол инновация саласы мен инвестиция тарту бойынша ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласып қайтты. Тараптар инвестициялық және туристік салалар бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, қала құрылысы саласы мен смарт-технологияны енгізу бойынша тәжірибе алмасты. Кездесу барысында Кэрри Лам Алматы экономикасы Гонконгтағыдай түрлі сервистен, саудадан, қаржы қызметі мен логистикадан құралатынын, соның арқасында тұрақтылық қамтамасыз етіліп, қала инвестиция тарту үшін тартымды болатынын атап өтті. «Алматы – өңірдің қаржы және мәдени орталығы әрі біздің еліміздің маңызды серіктесі. Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың интеграциялық саясаты арқасында аймақта Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Оның нарығына 180 млн адам енген. Бұл инвесторларға зор мүмкіндік береді. Алматыны инвестиция салуға әбден лайық қала деп санаймын. Кезінде біздің басты инвестициялық саясатымыз – Гонконгке инвестиция тарту еді, ал қазір біз инвестицияны басқа елдерге салатын өз компанияларымыз бен кәсіп­орындарымызды ынталандырып келеміз. Біз жаңа нарықты іздеудеміз және инвестиция салу үшін есігімізді айқара ашамыз. Инвестициядан өзге екі жаққа да пайдалы туристік ағымдар бар. Экономикалық субъект болғандықтан біз Қазақстанмен, соның ішінде Алматымен мәдениет, білім, сауда және экономикалық салалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ынталымыз. Өз тарапымнан екі жақты байланыстың дамуына ықпал етемін», – деді К.Лам. Алматы әкімі Бауыржан Байбек қалада инвестиция мен гонконгтік компаниялардың тәжірибесін қажет ететін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың қолға алынғанын атап айтты. «Бүгінде Қазақстанда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін Елбасының бастамасымен «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асуда. Президент «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын енгізуді алдымызға міндет етіп қойды. Қазіргі кезде Алматыда «Smart city» жобасы іске асуда. Оның басты бағыты – қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім, ТҮКШ және көлік реформасы. Бізге Гонконгтың осы салаларда смарт-технологияны пайдалану тәжірибесі маңызды. Бұлардан өзге Алматы инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Егер «Doing Business» рейтингінде Гонконг 4-орында тұрса, әлемнің 190 елінің ішінен Алматы – 36-орында. «Бір терезе» қағидаты бойынша біз Алматыға келген инвесторларға жобаларын жүзеге асыру үшін барлық көмекті көрсетеміз. Орталық Азияның 65 миллиондық, Еуразиялық экономикалық одақтың 180 миллион адамы бар нарығы қызықтыратыны сөзсіз. Егер кәсіпорын Алматыда орналасса, бұлар қожетімді болады. Мысалы, өткен жылы Президент телекөпір арқылы Алматыда Жапонияның «Tokyo Rope» зауытын ашты. Бір тапсырыстың өзі ғана зауытты салуға жұмсалатын шығыннан бес есе артты. Қазір бұл компания өз өнімдерін тек Орта Азияға ғана емес, сонымен қатар БАЭ, Ресейге жіберуде. Бүгінгі күні компания Алматыда үшінші зауытын салуда. Біз гонконгтік инвесторларға да барлық жағдайды жасаймыз», – деді Бауыржан Байбек. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында Гонконгтің инвестиция және технология бойынша хатшысы Николас Янгпен, Қытай өндірушілерінің «The Chinese Manufacturers Association» қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, Алматы делегациясы ғылыми және технологиялық парк жөніндегі Гонконг корпорациясының жұмысымен де танысты. Тараптар стартаптарды дамыту және қолдау, қалалардың экономикалық әлеуетін арттыру мен жоғары технология салаларында жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылады. Алматы делегациясы Гонконгтың жоспарлау және инфрақұрылым жөніндегі көрме галереясында болып, мегаполистер алдында тұрған міндеттер және оларды шешу жолдары туралы әңгіме өрбітті. «Бүгінгі күні Гонконг тұрғындары өте тығыз орналасқан, бір шаршы метр 6 мыңға жуық адамды құрайды. Қаланың жаңа аудандарын жоспарлауда көлікпен қамтамасыз ету маңызды. Гонконгте 7,2 млн адам тұрады. Бір километр жолда 350 машина жүреді. Сондықтан Гонконг тұрғындарының 90 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады. Автомобиль – қымбат, оның үстіне бағасы сағатына 30-40 гонконгтік долларды құрайтын көлік тұрағын табу қиын. Соңғы жылдары қала орталығында көлік тұрағы азайып, экологияны жақсарту шаралары жүзеге асуда», – деп түсіндірді Гонконгті дамыту жөніндегі хатшының орынбасары Лю Чунь Сан. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша келер жылы Алматыда Гонконгтің саудасын дамыту жөніндегі Кеңес өкілдігін ашу туралы келісімге қол жетті. Одан өзге Гонконг пен Алматыда сауда, инвестиция, инновация және шағын және орта бизнес бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен Гонконгтің сауданы дамыту Кеңесі арасында қажетті меморандумға қол қойылды.

«Smart City» жобасына сингапурлық кәсіпкерлер  кіріспек

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Сингапурге барған іссапары барысында сыртқы істер бойынша аға мемлекеттік министр – Сингапурдың оңтүстік шығыс ауданының мэрі Мұхаммед Малик Осман және сол елдің сауда, өндіріс ұлттық даму жөніндегі аға мемлекеттік министрі Ко По Кунмен кездесті. Сингапур елі ұзын сонар көлік кептелісінен құтылудың тың тәсілін тапқан көрінеді. Онда темір тұлпарды тізгіндеген әрбір жүргізуші жүрген жолына ақы төлейді. Билік мұндай қадамға халықтың тығыз орналасуы себебінен кейін барғандығын алға тартады. Бұдан бөлек жаңа жылдан бастап, ескі көліктерді жою бағдарламасының арқасында жеке көлік санын түбегейлі азайтуды қарастыруда. Онда тозығы жеткен темір тұлпар әр 10 жыл сайын жойылады, жаңа автомобиль содан кейін ғана тіркеледі. «Біз қазір ауқымды көлік реформасын жүзеге асырудамыз, смарт шешімдерде Сингапур тәжірибесін пайдаланып, адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартамыз. Алматыда күн сайын 700 мыңнан астам көлік жүруде, соның салдарынан қала трафигіне қысым жасалуда. Біз қоғамдық көлікке ерекше назар аударамыз. Жыл аяғына дейін қала автобус паркінің үштен бірі жаңарады, БРТ дәлізі құрылады, метро құрылысы жалғасады, автобустарға арналған арнайы жолақтар ұзындығы 100 шақырымға дейін жетеді. Көлік тұрақтары қолға алынып, велоинфрақұрылым, жаяу жүргінші аймақтары пайда болуда», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек. Биылғы жылы Алматыда мегаполис инфрақұрылымының басым бөлігі қайта жаңарды. Қаланың тарихи орталығының үштен бірінде жүргіншілерге басымдық берілді. Орталықтандыру қағидасы бойынша қалаға қосылған елді мекендерде балабақша, мектептер мен баспаналар бой көтеруде. Осы ретте, оңтүстік астанадан барған Алматы делегациясы Сингапурдың болжау жобаларына қызығушылық танытқандарын жасырмады. Онда бұқараны сапалы тұрғын үй мен көз тояр инфрақұрылыммен қамтамасыз ету алға қойылған. «Қала аумағын жоспарлауда тұрғындар санына болжам жасау маңызды фактор. Біздің жаңа концепциямызға сәйкес барлық тұрғын үйлердің 90 пайызы саябақтардан жарты шақырым радиуста орналасады. Сингапурдың стратегиясы – жасыл қала, яғни, бақ ішіндегі қала», – деді Сингапур қаласын жоспарлау агенттігі академиясының деканы Сё Ка Пинг. Сингапурде салынған тұрғын үйдің 90 пайызы саябақтан жарты шақырым радиустан аспайды. Соған сәйкес, Алматының айналасын көгалдандыру да мықтап қолға алынып келеді. Келер жылы 15 саябақ пен скверлер қайта жаңғырады. Оның ішінде ботаникалық бақ та жаңа кейіпке енбек. Алматы делегациясы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген және үздік үштікке кіретін Сингапурдың Ботаникалық бақ тектес паркін аралап, қаланың инвестициялық әлеуетімен танысты. Өз кезегінде Сингапур кәсіпкерлері Алматының инвестициялық тартымдылығына ерекше қызығушылық танытып, кейбірі құрылыс, қатты қалдықтарды утилизациялау және инженерлік коммуникация саласы бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірді. Бағдарламаларды әзірлеу және шетелдік компанияларға жоба әзірлеуге көмек көрсететін «Сингапур Корпарейшн Интерпрайз» үкіметтік агенттігі Алматыға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, смарт-технологияны енгізу және қаланың шеберлік жоспарын дайындау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Серіктес жаңалықтары